Демографияны көтеретін – жастар

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқы 2024 жылғы 1 желтоқсандағы дерек бойынша 20 265 320 адам болды деген ақпарат таратты. Бюро ұсынған мәліметке сенсек, қала халқы 253 мыңға өсіп, 12,75 миллионға жеткен.

Ал ауыл халқы керісінше 3 мың адамға азайды. Бүгінде ауылда 7,514 миллион адам тұрады. Ал елдегі ер адамдардың үлесі 9 млн 901 мың 542 болса, әйел адамдардың үлесі 10 млн 363 мың 778-ді құрайды. Сондай-ақ осы кезеңде халықтың табиғи өсім көрсеткіші 217,1 мың адамға жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2030 жылы қалада тұратын халық саны 14 млн адамға, 2050 жылы 20 млн адамға жуықтап қалуы мүмкін дейді. Халық саны 2050 жылы 26,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Халық санының артуы, қала халқы мен ауыл халқы арасындағы демографиялық және әлеуметтік айырмашылық мәселелері туралы тарих ғылымының докторы, профессор Аманжол Қалышпен әңгімелескен едік.

– Елімізде халық санының өсуіне негізгі себеп­тер қандай? Демографиялық саясатта табиғи өсім мен көші-қонның үлесі қанша­лықты маңызды?

– Кеңес үкіметі тарағаннан кейін бізде жағдай жақсы болған жоқ. Неге десеңіз, өндірістер жабылып, совхоз, колхоздар тарай бастады. Халықтын жағдайы мүлдем тө­мендеп кетті. депопулация жүрді қазақтан басқа кейбір ұлт өкілдері өздерінің тарихи отанына көше бастады, халық саны кеміді. 25-30 пайызға дейін халық көшіп кетті. Жастар, квалификациялық мамандар, өндіруші күштер кетті. 

Олардың орнына Аллаға шүкір 1,5 мил­лион қазақ тарихи Отанына келді. 1,5 мил­лион деп жүрміз, меніңше, 2 миллиондай қандас келді. Өйткені елге бейресми келген қазақтар да өте көп болды. Мен Моңғо­лияның қазақтары, Ауғанстан қазақтары, Қытай қазақтары, Орталық Азия қазақтары туралы көп зерттедім, 5-6 кітап шығардым. Ең бірінші қандастар 90-жылдары Моңғо­лиядан еңбек шартымен келе бастады. Баян-Өлгий, Ховда аймағынан, Улаанбаатар маңайы­нан Шығыс Қазақстан, Жетісу өңірі­не көп келді. Үйрене алмаған 30 пайыздайы қайтып кетті, қалғандары шыдады, үйренді кеткен халықтың орнын толтырды.

– Ұлттық статистика бюросы таратқан ақпаратқа сәйкес, қазір ауыл халқы 3 мың адамға азайып, ауылда 7,514 миллион адам қалды. Сіздің ойыңызша, ауыл халқының азаюы қандай әлеуметтік және экономикалық мәселелер туындатуы мүмкін? 

– Егемендіктің елең-алаңында ауыл халқын қолдамадық, өндіріс ашамын, шаруашылық құрамын дегендерге шынайы көмектеспедік. Қаншама қаражат «Ұстаған­ның қолында, тістегеннің аузында» кетті. 2000-5000 тұрғыны бар ауылдарда қағаз жүзінде ТОО-лар аштық, жалғандыққа жол бердік, өтірік экономика құрдық. Нарықтық экономикаға бейім, өзін-өзі алып жүре алатындай шаруашылық саны 10 пайыз болған шығар. Егер 100 пайыз шаруашылық болса, олардың 10 пайызы ғана шынайы қалғандары қағаз жүзінде болды.

Біздің шенеуніктерге ауылдың дамығаны керек емес. Себебі ауыл адамдары аздаған өнімдерін өсірсе, шенеуніктердің қалтасына ештеңе түспейді сондықтан оларға Өзбек­стан, Қырғызстан, Қытайдан тасымалдау арқылы пайызын өсіріп, үстінен қосып са­тып, пайда көрген тиімді. Мысалы, Жамбыл облысы, Қызылорданың оңтүстігі мен Түркістан, Жетісу, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан облысының шаруаларына жағ­дай жасап, жері құнарлы, ауа райы климаттық ерекшеліктеріне сай қолайлы егін шаруашылығын, ауыл шаруашылығын дамытуға болар еді. Өкінішке қарай, ештеңе істелмеді. Осы экономикалық дағдарыс әлеуметтік, демографиялық мәселеге әкеліп жатыр. Жастар несие де ала алмайды, несие алу үшін  кепіл қоюы керек. Қаражаты болса, Үкіметке алақан жаймай өндірісін өзі ашпай ма?!

Еуропаны көріп отырмыз, Түркияның өзінде мына Қаскелең, Шамалған сияқты мегаполистің қасында қалалар бар, ешкім қалаға қашып жатқан жоқ. Өндіріс, шаруа­шылық бәріне мемлекет қолұшын беріп отыр. Мәселен, Израильде ауылшаруашылық кооперативтеріне ешкім ешқандай кедергі жасамайды, мемлекет тарапынан жанармай, дақыл, дәрі басқа да қажеттіліктерді заңды тұрғыда қамтамасыз етіп отыр. Қытайда да солай.

– Елімізде өңір халқының тығыздығы да сан алуан. Мәселен, елімізде үш миллионер қала бар болса, 4 облыс орталығында тұрғын­дар саны миллионнан асты. Халық санының аймақтардағы әркелкілігі елдің экономикалық және әлеуметтік дамуында қандай рөл ой­найды?

– Қазақстанның өңірлері, облыс, аудан­дары бірдей емес оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты, қала мен ауылды салыстыра алмайсыз. Сосын, қазағы басым өңірлерді басқа ұлт өкілдері басымырақ өңірлермен салыстыра алмайсыз. Қалалар дегенде Арқалық, Семей секілді депо­пулацияға ұшыраған облыс орталықтарын да ұмытпауымыз керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше облыс ашып берді. Абай, Жезқазған, Жетісу облыстары. Торғай облысын да ашу керек еді. Біз маңдайымызға жазылған тарихи облыстарды қалай көтере­міз?! Біздегі депопулация ең жағдайы қиын жергілікті халық тұратын елді мекендерде екенін де естен шығармаған абзал. 

Халық түгел дерлік реті келсе қалаға көшіп жатыр. Қазіргі ауылдарды Қытай, Түркия сияқты «приоритетный» жағдай жасауға болады. Кішігірім кооперативті қолдау, кәсіпкерді алдамау, жұмысына кедергі келтірмеу, астығын, малын, еті мен сүтін, құрт-майын, жүн-жұрқасын келісімшартпен сата алатын ұзақмерзімді қолдау шараларын қарастырса... Біз тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп жа­тырмыз. Ауылдарда тіпті шағын тігін цех­тарын, аяқкиім тігетін, азық-түлік өндіретін кооперативтер құруға жағдай жасауға болар еді. Малайзияның, Сингапурдың эко­номика­сын үлгі етіп отырмыз дейді. ол елдер 20 жылда-ақ өркениеттің біраз жеріне дейін жетіп үлгерген еді, бізде 30 жылдан асты ғой.

– Демографиялық өсімі мен экономикалық даму динамикасын теңестіруге бола ма? Ал миллионер қалалар санының артуын шағын қалалар агломерациясын қалыптастыру арқылы шешудің нақты жоспары қандай болуы керек?

– Кең байтаң жерімізді, дархан даламыз­ды сақтап қалу үшін 30 немесе 40-50 миллион халық керек. Ал демографияны көтеру үшін мемлекет тарапынан көмек керек. Эко­номика жағын ауыл шаруашылығы негізінде дамытатын жоспар қажет. Жастарға, жас отбасыларға арналған қолайлы саясатты қолға алу керек. Оларға жеңілдетілген несие, үй, машина алуына жағдай жасай алса, со­ның экономикалық тиімді жолын ұсына алса, жоспарын жасай алса дұрыс болады. Қазіргідей тегін әлеуметтік көмек мәселені шешпейді. Жастарға, халыққа жұмыс керек, өндіріс керек. Қазір өсім беріп отырған қазақы елді мекендер, түркітектес мұсылман халықтары, әсіресе оңтүстік Қазақстан, оңтүстік шығыс Қазақстанда халқының саны өсіп келеді. Экономикалық жағдай дұрыс болса, ауылда балабақша, мектеп, жұмыс болса өндіріс ашылса, халық ауылда тұрақтар еді.

Білімді, білікті жастарды шетелге жібер­меудің амалы болуы керек. Демографияны көтеретін – жас отбасылар. Сондықтан әлі де қандастарды көшіру саясатын тоқтатпаған дұрыс. Қазір жұмыссыздық 4,5 пайыз деп көрсетіліп жүр, меніңше бұл жалған, шын мәнінде жұмыс­сыздық 50-60 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішті ашық талдап, гео­стратегиялық саясатты жан-жақты зертеп, бағамдау керек.

– Қазіргі миллионер қалалардың инфра­құрылымын, экономикасы мен экологиясын реттеу шаралары қалай жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?

– Жиырма жыл төңірегінде мемлекет Қазақстанның 3-4 бөлігінде миллионер қалалардың болғанын талап етті. Соңғы жылдары қалаға жақын  елді мекендерді қалаға қосып жатыр. Қаланың шетіндегі елді мекендерге, егіншілікке, диқаншылыққа жарамды жерлерге тиіспеу керек еді. Қаланы азық-түлікпен, жеміс-жидекпен және киім-кешекпен қамтамасыз ете алатын шағын өндіруші секторларды дамыту керек еді. Әрине, миллионер қалалар үшін бек қуаныштымын. Мәселен, Түркістанда университет ашу дұрыс шешім болды. Ал Ақтөбеге келетін болсақ, ол жақта ауылдар қала шетінде тығыз орналаспаған. Жерді халыққа беріп жатыр ол жерлер ауыл шаруа­шылығына онша қолайлы емес. Бірақ ол да геосаясат үшін керек. Батыс Қазақстанда үлкен қарқынды мегаполистің болуы Қазақстан үшін тиімді ұстаным, геосаяси дұрыс шешім деп ойлаймын. Қалалар өскенімен, еңбек нарығы, өндіріс ашылған жоқ. Шымкентте де, Ақтөбеде де урбани­зация дегенмен базар, қызмет көрсету секторы нақты жолға қойылған жоқ. 

Экологияға қатысты инфрақұрылым тек Алматыда, Астанада дамып келе жатыр. Бірақ Шымкент, Ақтөбе сияқты қалаларда экологиялық инфрақұрылым онша мәз емес. «Болашақтың қаласы», «Ақылды қала» деген баяғыдан дамыған қалаларда бар да, өндіріс­тік қалаларда әлі бір ізге түспеді. Тіпті, Алматыны егер Медеу немесе Кеңсай жақтан қарасаңыз біз қарамайдың ішінде отырмыз. Ауаны қалай тазартуға болады ойлану керек. Мысалы, Анкара (4,5 млн халқы бар) Алматыға керемет ұқсайды оларда біздегідей кептеліс жоқ, айналма жол көп. Қаланы дамыту, урбанизация, агломерация деген терминдердің тасасындағы жүз мыңдаған проблеманы шешуде халықаралық тә­жірибелер бар Құдайға шүкір.

– Сіздің ойыңызша, халқымыздың қала тұрғындарына айналуы ұлттың мәдени-рухани этнологиясы мен этнографиясына қалай әсер етепек... 

– Халықтың қала тұрғынына айналуда тұрған ештеңе жоқ. Қазір қалаларда қазақ басымдыққа айналып келе жатыр. Қазақ тілі дамып келеді, мектеп балабақша көбейіп жатыр. Мұның бәрі отбасына байланысты, сана-сезімімізге байланысты. Біздің ата-аналарда баламды мемлекет, университет немесе балабақша, мектеп тәрбиелейді деген көзқарас бар. Отбасы немесе бала тәрбиесін­дегі жауапкершілікке немқұрайды қарайтын әдет қалыптасқан. Соның салдарынан сабақтастық, қалыптасқан отбасы инсти­туты, отбасы құндылығы әлсіреп қалды. Бізде тұн­ған парадокс. Түркияны қараңыз ислам дінінің арқасында Еуропамен көрші отырып, түрік болып өмір сүріп жатыр. Қазақ жоғалса, Кеңес үкіметі тұсында-ақ жоқ болып кетер еді. Біз ол кезбен салыс­тырғанда, қазір көп нәрседен қол үздік. 

Бір-ақ мысал айтайын. Мен отбасы, неке тақырыбын, ұлтаралық неке, ажырасу мәселелерін көп зерттеймін. Сонда айтайын дегенім, шетелдің жігіттеріне тұрмысқа шыуға құмар тек қазақ қыздары. Араб па, қара нәсіл ме соларға екінші, үшінші әйел болып барып жатқан қаракөздеріміз. Неге түркімендерде, өзбектерде ондай үрдіс жоқ? Неге шешендерде, арабтарда, ингуштарда жоқ? бұл үлкен сұрақ.

Құрылғанына 25 жылдан асқан Прези­дент жанындағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өмірдің шынайы келбетін білмей ме?! Қыздарымыздың өзге ұлтқа тұрмысқа шығуының пайдасы мен зардабы қандай ойлану керек қой. Ғылыми тұрғыда зерттеу, талдау, сараптау шаралары жоқ емес бар. Бірақ ол халыққа жетпейді, насихаты кемшін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ