Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды

Жер сілкінісінен соң цунами қаупі туралы ескерту жарияланды.

Жапонияның оңтүстік-батыс бөлігінде магнитудасы 6,9 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Зілзаладан соң өңірде цунами қаупі туралы ескерту жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz NHK сілтеме жасап.

Жапония метеорологиялық агенттігінің мәліметінше, жер сілкінісі жергілікті уақытпен сағат 21:19-дан (Астана уақыты бойынша сағат 17:19) кейін болған. Осыған байланысты Кюсю аралындағы Миядзаки префектурасында, сондай-ақ Жапонияның оңтүстігіндегі Коти префектурасында ескерту жарияланды.

Жер сілкінісінен соң шамамен 30 минут ішінде биіктігі бір метр болатын алғашқы цунами толқыны жағалауға жетті.

Жергілікті билік цунами қаупі туралы ескертуді дүйсенбі күні кешкісін алып тастады, бірақ тұрғындарды теңізден және жағалаудан аулақ болуға шақырып жатыр. Себебі екінші және үшінші толқындар алғашқы толқыннан биік болуы мүмкін деп болжанып отыр.

Синоптиктердің айтуынша, осы ауданда дәл осындай күшті жер сілкіністері болса, жартастардың құлауы және тастардың домалауы тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

Жапонияның көп бөлігі Тынық мұхитының отты сақинасында орналасқан. Сондықтан бұл аймақ қарқынды сейсмикалық және вулкандық белсенділігімен танымал.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.