Әлеуметтік желіде біреуді балағаттаған әйел қомақты айыппұл арқалады

Әйел кінәсін толық мойындаған.

Қызылорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы әйел адамға жала жауып, абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіргені үшін қомақты сомада айыппұл төлейтін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, пікір жазғанын растаған.

– Оның әрекеті полиция қызметкерлерінің баянаттарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, түсініктеме, сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысы және басқа да іс бойынша құжаттармен дәлелденді. Бұл бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабының 2-бөлігімен әкімшілік жауапкершілік көзделген. Онда көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын, телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер тарату жағдайы көрсетілген. Жала жапқан азаматша кінәлі деп танылып, оған 465 192 теңге айыппұл салынды, – деп мәлімдеді Қызылорда қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының баспасөз қызметі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.