Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс» деп ел билігіне салмақты міндет жүктелгенін қадап айтқан болатын. Әзірге Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше, алғашқы 11 айдағы экономикалық өсім 4,4 пайыз көрсеткішке жеткен. Нақты саладағы оң динамика 5%, көрсетілетін қызметтер 4,5%. Алдағы 2025 жылы бұл көрсеткішті жоспарға сәйкес 5,5-6 пайыз деңгейіне жеткізу міндеті қойылып отыр.
Алайда сала мамандарының айтуынша, қазіргі ахуалды ескере отырып, тек мұнай шикізатының экспортына арқа сүйеу арқылы мұндай өсімге қол жеткізу мүмкін емес екенін түсіну маңызды. Тәуелсіз сарапшы, экономист Мақсат Халықтың айтуынша, еліміздегі экономикалық өсім соңғы кездегі бағалардың өсуі арқылы қалыптасып отыр.
Табысың тұрмысынан білінсе игі
– Сондықтан бұл экономикалық өсімнің халықтың әлеуметтік жағдайына айтарлықтай оң әсерін тигізбегені анық байқалады. Нарық заңдылықтарына сәйкес, егер экономикалық өсім 3 пайыздан жоғары болса, ол азаматтардың тұрмыс деңгейін жақсартуға тиіс. Алайда біз бұл өзгерісті сезінген жоқпыз. Себебі елдегі экономикалық өсімнің бір бөлігі инфляцияның әсерінен пайда болған жасанды көрсеткіштерге негізделген деуге толық негіз бар. Мұны нақтырақ түсіндіру үшін 2005 жылды негізге ала отырып, ЖІӨ көрсеткіштерін салыстырайық. Есептерге сүйенсек, биылғы жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 160 миллиард АҚШ долларына тең болуға тиіс. Бірақ ресми мәліметтерде бұл көрсеткіш 260 миллиард АҚШ доллары деп көрсетілген. Яғни, шамамен 100 миллиард долларға тең айырмашылық инфляция мен баға өсімінің нәтижесінде жасалған. Бұл экономикалық дамудың нақты өнімділікке емес, бағаның артуына негізделгенін білдіреді, – дейді ол.
Сарапшының сөзіне сүйенсек, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайында, нақты табыс деңгейінде айтарлықтай өзгерістер байқалмай отыр. Жалақының номиналды түрде өсуіне қарамастан, сатып алу қабілеті төмендеген. Бағаның шарықтауы халықтың күнделікті тұтыну шығындарын арттырып, өмір сүру деңгейінің нақты төмендеуіне алып келді. Бұл жағдай экономикалық саясаттың тиімділігін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.
– Әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін экономикалық өсім сапалы және тұрақты болуы тиіс. Яғни, өсім негізінен өнімділік пен өндіріс көлемінің артуынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан және халықтың нақты табысының өсуінен құралғаны жөн. Халықтың төлем қабілеттілігінің өскенін жалақысына биыл былтырғы жылмен салыстырғанда көбірек зат сатып алу және қызметтерді пайдалана алуынан көруге болады. Бізде кері кетіп барады. Қазір азаматтардың табысы ортша есеппен 5 пайызға өсті деп көрсетіледі. Бірақ тауарлардың бағасының қымбаттауы соңғы жылдары 10 пайыздан кем болып жатқан жоқ. Былтырғы қорытынды бойынша ресми статистика 8,5 пайыз деп көрсетті, дегенмен бейресми статистика өз алдына жүретінін білесіз, ол 10 пайыз көлемінде. Алдыңғы жылдары, тіпті инфляция 20 пайызға дейін көтерілген еді, ал халықтың табысы жылына 5 пайыз деңгейінде әзер көтеріліп келеді. Қорыта айтқанда халықтың табысы баға өсімін қуып жете алмай жатыр, – дейді маман.
Оның айтуынша, ресми түрде арифметикалық жолмен есептелетін «орташа жалақы мөлшері» бар. Бірақ одан бөлек, соңғы кездері медиандық жалақыны есептеп қоса бастады. Бұл – еліміздегі азаматтардың көп бөлігі алатын жалақының орташа есебі. Экономист бұл әлдеқайда шынайылыққа жақын деген пікірде. Мысалы, халықтың 70 пайыздан астамы 200-300 мың теңгенің арасында табыс табады. Соның ішінен орта есебін шығарса, ол 250 мың теңге болмақ. Дегенмен әлі де төменгі жалақы алатын халықтың саны көп.
Экономиканың әртараптандырылуы – тұрақты дамудың негізгі шарты. Осы орайда ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, туризм және инновациялық технологиялар сынды салаларды дамытуға ерекше назар аудару қажет. Экономист Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, аталмыш секторлардың әрқайсысы ел экономикасына қозғаушы күш бере алады. Сондықтан сыртқы тәуекелдерді айналып өтудің негізгі амалы өз өндірісімізді өрге домалату ғана.
– Экспортқа тәуелді мемлекет ретінде әлемдік нарықтағы мұнай бағасының ауытқулары елдің экономикалық көрсеткіштеріне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Ал тәуекелдерді төмендету үшін экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін ішкі өндірісті дамытуға басымдық беру маңызды. Сонымен қатар биыл инфляция деңгейін 5,5-7 пайыз аралығында ұстап тұру – экономикалық өсімге оң ықпалын тигізетін факторлардың бірі. Елдің сыртқы экономикалық байланыстары мен әлемдік экономиканың даму қарқынына үйлесімді әрекет ету де маңызды рөл атқарады. Сауда серіктестерімен тиімді ынтымақтастық орнатып, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Экономикалық стратегияны дұрыс жоспарлап, әрбір секторда үйлесімді саясат жүргізу арқылы елдің тұрақты және сапалы өсіміне жол ашамыз, – деген пікірімен бөлісті сарапшы.
Қымбатшылық құрығынан шығар жол қайда?
2023 жылмен салыстырғанда, инфляция қарқыны біршама бәсеңдегенімен, межелі «дәлізден» асып жығылмақ. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, Қазақстандағы инфляция 2023 жылғы 9,8%-дан 2024 жылы 8,6%-ға дейін баяулады. Бұл бағаның біртіндеп тұрақтанғанын көрсетеді. Дегенмен бағаның өсу қарқыны әртүрлі санаттағы тауарлар мен қызметтер арасында өзгеріп отырады. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлары 5,5%-ға, азық-түлік емес тауарлар 8,3%-ға қымбаттады, ал ақылы қызметтердің құны 13,3%-ға өскен.
Сарапшылардың айтуынша, инфляцияны 5 пайызға дейін төмендету – елдің экономикалық саясатындағы басты мақсаттардың бірі. Дегенмен биыл бұл көрсеткіш 6-7 пайыз аралығында болатыны болжанып отыр.
– Бұл мәселенің күрделілігі баршаға белгілі, себебі инфляция көптеген факторға тәуелді, олардың ішінде ішкі нарықтың ахуалы, сыртқы сауда байланыстары, халықтың тұтынушылық сұранысы мен ұсынысы айтарлықтай рөл атқарады. Үкімет пен Ұлттық банк осы бағытта бірқатар жүйелі шаралар қабылдауда. Атап айтсақ, салық саясатына енгізілген өзгерістер экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл шаралар мемлекеттік кірістерді тиімді басқарумен қатар, бизнес ортаның белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Шағын және орта бизнестің үлесін көбейту, халықтың төлем қабілеттілігін жақсарту сияқты қадамдар инфляцияны бақылауда маңызды рөл атқарады. Бұл бағыттар тек инфляцияны төмендетіп қана қоймай, экономикалық өсімге де жаңа серпін береді, – дейді Б.Ысқақов.
Елімізде инфляцияға жауапты орган – Ұлттық банк болғандықтан, сол мекемеден инфляцияны төмендету талап етіліп отыр. Қазір ол инфляцияны таргеттеу бойынша саясат жүргізіп жатыр және 2025 жылдан бастап оның мөлшерін 5 пайыздан асырмаймыз деп уәде еткен. Биыл сол дәлізге оралуды мақсат етіп отыр. Дегенмен Мақсат Халықтың айтуынша, инфляциямен күрес ол тек Ұлттық банктің міндеті болмауы қажет. Өйткені ол ақша массасын реттеу және базалық пайыздық мөлшерлеме арқылы теңгеге құн беріп, ең төменгі пайызды бекіте алады. Осы екі құрал арқылы ғана нарыққа ықпал етеді. Ал негізінен инфляцияның аз және теңгенің тұрақты болуы Үкіметтің жүргізіп отырған саясатына байланысты.
– Бізде индустрияландыру бағдарламасы, Президент тапсырған экономиканы әртараптандыру бағдарламалары бар осы бағыттардың барлығы өкінішіке қарай орындалып жатқан жоқ. Инфляцияның жоғары болып қалуының басты себебі – осы. Бірақ Үкімет бұл міндеттерді орындауға бел шешіп кірісті деп айта алмаймын. Ол бағамен күресеміз дегенмен, әрекетіне қарасаң шенділердің базар аралап жүргенін елестетеді. Бұл – ең әлсіз әдіс. Инфляцияны құрықтаушы негізгі фактор тауар өнідірісі болса, оған жеткілікті түрде көңіл бөлінуі керек. Қандай отындақ тауарлар өндіруге басымдық берілгені дұрыс? Индустриялық министрлік тарапынан осындай тауарлардың тізімі бар реестр жасалынуы тиіс. Жазда аталмыш ведомтво өкілдерімен пікірталасқа түскен едік, ол кезде мұндай реестр әлі дайын еместігін алға тартқан болатын. Міне, қазір 2025 жылға өттік, алдағы жылы жасалып қалар. Дегенмен бір әттеген-ай деп айтатын тұсымыз қазір Қытаймен шекара ашық. Көптеген тауарлар импортталып жатыр, ал соған ұқсас отандық тауар өндірушілер қазір жабылудың аз-ақ алдында тұр. Бірақ мемлекеттік реестр әлі де дайын емес. Кімдерге көмек көрсету қажет, қай салаға басымдық беру керек деген сауалға жауап жоқ. Бұл ұят жағдай, сондықтан осындай үдерістер экономикамызды артқа тартып отыр, – деген тұжырымды айтады экономист.
Маманның пікірін әріптестері де қолдап отыр. Өйткені импорт алмастыру – инфляцияны ұстап тұруға арналған негізгі тетіктердің бірі. Сырттан келетін тауарлардың орнын отандық өнімдермен алмастыру, жергілікті өндірісті қолдау, логистиканы оңтайландыру және өндірістік шығындарды төмендету арқылы нарықтағы тауар бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге болады.
– Бұл шаралар отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, халықтың табысына лайықты баға деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Биылғы жылы инфляцияны 6 пайыз деңгейінде сақтап қалу – айтарлықтай жетістік болар еді. Себебі бұл тек сандық көрсеткіш қана емес, елдегі экономикалық тұрақтылықтың маңызды индикаторы, – дейді Бауыржан Ысқақов.
Қара алтынның құны қалай өзгермек?
Қымбатшылық туралы айта отырып, мұнай бағасын қалай айналып өтпекпіз. Өйткені мемлекеттік бюджеттің шығыны мен кірісі қара алтынның құнына тікелей байланған. Мұнай бағасының динамикасы әлемдік нарықтағы сыртқы факторларға тәуелді екені белгілі. Соңғы жылдары АҚШ-тың дамушы елдердің экономикасы мен мұнай бағасына қатысты қатаң саясаты, әсіресе монетарлық шектеулер, мұнай бағасының төмендеуіне әкеліп отыр. Қазір мұнайдың барреліне шаққандағы құны төмендегені байқалады. Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, дамушы елдердің қатарында болғандықтан, бұл жағдайдың біздің экономикамызға да кері әсер ету қаупі жоғары.
– Осы факторларды ескере отырып, биыл мұнай бағасының барреліне шаққанда шамамен 72-75 АҚШ доллары деңгейінде болатыны болжануда. Аталған факторлар ескерусіз қалса, ұлттық валютамыздың девальвацияға ұшырау қаупі сейілмейді. Бұл жағдай елдің ақша-несие саясатының әлсіздігін және бюджет тапшылығы мен инфляция деңгейінің ұлттық валюта тұрақтылығына әсерін көрсетеді. Қазіргі болжамдарға сәйкес, теңге бағамы 2025 жылы 545-550 деңгейінде болады деп күтілуде. Алайда бұдан әрі құлдырауына жол бермеу – мемлекеттік экономикалық саясаттың тиімділігіне тікелей байланысты. Ұлттық валютаның тұрақтылығы үшін кешенді шаралар қабылдау қажет, – деп өз болжамдарын ортаға салған экономист сыртқы қарыздардың да мән жайына ерекше тоқталды.
Оның айтуынша, Қаржы министрлігінің алдында 2025 жылы 2,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі облигацияларды өтеу міндеті тұр. Бұл – еліміздің сыртқы қарыздарын азайтуға және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Алайда шетел валютасына деген сұранысты ұлғайтып, теңгенің әлсіреуіне ықпал етуі мүмкін. Бұл жерде импортты алмастыру саясатының маңызы зор. Ұлттық валютаның құнын сақтау үшін мұнай бағасына ғана тәуелді болмай, әртараптандырылған экономика құру – уақыт талабы. 2025 жылы доллар бағамын 550 теңге деңгейінде ұстап қалу мүмкіндігі бар. Бұл үшін мемлекет қатаң әрі тиімді экономикалық саясатты ұстанып, сыртқы қарыздарды басқару мен импортты алмастыру бойынша нақты шараларды жүзеге асыруы қажет. Осындай стратегиялық қадамдар ұлттық валютаны тұрақтандырумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
Кәмила ЕРКІН