Депутат еден жуушы мен аула сыпырушының жалақысын көтеруді талап етті

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» фракциясының депутаты Үкімет басшысына сауал жолдады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновке «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік педагогтар мен білім беру ұйымдарындағы техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы сауал жолдады, – деп хабарлайды Аikyn.kz

Ол әлеуметтік педагогтарды В3 функционалдық блогынан В2 функционалдық блогына ауыстыру керек деп 2023 жылы сауал жолдаған. Бірақ Үкімет бұл мәселені әлі шешпеген. Әлеуметтік педагогтардың  қызметі ауыр, ал айлығы 118 мың теңге дейді депутат. 2 жыл бұрын халық қалаулысы Үкіметтен талап еткендей әлеуметтік педагогтарды В2 функционалдық блогына ауыстырса, олардың айлығы 150 000 теңге болады екен.

Депутаттық сауалдағы екінші мәселе, білім беру  ұйымдарындағы еден жуушы, аула сыпырушы, вахтер, кір жуғыш машинаның операторы, аспаз, жүргізуші, электрик сынды мамандар мен техникалық персоналдың мардымсыз жалақысы. «Білім беру ұйымдарындағы техникалық персонал қызметкерлерінің жалақысы 2024 жылы 71%-ға, 2025 жылы 100%-ға өседі деген ресми мәлімет бар. Бірақ соның өзінде аталған азаматтардың айлығы еліміздегі орташа жалақы тұрмақ медианалық жалақы деңгейіне жетпейді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік, соны жойып жұмысшылардың жалақысын көтеру керек», – дейді депутат.

Аталған 2 талапты орындау үшін ол Қазақстан Республикасы Үкіметі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Сәрсенғалиев сәрсенбілік жиында «Биылғы жылды Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Мен жіпке тізген мамандар жұмысшы мамандық емей немене? Ендеше олардың жалақысын биыл көтермегенде қашан көтереміз?» деп өзекті мәселелер көтеріп, әлеуметтік әділеттілікті үйрететін әлеуметтік педагогтар мен  жұмысшылардың жанайқайын жеткізді.