Екеуі бір арнада біте қайнасып жатыр. Екі өнердің де ескегін есіп жүрген талант көп. Кейіпкеріміз Медғат Өмірәлиев – жұртшылыққа «Тар заман» фильміндегі Әлихан бейнесімен танылған актер. Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі әрі кино актерімен сұхбатымыз өнер әлемі жайында өрбіді.
Режиссерлер еркіндікті жақсы көреді
– Медғат аға, өнердегі алғашқы қадамыңыз театрдан басталды. Алматы облысында туып, жоғары білімді де осы қалада алғаннан кейін ат басын Маңғыстауға бұрудағы себеп не?
– Иә, туған қалам мен қызмет етіп жүрген қалам бір басқа. Екеуі еліміздің екі шеті. Еліміздің батыс аймағына бетбұруымның себебін сұрасаңыз, айтайын. 2003 жылы оқуды аяқтамай тұрып, бізге Еңбек сіңірген қайраткер, Маңғыстаудың құрметті азаматы, театр режиссері Нұрнияз Мұханов пен көркемдік жетекшісі Гүлсина Бақытжанқызы біз оқып жүрген оқу орнына келіп, Рахилям Машурова мен Әубәкір Рахимовтың курсындағы екі топты қосып, бізді Ақтауға жұмысқа шақырды. Оқып жүрген кезде «Хабар» телеарнасына дубляжға жаңадан жұмысқа кірістік. Әрі сол уақыттың өзінде Алматы қаласындағы біраз театрдан ұсыныс түсті. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына шақырды. Бірақ бүкіл курс киелі Маңғыстауға кететіндерін көріп, біз де көштен қалғымыз келмей, не болса да көшпен бірге жүріп көрейік деп шешім қабылдадық. 4 жыл бірге оқыдық, бір-бірімізге бауыр бастық. Содан бері Маңғыстаудағы Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының қабырғасында жүрміз.
– Иә, осы театрдың басшысы әрі бас режиссері болған Гүлсина Мирғалиева бір жылдай бұрын Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрына көркемдік жетекші қызметіне шақырылып еді...
– Қазір театрымызда нақты белгіленген режиссер жоқ. Өйткені өзіңіз білетіндей, бас режиссеріміз, бұрынғы басшымыз Гүлсина Бақытжанқызы Қаллеки театрының көркемдік жетекшісі қызметіне ауысты. Біз қазір режиссер іздестірудеміз. Келетін режиссерлер жоқ емес. Бірақ сол келгендердің барлығының бірден сұрайтыны пәтер, басқа да әлеуметтік жағдайды жақсартуға арналған дүниелер. Бүгінде облыс басшылықтарымен театр ұжымына керекті пәтер сұрап, кадр толтыру мәселелерімен айналысып жатырмыз. Егер облыс басшысынан осы сұранысымызға жақсы жауап алып жатсақ, театрымызға белгілі бір бекітілген режиссер келеді деген ойдамыз. Ал қазір біз режиссерлерді сырттан шақыруға мәжбүрміз.
Көп режиссер бір театрға байланғысы келмейді. Оны мойындау керек. Өзі қалаған театрға барып, қойылым сахналағысы келетіндей еркін жүргенді қалайды. Шынында, бүгінде режиссерлердің басым бөлігі осындай талапты ұстанып жүр. Осыған байланысты біз көбіне көп басқа мемлекеттен келетін режиссерлермен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, Ресейден келген саха елінің режиссері, «золотая маска» иегері Сергей Потапов қойған «Бернарда Альбаның үйі» спектаклі мен Әбіш Кекілбайұлының «Шыңырау» қойылымы әлі күнге дейін көрермен сұранысына ие болып отыр. Талғат Теменовтің Шыңғыс Айматовтың «Жәмила» повесі желісімен қойған спектаклі бүгінге дейін репертуарда тұр. Әр сахналануында көрермен ағылып келіп жатады. Одан бөлек, Фархад Молдағалидың бізге қойған «Менің атым Қожа» қойылымына көрерменнің сұранысы артқанын жасыру мүмкін емес. Режиссер Мұрат Ахмановтың «Бір түп алма ағашы», Гүлсина Мирғалиеваның режиссерлігімен шыққан «Әлиханның аманаты» спектаклінің билеттері онлайн сатылымда-ақ тез өтіп жатыр.
Әртістерге қосымша табыс керек
– «Режиссерді іздеп жатырмыз» дейсіз. Ал актерлер жағы қалай? Кадр тапшылығы байқала ма?
– Оқу орнында жүргенімізде ұстаздарымыздың айтатыны: «Өнер жолы – ауыр жол. Елден озбайсың, елден қалмайсың, елмен қатар жүресің. Бұл – абырой мен қошеметке, елдің ықыласына бөленетін мамандық». Бүгін біз де жастарға осыны айтып жүрміз. Қазір театрымызда 45 актер бар. Бұлардың ішінде 6-7-еуі осы театрдың іргетасын қалағандар. Басым көпшілігі – жас буын. Маңғыстаудағы театрдың жетістігіне, актерлердің шеберлігіне бұрыннан қызығып жиі келеді. Бұл құбылыс жұмыс процесінің тоқтаусыз ілгері жүріп отыратынына тікелей әсер етеді. Біздің театрдан болашағын көріп келген жастардың кеудесінен итермей, құшақ жая қарсы аламыз.
– Қазіргі театрда қойылымның сапалы болуы көркемдік жетекшінің жұмысына тікелей қатысты. Бірі көңілден шықса, бірі сын көтермейді. Сіздің қойылым кезінде актерлерге қоятын талаптарыңыз қандай?
– Театрда қойылатын репертуардың, спектакльдердің бәрі көркемдік жетекшіге байланысты екені белгілі. Сынға ұшырамау үшін актер барын салу керек, ойындағысының бәрі физикалық қозғалысы арқылы көрінеді. Менің актерларға қоятын ең бірінші талабым – дикция, шыққан әрбір сөзі көрерменге жетуі керек және актер сыр-сымбатына ерекше мән беруі керек. Олардан сахнада сомдайтын образына шынайылықты талап етемін. Ол үшін тәртіп бірінші орында. Тәптіппен жасалған дүние кез келген кемшіліктердің азаюына ықпал етеді.
– Театр деген ғажап өнердің ішінде жүргеніңізге біраз болды. Сіздің түсінігіңізде өнерге адалдық деген не? Түйгеніңіз не?
– Театр – ғажап ұғым, бұл сұрақтың жауабы өзінде тұр. Ғажап маман, ғажап кәсіп. Өнер, сахна арқылы ақын-жазушылардың ұрпаққа мұра етіп қалдырған шығармасын сахна арқылы өскелең ұрпаққа жеткізесің. Сондықтан киелі сахнада бір мамандыққа байланбайсың, бұл жер кез келген мамандықтың ұстанымын, кейпін көрсетеді, адамның ішкі эмоциялық толғаныстарын шығарады, қоғамның айнасы бола алады. Егер көрермен қойылымнан өзіне керегін ала алса, күткенін көрсе – театрдың жетістігі. Бұл жолда бір кісінің «шаңы» шықпайды, ауызбіршілікті талап ететін өнер түрі болғандықтан, сіз «мен» түсінігін ұмытуыңыз керек. Міне, өнерге деген адалдық.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
ҚЫСҚА-НҰСҚА:
• Күнделік не қойын дәптеріңіз бар ма?
• Жоқ.
• «Заманауи спектакль» қандай болуы керек?
• Заман өзгергенмен, мәселе өзгермейді.
• Ұстанатын қағидаңыз қандай?
• Еңбек ету!
• Рөлге дайындық кезіндегі ритуалыңызды айтсаңыз...
• Сахна алдындағы тыныштық, артикуляциялық жаттығулар, психикалық тыныштық.
• Театрды айқындайтын үш сөз айтыңызшы...
• Өнер, Даму, Тәртіп.