«Баға қайда кетіп барасың?» деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік – депутат

Парламент Мәжілісі бүгін жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысын өткізді.

Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Ерлан Саиров Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға депутаттық сауал жолдап, Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан,  халқымыздың әл-ауқаты артар емес деп сынады, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің барлық реформаларымыз азаматтардың өмір деңгейі мен сапасын арттыру үшін жасалады» деп әрдайым айтып келеді. Алайда, Үкіметтің жасап жатқан шараларына қарамастан,  халқымыздың әл-ауқаты артар емес. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс 112-мың теңге құрайды, оның 98-мың теңгесі тек қана азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді.

Саировтың Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп айтқан ақпаратына сәйкес, күріштің бағасы 31,3-пайызға, жұмыртқа 16,9-пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған.

Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жібергені анық. «Баға қайда кетіп барасың?» деп жыламсырайтын жағдайға да жеттік деген депутат, «AMANAT» фракциясы бүгінгі аумалы-төкпелі кезеңде біздің отандастарымыздың әлеуметтік деңгейінің күрт төмендеуіне жол бермеу қажет деп есептейтінін жеткізді.

Халық қалаулысы Үкіметке ең төменгі төлемді индексация жасау, жұмыссыздықтан сақтандыру сомасын арттыру арқылы  ең төмен жалақы алатын адамдардың сақтандыру жүйесін жетілдіру, әкімдер өңірлік ауыл шаруашылық өнімдерін жергілікті тұрғындар мен нарыққа қажетті мөлшерде жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша шұғыл қадамдар жасау қажеттігін айтты.