Бұл көрсеткіш әлі де кітап оқу мәдениетін қалыптастырып, кітапқұмарлар қатарын көбейту керегін көрсетеді. Дегенмен қоғамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыратын, қазақ әдебиетін насихаттайтын шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Бір ел – бір кітап» акциясы.
Ұлттық академиялық кітапханада аталған республикалық акцияның қорытындысы мен 2025 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау отырысы өткен еді. Бір топ зиялы қауым өкілдері қатысқан алқалы жиынға ZOOM платформасы арқылы облыстық кітапхана басшылары да қосылды. Жиын барысында Жеңістің 80 жылдығына орай майдан тақырыбына қалам тербеген авторлардың шығармалары, биыл мерейтойлары аталып өтетін қазақ қаламгерлерінің туындылары және барлық жастағы оқырманның сұранысын қанағаттандыратын кітаптар мен авторлары ұсынылды.
Ұлттық академиялық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген мерейтойы тойланатын тұлғалардың шығармасын оқумен шектелмей, түрлі методологиялық орталықтар зерттеу жүргізіп, сайттар ашылса, тағы сол сияқты қажетті дүниелер жарық көрсе деген ұсынысын айтты.
– «Балалар кітапханасы» арқылы былтыр конкурс болды. Алматы облысынан балалар қатысып, жеңімпаздар анықталған. Ресейдің «Полка» деген жобасы бар. Былтыр біз де Мұрат Әуезовті қойып едік, биыл сондай жоба сәл кешеуілдеп жатыр. Сол сияқты «Бір ел – бір кітап» жобасы қоғамда танылса және насихатталса екен. Кітап таңдауға келгенде ел болып, отбасы болып оқитын кітап таңдағанымыз дұрыс деп ойлаймын, – дейді Ғ.Құдайберген.
Жазушы Асқар Алтай былтыр Бердібек Соқпақбаевтың мерейтойына орай 10 000-нан астам шара болғанын негізге ала отырып, келесі авторлардың да еңбегінде нені алға тартқанын зерттеп, өмірбаянына, шығармашылыққа келуін зерттеу керегін айтты. Сонымен қатар мектептің 9,10,11-сынып оқушыларына эссе емес, осылай шығармалар жаздырып үйрету қажетін ұсыныспен жеткізді.
Ал әдебиеттанушы Амангелді Кеңшілікұлы: «Кітап оқу деген – тек ұстап оқу ғана емес, аудио кітапқа да көңіл бөлген жөн», – дейді. Айтуынша, кітаптың аудио нұсқалары оқырманның уақыты мен қаражатының үнемделуіне сеп болады. Осы тұста Ғазиза Құдайберген бірқатар авторлардың шығармасын осындай жобамен жасағандарын және оның оңай емес екенін айтты. Мысалы, Қуат Ахметжанмен бірлесіп жасалған 23 шығарма 1 жыл бойы дайындалған екен.
Ақын Дәулеткерей Кәпұлы ауыл кітапханаларына көбірек кітап жеткізу керегін айтты.
«Осы жобаның он шақты жылдан бері басы-қасында жүрміз. Былтыр екі халықаралық шараға қатыстым. Бакуде Б.Соқпақбаевтың әзербайжан тіліне аударылған шығармасының тұсаукесері өтті. Екіншісі – Шымкентте өткен Халықаралық конференция. Бізде екі адамның кейіпкерлеріне ескерткіш қойылған. Олар – Әбдіжәміл Нұрпейісов пен Бердібек ағамыздың шығармасындағы кейіпкерлер. Мектеп кітапханалары және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері бұл акцияны жиі өткізеді. Сондықтан қала емес, ауыл кітапханаларын жарылқап, көбірек кітаптар жеткізуіміз керек», – деді ол.
Шараның соңына қарай 2025 жылы акция аясында оқитын кітапты таңдау туралы ойлар ортаға салынды.
– Бердібек Соқпақбаев туралы көп дүние айтылды. Былтыр «Айқын» газетінде көп насихатталды. «Менің атым – Қожаны» түсіруге Тахауи Ахтанов себепкер болғандығы туралы тың деректер берілді. Сол сияқты мектеп кітапханаларында көп оқылуы қажет. Өйткені мектеп қабырғасында оқушы санасына жетуі керек. Соғыс туралы оқылуы керек еді, мысалы Ә.Нұршайықов, Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» сияқты шығармаларды жоба соңында таңдап, ұсынсақ, – деді журналист Гүлзина Бектасова.
Сондай-ақ жиынға қатысушылардың әрқайсысы ұсыныстарын айтып, ортаға салды. Нақтырақ айтсақ, Ғ.Құдайбергенқызы прозаға – М.Байғұт, Т.Әлімқұлов, Т.Нұрмағамбетов, поэзияға – Молдағалиев, Ж.Нәжімеденов туындыларын, Б.Қайырбекқызы М.Ғабдулиннің «Менің майдандастарым», Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі», С.Мұқановтың «Ботагөзін», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдарын», Қанат Алтынбек әр акцияға М.Әуезовтің сұраныстағы кітаптарын қосуды, Амангелді Кеңшілікұлы Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс» шығармасын, Асқар Алтай Қасым Қайсеновтің туындыларын, Анар Хамитова орыс тілінде болса да Александр Бектің «Волоколомское шоссе» шығармаларын оқуды ұсынды. Комиссия мүшелері қорыта келе, прозадан Т.Әлімқұловтың, поэзиядан Ж.Нәжімеденовтің шығармаларын оқуды таңдады.
Әсемай РИНАТҚЫЗЫ