Қазақ жұрты белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметовті туған жері Түлкібас ауданында ақтық сапарға шығарып салды. 95 жасқа қараған шағында бақилық болған профессор өмірінің соңғы сәтіне дейін қазақ тұлғаларының мұраларын зерттеумен және түгендеумен айналысты. Оның жерлеу рәсіміне қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен шәкірттері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақ ғылымындағы қайталанбас тұлғаны шығарып салуға оның көзін көрген жандар түгелдей дерлік жиналды. Еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар Мекемтас Мырзахметов туралы естеліктерімен бөлісті. Ғылыми зерттеулерге қосқан сүбелі үлесін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Мекемтас Мырзахметұлының зерттеу еңбектерінде абайтану мен мұхтартану, бауыржантану, ясауитанудың, Абайдың ақындық зертханасының жайы, ақын мұрасының рухани нәр алған қайнар көздері мен шығыспен байланысы 1965 жылдан бастап ден қойылған.
Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасында 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қызылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, "тастай қатты, бекем болсын" деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.
Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтқанын жазған едік.