Миы шайқалған: Павлодарда төрт жасар бала биіктен құлап кетті

Қазір ол емханада ем қабылдап жатыр.

Әлеуметтік желіде сауда-ойын орталықтарының бірінде жіптерден тартылған лабиринттен төрт жасар бала құлап, жарақат алғаны туралы хабарлама жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты @Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

– Демалыста балаларым ата-апасымен бірге ойын алаңына барды. Ол жерде кіші ұлым 5-8 метр биіктен құлады. Оның мұрнынан, аузынан қан ағып, қатты қорқып, есеңгіреп қалды. Ортаншы ұлым да құлай жаздады, алайда оның аяғы оралып қалды, – деп жазды зардап шеккен баланың анасы. 

Облыстық Полиция департаменті аталмыш факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

– Жарақат алған кәмелетке толмаған бала ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты емделгеннен кейін ауру анамнезі негізінде сот-медициналық сараптама тағайындалады, оның нәтижелері бойынша процестік шешім қабылданады, – деді департаментте. 

Сондай-ақ тексеру аясында жауапты тұлғалардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады.

Жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 12 қаңтар күні сағат 13:16-да орын алды. Төрт жасар бала мидың шайқалуы диагнозымен облыстық балалар ауруханасының жарақат пунктіне жеткізілді.