Қазаққа дау төнсе қалқан-қабырғасы, жау төнсе адырнасы болған, алапат қалам қуатымен шуақты шығармалар тудырған, дәуірдің дімкәс жүрегін дәру сөзімен жудырған қаламгері, «Аласапыран» заманнан бергі алтын қорымызды болашаққа жеткізуші алаугері, жауынгер-жазушы Мұхтар Мағауинге уақыт жетіпті. Иә, жазушы, әдебиет тарихын зерттеуші ғалым, тарихи романдардың авторы Мұхтар Мағауин бұл жарық дүниеден артына өшпес із, өлмес сөз қалдырып өтіп барады.
Мұхтар Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда Семей облысының Шұбартау ауданында дүниеге келген. 1962 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің Филология факультетін, 1965 жылы аспирантурасын бітірген. Әр жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Жазушы» баспасында қызмет істеген. Ғылым академиясына қарасты Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, Мәскеуде Максим Горький атындағы Әдебиет институтында қазақ фольклоры мен қазақ әдебиеті тарихы бойынша лекция оқыған. Жазушы ХV-ХVІІІ ғасырдағы ұмытылған ескілікті қазақ поэзиясын қайыра ашып, ресми әдебиет тарихына енгізген. «Аласапыран» тарихи роман-дилогиясы үшін Қазақ КСР-інің Абай атындағы мемлекеттік сыйлығы берілген.
Халық жазушысының қаламынан көркем прозада «Аласапыран», «Көк мұнар», «Шақан – Шері», «Сары қазақ», «Қыпшақ аруы», «Кесік бас – тірі тұлұп хикаясы», «Жармақ», «Шыңғыс хан», «Алтын Орда» романдары, көсемсөзде «Ұлтсыздану ұраны», «Қазақсыз Қазақстан», «Ұлы Отанымыз – мәңгілік Тұран», «Отарлау эпопеясы» сияқты көркем дүниелер туды.
Оның өзіне ғана тән қолтаңбасы бар-тын. Ғұмыр бойы ізденістен арылған жоқ. Сол ізденіс 5-7 ғасырлық мұра боп, қазаққа қайта оралды. Қазақтың жоғалтқанын тапты, өшкенін тірілтті.
Марқұм Мұхтар Мағауиннің ұлы Едіге: «Қаңтардың 9-ы бейсенбі ақшамда дүние салған әкеміз Мұхтар Мағауиннің жаназасы қаңтардың 11-і сенбі күні сағат 10:00-де түріктің Diyanet Center of America мешітінде (9610 Good Luck Rd, Lanham, MD 20706) оқылады, қонақасы да сол орында 13:00-де беріледі. Жерлеу рәсімі 11:00-де Parklawn Memorial зиратында (12800 Veirs Mill Rd, Rockville, MD 20853) өтеді» деп хабарлама қалдырды.
Қаламгердің артында 30 томдық мол мұра қалды. Бұл мұра ұлттың шамшырағына айналары сөзсіз.
Шырағыңыз сөнбесін, қазақ Абызы!
МЫҢ ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫМЫЗДЫ ТАҢБАЛАҒАН ЖАЗУШЫ
Бес ғасырлық жыраулар поэзиясын туған халқының рухани қазынасына қосқан, мың жылдық тарихымызды таңбалап, көркем шежіресін жасаған классик жазушы, халқымыздың біртуар ұлы Мұхтар Мағауин өмірден озды.
Мемлекет басшысы қаламгердің жары мен балаларының қайғысына ортақтасып хат жолдады, тілеулес пейілін білдірді.
Барша қазақ баласы сияқты біз де бала күнімізден Мағауин шығармаларын оқып өстік. Оның еңсеңді көтеріп, ұлт тарихына мақтанышыңды оятатын рухты шығармаларымен есейдік. Кейін дидарласып, дәмдес те болдық. Белгілі жазушы Дидахмет Әшімхан қаламгермен таныстырғаны есімде. Мұхтар Мағауиннің әйгілі Тоныкөк жазбасына сүйеніп тұрған суреті бар. Құдды бітік тастан тың тыңдап, мың жылдық бабалар өсиетін жүрегіне сіңіріп тұрғандай. Қаламгердің бір ғана бейнесі оның бүкіл болмысын, өмірлік миссиясын ашып көрсетеді. Мұхтар ағаның жарқын бейнесі дәл осы қалпында ұрпақ жадында қалатыны сөзсіз.
Өмірінің соңғы сәттеріне дейін қаламын серік етіп, жазудан танбай өткен классиктың мол мұрасы қашанда туған еліне қызмет ете бермек.
Тұтас қазақ халқына, жазушының әулеті мен туған-туыстарына көңіл айтамын.
Асыл ағамыздың алды пейіш, арты кеніш болғай!
Ерлан ҚАРИН,
ҚР Мемлекеттік кеңесшісі
ОЛ ҚАЗАҚПЕН БІРГЕ МӘҢГІ ЖАСАЙ БЕРМЕК
Қазақ әдебиеті, қазақ өркениеті үлкен қайғылы қазаға ұшырады. Кеше қазақтың көрнекті жазушысы, классигі Мұхтар Мағауин дүниеден өтті. Мұхтар Мағауин дегенде – бұл біздің бүкіл әдебиетіміздің бүтін бір бөлшегі еске түседі. Ол – қазақ әдебиетінің тарихына да, жалпы қазақ тарихына да, бір адамдай еңбек сіңірген жазушы. Оның шығармаларын бүткіл қазақ оқырманы оқыды десек, артық айтқандық емес. Әсіресе, «Қазақ тарихының әліппесі» деген кітабы – кейінгі ұрпақтың өзінің тарихын біліп өсуіне, үйренуіне, сезінуіне, әрбірден соң өзінің қазақ екеніне мақтануына лайық керемет шығарма.
«Аласапыран» романы, одан өзге де әңгімелері, повестері қазақ әдебиетінің қымбат мұрасына айналды. Біз Мұхаң қайда жүрсе де, үнемі «ол кісі не жазып жатыр екен?», «қазаққа қандай жаңа шығарма береді?» деп күтіп отыратын едік. Ол кісі көзі жұмылғанға дейін қолынан қаламын тастаған емес. Қаншама дүниелер жазды, қаншама мол мағлұматты қазаққа беріп кетті.
Мұхтар Мағауин дүниеден өткенімен, ол бізбен бірге мәңгі жасай береді. Оның қаламынан туған көркем дүниелері – мәңгілік құнды мұралар!
Жатқан жері жарық болсын! Мұндай дарынды тума таланттар қазақтың жүрегінен өшпейді. Қазақтың келешек ұрпағы да Мағауинді бағалайды, сонымен өсіп-өнеді, ерекше құрмет тұтатын болады.
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Жазушылар Одағы төрағасы
ҚОШ, МҰЗБАЛАҚ!
Уа, дүние, «қаңтардың 9-ы, бейсенбі күні ақшамда», «айбынды ғұнның, ержүрек түріктің, кемеңгер Шыңғыс ханның, асқақ Алтын Орданың, оған жалғас нұр шұғылалы Алаштың әулеті», «бар ғұмырын жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен» Ол – Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің де «көзі жұмылып», «бұрынғы алапат Бабалары сияқты»:
– Қайырлы болсын Сіздерге,
Бізден де қалған мынау жұрт! –
«өлмес, өшпес мәңгілік» (өз сөзі) сапарға аттаныпты.
Ұлтының рухани тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін Еркін ой аспанында: дауылдар мен жауындарға, найзағай мен жай оғына, тосқауыл мен торға қарамастан, отты көзі жарқырап, қанатын сауыс-сауыс мұз басқан сұсты қалпымен, қашан да шамырқанған өршіл намыспен үнемі рух майданының алғы шебінде атой шаңқылын ойнақтатқан көшпелі қазақ өркениетінің Мұзбалағының қанаты талып, бақилық тыныштыққа ораныпты. Енді алпыс жыл бойы еркіндіктің сұңқары боп қазақ аспанында атой салған Еркін рухтың дауысы қайтып естілмейтіні өкінішті. Қанатының суылы естілмегенімен де, ол биікке көтеріп кеткен қазақтың және қазақ әдебиетінің әбілһаят суына малынған алтын тұғыры шоқтығы жоғары биіктен, өзі айтқандай, «шұғыласын шашып» тұрады. «Күн сөнгенше сөнбейтін» (Сұлтанмахмұт) күндерге бет алған қазақ елінің мәртебесін көтерген рух деңгейі, мәңгілік үні өшпейтін «Қобыз сарыны» болып қалады.
Ол, жиырма алты жасында: отар пиғылды, дәрілқарап дінді, нәсілдік астамшылықты дәріптеп, «халық жауын» әшкерелеген ұрпақтың дойыр дөңайбатына тосқауыл қойып, ұстазы Б.Кенжебаевтың алғауымен: «Қазақ әдебиеті Бұқар жыраудан басталады. Одан бұрын қазақта әдебиет те, мәдениет те болған емес!» – деген нәубетті желеудің «жебеушілеріне» тосқауыл қойып, сөз тарихына «Жыраулар әдебиетінің дәуірі» (ХІ-ХVІІ ғғ.) деген аса маңызды да құнарлы «Заман-ай!» дәуірді, нысаналы пәнді санатқа қосып, санамызға сіңірді. Таңданарлығы, «Қобыз сарыны» монографиясы жарияланған соң, бұл дәуір – жыраулар әдебиеті жаппай жоғары, төменгі сатылардың оқу бағдарламасына енді де, Мағауиннің бұрынғы «оппоненттері» Мағауиннің жеке басына деген «оппозициялық» сұқтарын ұстанып, өздерінің «апологеттік» шендерін қорғаштаумен болды. Марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың: «Қобыз сарыны» үшін Мұхтар Мағауинге «Халық қаһарманы» атағын беру керек. Әлі де кеш емес!» – дейтіні сондықтан.
Бұдан кейінгі «Кешқұрым» әңгімесімен «Жармақ», «Шыңғыс ханның» арасын жалғастырған М.Мағауиннің шығармалары қазақ әдебиетінің алтын өзегінің бірі және берегейі болып табылады. Бұл шығармалардың әрқайсысы М.Мағауиннің өзіне тән күрес, намыс рухында жазылды. Өйткені көп «біздің» ішінен жеке өзінің «Менін» сақтап қалу үшін де өзі айтқандай, «бар ғұмырын жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткізді».
Иә, өкініштің өксігіне булыға отырып:
– Қанатыңнан қайырылдың, қазақ,
Мұзбалағыңнан айырылдың, қазақ, –
деп Мұхтар Мағауиннің барша жанашыр жамиғатына көңіл айтамын. Абай айтқандай, «менікі» өлгенмен, «МЕН» өлмейді.
Қош, бақұл бол, Мұзбалақ!
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
жазушы
МАҒАУИН РУХЫ МӘҢГІЛІККЕ КӨШТІ
Осыдан екі айдай ғана бұрын Атланттың ар жағындағы алыс Америкадан Мұхтар Мағауин ағатайым қоңырау шалып, «Қорғанбек, амансың ба, айналайын?!» деп, ағалық ақ баталы тілегімен алқап, сөз арасында азырақ ауырып жүргенін, сондағы емханада емделіп, жақсы боп қалғанын да айтып еді. Бірақ Едіге ұлы қағаберісте әке сырқатының нашарлығын құлаққағыс етіп үлгерді. Мұндайда қолдан не қайран келеді? Шипасын беруін, алдағы сексен бес сеңгірін әлемдік деңгейдегі классик жазушымыз Алашымен бірге амандықта қарсы алып, асқақтата атап өтуді тілеген едік. Әттең-ай, әттең, сол сеңгірге 22 күн қалғанда Америкадан, Едіге бауырымнан қаралы хабар жетіп, жан дүниемізді күңірентіп жіберді.
Қазақ руханиятында Мұхтар Мағауин атты бөлек әлем бар. Алаш алыптарымен алқаулас, рухтас һәм бауырлас бұл әлемді аса көрнекті жазушы дейтін жадағай, жаттанды сөздер сипаттап бере алмайды. Мағауиннің шығармашылық әлемі құдды қазақтың мың жылдық рухының қызғыш құсындай зар шертеді, ұлттық рух кеңістігін мың жылдық қобыз үніндей әуелете кернейді, сөйтіп исі Алаш баласының тоқсан толғаулы жан күйін толғаған аласапыран ұлы сарынға ұласады. Ұлттық әдебиетіміздің тұтас бір дәуірін жасаған, кеңістігін ілгері-кейінді кеңейткен Мағауин әлемі қазағымен бірге мәңгілік жасай бермек. Атар таңдай ақиқат – осы. Арыстарды, абыздарды асқақтатып еді. Өзі де арыс абызға айналды. Сүйегі – Америкада, рухы – Қазақияның аспанында. Мағауинтанудың мәңгілік дәуірі шын мәнісінде енді басталады деп білемін. Елім дегенде Едігедей еңіреп өткен ер қаламгер де осы – Мұхтар Мағауин ағатайым!
Иә, ағатайым! Қырық жылдан бергі ағалы-інілі сыйластығымыз, Алматыға алғаш табаным тиген 17 жасымда «Жалын» журналында өлеңімді шығаруы, өзіме деген әкедей қамқорлығы, сонау Көкшетаудан Алматыға, әдеби ортаға ізгі ниетпен арнайы шақырып алдыртуы, өтпелі қиын кезде анам қайтыс болғанда қайғыма ортақтасып, қасымнан табылуы менің Мұхтар ағатайымның адамгершілік болмысын, жан-жүрегі мейірімге толы кісілік келбетін айшықтайды.
Қош, қош, қазақтың ұлы перзенті, Алаштың асыл абызы, ұлтымыздың ұлы жазушысы. «Мен!» дегені өзіне ғана жарасатын менің Мұхтар ағатайым! Рухы мәңгілікке көшкен Мұхтар Мағауиннің мәңгілік күйі миллиондардың кеуделерінде күмбірлей берсін!..
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
ақын, Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының лауреаты
ҚАЛАМЫҢНЫҢ ҰШЫНДА АРЫСТАРДЫҢ АРМАНЫ...
Қазақ руханияты, қазақ көркем ойы, қазақ прозасы үлкен ауыр қайғыны бастан кешкен күн болды. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауин өмірден озды.
Мұхтар Мағауин – біздің ұғымымызда, қазақ әдебиетінің, қазақ көркем сөзінің тұтас бір дәуірі. Шын мәнінде, біз ол кісінің тәрбиесін көріп өстік. Ол кісінің тәлімін, тағылымын көрдік. Ол кісімен сырласқан, сыйласқан уақыттарымыз аз болған жоқ. Қарамағында қызмет еттік.
Жалпы, Мұхтар Мағауин қаһармандықпен еңбек етудің, қаламға, ұлтқа адал болудың үлгісін көрсетіп кетті. Сонау 1969 жылы шыққан «Қобыз сарыны» кітабынан бастап, «Көк мұнар», «Бір атаның балалары» шығармалары, кешегі «Шыңғысхан» еңбегіне дейін ұлтты сүюдің, ұлтқа адал болудың ғажайып өнегесі болды. Ол өз өмірін тек қана жазуға арнады. Жоспарлы түрде жұмыс істеді.
Мұхтар Мағауиннің «мен мәңгілік аруаққа айналам» деп айтқанын жазып жатыр. Қазақтың қабырғалы қаламгеріне қазақтың басы талай қайта айналып соғатын болады.
Ол кісі 80 жасқа келгенде: «Сөйле, қобыз» деген өлең жазып едім. Сонда мынадай өлең жолдары бар еді:
– Алмас қылыш жарқ етсе,
қолыңда алтын балдағы,
қаламыңның ұшында арыстардың арманы.
...Көк бөрінің терісі сыпырылып тірідей,
Қара қайыс қолдағы –
Енді бізге қалғаны.
Арыстардың арманының рухын жаққан, солардың арманына шырақшы болған, тек қана ақиқаттың алдаспаны секілді шындықтың биігінен сөйлеген, сондай бір аяулы қаламгер, асыл аға, ұлттың бір ұяты, намысы, ары деуге болатындай ағамыз еді.
Алды жарық болсын!
Кешелі-бері бүткіл Қазақ елі, қазақ байтағы Мұхаң туралы айтып, жоқтап жатыр.
Бұл әлі басы деп ойлаймын. Әлі талай рет қазақ Мұхаң тақырыбына оралатын болады.
Ұрпақтан ұрпаққа жететін, сағынысып еске алатын есімге айналады.
Барша қазақ еліне көңіл айтамын.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
БІР МАҒАУИН!
Келмек барын және кетпек барын бәріміз білеміз.
85 жасына титімдей уақыт қалғанда Мұхтар Мұқанұлы Мағауин ағамызға да уақыт болыпты...
Кеше таңертеңнен бүкіл қазақ баласының қабырғасы қайысып, жазушы қазасына орай азалы күй кешіп жатыр...
Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркияның Халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері, Улан-батордағы Халықаралық Шыңғыс хан Академиясының құрметті академигі.
Мұхтар Мағауин – қаламынан маржан төгілген жазушы, «Әдебиет – ардың ісі» болса, осы саланы қопара зерттеген әдебиет зерттеушісі, қанша ғасыр бойы көмілген ұлы тарихымызды тереңдете зерттеген тарихшы. Мұқаңның жазушылық, ғылыми зерттеу, тарих және әдеби сын, көсемсөзді қоса алғандағы жазған еңбектері отыз томға жуық. Мол мұра!
Осының бәрін бір Мағауин істеді. Мың адамның құзырындағы тірлікті жалғыз өзі істеген жан.
Былай қарасаңыз: армансыз адам тәрізді, ойға алған дүниесінің бәрін орайын келтіріп, жазатындарын жазып, айтатынын айтып-ақ кеткендей...
Мұқаңның жүрек түкпірінде үлкен Шер бар еді! Құлдық сана қамытын киген жұртын Ұлттық сана биігіне шығару үшін барлық амалды жасады. Соны түсінген бар ма? Ұғынған қанша? Түйсінген нешеу?..
«Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!» – депті Мұхтар Мағауин. Алла дәргейіне алғай!
Ет-бауырымыз езіліп, қайғылы хабарды еңсере алмай тұрған қазіргі шақ та өтер. Мағауин мұрасына үңілер, жазғандарының қалыбы мен қасиетін түсінер кез де жетер. Ноқтаға басы сыймаған, қай қиырға кетсе де Қазағын қимаған Мағауин мұрасы намысты, зерделі, кеуделі оқырманын күтіп жатады. Есті қазақтар көбейсе, сесті қазақтар молайса, Мұхтар ағамыздың еңбегі еш, есіл болмағаны, жазғаны мен айтқаны текке кетпегені деп білеміз!
Нұртөре ЖҮСІП,
сенатор
БЕЛГІЛІ БИІК КӨКСЕҢГІР ҚҰЛАДЫ
«Асқар таудың өлгені – басын мұнар шалғаны» деп Көмекей әулие айтқан күн бүгін. Дәл Қыс-Тоғыста алыс Америкадағы Алаштың арысы Мұхтар Мұқанұлы Мағауин өтті өмірден! Қанша ауыр хабар болса да жазмыштың жазуына бейшарамыз…
Ұлттың Төрт Құбыласының бірі – әдебиет. Сол Құбыланың алтын ұстыны құлап түсті!
Мағауин құлдықта өлесі халде жатқан қазақ рухын қайта оятқан тұлға еді. Бізді тірілткен қасиетті парақ жабылды. Енді Мұхтар ағам Күлтегін Мәңгітасының қасынан Керулен жағалап көшкен алтын тоғанақты керуендерімен мәңгі сапарын бастады… Қош, басын мұнар шалған «Белгілі биік Көксеңгір!» Қаза қайырлы болсын, Қазақия!
Светқали НҰРЖАН,
(Айт-Ман)