Осы бағытта атқарылған жұмыстар туралы білмек болып, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевты әңгімеге тартқан едік.
– Генерал-майор мырза, әскер жасына дейінгі жастармен жүргізіліп жатқан әскери-патриоттық жұмыстарға көңіліңіз тола ма? Келешекте қандай өзгерістер болмақ?
– 2023 жылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Мемлекет басшысы: «Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс» деген болатын. Осыған сәйкес, Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделі мен жауынгер мәртебесін арттыруға ерекше назар аударуда.
Қорғаныс министрлігі негізгі күш-жігерін патриотизм негіздерін нығайтуға, әскери қызметтің беделін арттыруға және ынталандыруға, жеке құрамға Мемлекет басшысының негізгі бағдарламалық құжаттарын түсіндіруге бағыттап, әскери қызметшілерді идеологиялық тәрбиелеу жөніндегі жұмысты үздіксіз ұйымдастырып келеді.
Әскери-патриоттық тәрбиені жетілдіру күн тәртібінен түскен емес. Бұл ретте еліміздегі «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының сыныптары мен клубтары әскерге келетін бозбалаларға көп көмегін тигізуде. Соның арқасында жастар әскери өмірге психологиялық және физикалық тұрғыда дайын болып келеді. Сол себепті олар темірдей тәртіпке де тез бой үйрететінін айта кету керек.
Баланың бойындағы елшіл сезім, отансүйгіштік қасиеттер мектеп қабырғасында қаланады. Сол себепті алдағы уақытта мектептердегі алғашқы әскери дайындық бағдарламасы төңірегіндегі бірқатар мәселе өз шешімін таппақ. Мәселен, бүгінде жоғары сынып оқушыларына арналған бұл пәннің мазмұны көңіл көншітпейді. Одан сабақ беретін мұғалімдердің де тәжірибесі жеткіліксіз. Біз пәннің мазмұнын қарап, біраз қателік таптық. Оны ұсыныс ретінде Оқу-ағарту министрлігіне жолдадық. Министрлік жаңа білім стандарты қабылданған соң, келер жылы «Алғашқы әскери дайындық» оқулығын жаңартып, қайта жазып шығуға келісім беріп отыр.
Сонымен қатар таяуда өткен екі ведомствоның біріккен жиынында мектептер мен әскери бөлімдердің байланысын барынша арттыру туралы мәселе қозғалды. Бұл дегеніміз – жас балаларды әскери өмірмен таныстыру, патриотизм, елді қорғау сезімін санасына бекіту үшін Ашық есік күндерін және тағы басқа тәрбиелік мәні жоғары іс-шараларды ұйымдастыру деген сөз.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру деңгейін тым төмен деп бағалауға болмас. «Көш жүре түзеледі» деген. Аздаған кем-кетік болып жатса, алдағы уақытта бәрі орнына келеді. Келешекте әскери комиссариаттар алдында жастарымыз кезекке тұратын уақытқа жететінімізге сенімдімін.
– Әдетте, армияның қоғамдағы беделін арттырудың түрлі тәсілі бар екенін жиі айтамыз. Ол заманауи әскери техникамен жарақтанудан бастап, жоғары жалақы, жақсы имидж, қатаң тәртіп пен әділдік дейсіз бе, толып жатқан факторға байланысты екенін білеміз. Соның ішінде әдебиет пен музыка, кино өнері де әскердің беделіне әсер етеді. Алдымен әдебиет туралы айтайықшы. Жасөспірімді қазір қандай шығарма арқылы армияға қызықтыра аламыз? Белгілі бір конкурстар арқылы жазушылардың Отан қорғаушылар тақырыбына қалам тартуын ынталандыруға болмай ма?
– Ойыңызды түсіндім. Иә, әскер қатарында өмірі жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық сардарлар мен сарбаздар аз емес. Олар барынша насихатталып та жатыр. Әрине, көбіне ақпарат көлемінде, әрі кетсе олар туралы газеттерде эссе немесе очерк жарық көреді.
Біздің көбіміз көркем әдебиеттегі қаһармандарға еліктеп, солардай болсақ деп өстік. Алдымызға арман қойдық. Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ солдатындағы» Қайрош талай қазақ баласының намысын жанымады деп кім айта алады? Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарындағы» Ербол бейнесі де талай баланы төсегінде дөңбекшіткен. Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндері» де осыдан 80 жыл бұрын аяқталған соғыстағы ерлік пен қажырды суреттейтін. Бауыржан Момышұлының еңбектері мен ол кісі жайлы жазылған шығармалар талай бозбаланың офицерлік жолды таңдауына әскер еткенін білеміз. Бірақ олар аға буын пір тұтқан тұлғалар еді. Өз кезінде қуатты идеологиялық қызмет атқарды. Ал қазір біз ХХІ ғасырдың алғашқы ширегіне қадам бастық. Демек, қазіргі заманның қаһармандары туралы да көркем шығармалар жазылуы керек. Әдебиет дегенде осы ойды айтқыңыз келді-ау деп топшылаймын.
Әскерде де әдеби шығармаға кейіпкер боларлық азаматтар аз емес. Оқиғалар да болды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Тәжік-Ауған шекарасында қызмет атқарған жауынгерлеріміздің ерлігі де әдеби шығармаға арқау болады. Иракта бітімгерлік миссияға қатысқан офицерлеріміз бен сарбаздарымыз бар. Адамзат ежелгі мекендерінің бірі саналатын Месапотомия аймағының бір бөлігі – Ирак жерін минадан тазартуға сарбаздарымыз қатысқан еді. Сонда жүріп мерт болған капитан Қайрат Құдабаев та әдеби кейіпкер бола алар еді. Оның арманы Ирак жеріне барғанда көңілге түйгені, жолдарды, алқаптарды мина мен жарылғыштардан тазартудың қиындығы, сапердің психологиялық күйі, қысқасы тақырып етсе бәрі де әдеби шығармаға сұранып тұр деп ойлаймын.
Бір сөзбен айтқанда, армияда жастарға үлгі болатын азаматтар өте көп. Олар бейбіт күнде ерлік жасап жатады. Отқа оранған үйдің тұрғындарын құтқарған Халық қаһарманы Азамат Жұмаділовтің ерлігін ешкім ұмыта қойған жоқ. Күні кеше Ақтаудағы ұшақ апатында да зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке жеткен әскери қызметші екен. Жүргізушісі есінен танып қалған автобусты тоқтатқан мектеп оқушысы Ақжол Герой да біздің мақтанышымыз. Ондай мысалдар аз емес. Олар туралы жазылса өз оқырманын табатын шығар деп ойлаймын.
Жалпы, болашақта әскер өміріне ақын-жазушыларды көбірек тартып, әдеби байқау, мүшайралар өткізіп тұрсақ артық емес. Қазіргі қазақ қаламгерлері де бейбіт заманның қаһармандары туралы балаларымыз үлгі-өнеге алатын сүбелі шығармалар жазатынына сенімдімін. Ал ондай шығармаларды оқып өскен жастар әскерге өз еркімен баратынына сенімім кәміл.
– Шайх-Хасан Сатарқұлұлы, әскердегі тәртіп пен тәрибеге байланысты не істеп жатырсыздар?
Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясында»: «Әскери тәрбиенің негізі – командирдің әміріне міндетті түрде бағынушылықты жете түсіну, ұғыну, қызмет бабы талап ететін әскери өмірге сөзсіз түрде толық мойын ұсынушылыққа қол жеткізу» дей келе, «Солдаттан қарапайым жан жоқ. Оған сергек те, ықыласты әрі әділ болған жөн» дейді. Барлық деңгейдегі командирлер батыр атамыздың осы қағидасын күнделікті жұмыс стиліне айналдыру керек. Осындай тәрбие болған жерде, тәртіп те болады.
Қарулы Күштерде әскери тәртіпті нығайту бойынша профилактикалық және алдын алу шараларының барлық кешені 2025 жылға дейінгі «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасына сәйкес жүзеге асты. Өзіңіз білесіз, бұл кешенді жоспар психологиялық, идеологиялық және патриотизмге тәрбиелеу сияқты көптеген бағытты қамтыды.
Бөлімдердегі жеке құрамды бақылау «Серіктес», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» жүйелері арқылы жүзеге асырылды.
Профилактикалық онкүндіктер, акциялар, айлықтар, анонимді сауалнама жүргізу, психологиялық тренингтер өткізу тұрақты негізде жүргізіліп тұрды.
Әскерде болып, өмір мектебінен өткен кез келген адам алдымен тәртіп пен жауапкершілікке үйренеді. Сындарлы сәтте өзіне сенімді болады. Қайталап айтамын, әскер дегеніміз – бұл өмір мектебі. Ол мектеп жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, әскери саланың негізін үйрететін, ер жігітті еесейтетін орта. Уақытының басым бөлігі жауынгерлік дайындықтан тұратын әскери өмір бозбаланың ерік-жігерін жанып, намысын оятады.
Азаматтық өмірде жеңіл-желпі әрекеттерге үйренген кейбір жастар қиындық көрмей өседі. Сол себепті әскерден жалтарудың ретін іздейді. Біз ел қорғайтын азаматтарды тәрбиелейміз. Ал еліне қорған боламын деген ер жігіт әскер қатарындағы бір жылда көбіне жауынгерлік дайындықпен айналысады. Бұл дегеніміз – біріншіден елдің жұмылдыру ресурсы. Мұны дұрыс түсіне білетін жастар бізде аз емес деп білемін. Олай болса, Отан қорғау деген абыройлы міндетке адал болғанға не жетсін?!
Сарбаздарды тереңдетіп зерделеу мақсатымен олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатылған. Әлеуметтік желілерге ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек, ата-аналардың чаттары жұмыс істеп тұр.
Қорғаныс министрлігінің мобильді топтары алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен әскери бөлімдердің командирлеріне әдістемелік көмек көрсетіп отырады.
Лудоманияға бейім және несиелері бар адамдардың есебі, қаржылық сауаттылық кейстері сараланып, олардың төлем қабілеттілігіне талдау жүргізіледі.
Үйішілік жанжалдардың алдын алу мақсатында отбасыларға бару, командирлердің әскери қызметшілердің жұбайларын жеке қабылдауы, сұрақ-жауап кештері, отбасылық чаттар арқылы мәселелерді зерделеу тәжірибе түрінде қолданылып келеді.
Әскерге шақыру учаскелерінде әскерге шақырылушыларды зерделеу кезінде «Ақ сұңқар» психодиагностикалық кешендері кеңінен қолданылады. Аталған шаралардан басқа, біз осы жылдың басынан бастап іске қосқан құқықбұзушылықтардың алдын алу әдістемесі шеңберінде әскери бөлімдер мен әскери полиция органдары командирлерінің өзара іс-қимылын ұйымдастырдық.
Қазір негізгі күш-жігерді әскери қызметшілердің жеке жауапкершілігін, олардың құқықтық сана деңгейін, мәдениеті мен мінез-құлық этикасын арттыруға шоғырландыру қажет. Бұдан бөлек, әскери қызметтің тартымдылығын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін оң шешу, қызметтік жүктемені азайту кезек күттірмейтін іс-шаралар деп білемін.
Сенбі және жексенбі күндері жоспарлы тәрбие іс-шараларынан бөлек, «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі шеңберінде мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің (курсанттардың, кадеттердің) ата-аналарымен телефон және бейне байланысы тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Былтыр Қорғаныс министрлігі әзірлеп, енгізген профилактикалық жұмыстың жаңа нысандарының ішінде «Оқиғалар мен құқықбұзушылықтардың профилактикасы әдістемесін», «Әлеуметтік тәуекелдер картасын», «Әскери тәртіпті нығайту жөніндегі лауазымды адамдардың жұмысының үлгілік алгоритмдерін» (бөлімше командирінен бригада командиріне дейін) атап өткен жөн.
Әскери қызметшілерді қызметтік уақытта бақылаудың пәрменді нысандарының бірі онлайн-бақылау және бейнебақылау камераларын қарау болып табылады. Бұл оқиғалардың алдын алуға және сақтандыруға ықпал етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты әскери бөлімдер мен мекемелердің штаттарына оператор лауазымдары енгізілді. Бүгінде Қарулы Күштерде 12 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған.
Сонымен бірге әскери тәртіпті нығайтуда жетістікке жеткен командирлерді ынталандыру нысандарын әзірлеу, өзге күштік ведомстволармен профилактикалық жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу да тәрбие саласына оң ықпал етпек.
– Соңғы жылдары «Сарбаз аналары» комитетінің жұмысы жаңаша қарқын алып келеді. Комитеттің жұмысында қандай жаңашылдық бар?
– Дұрыс айтасыз, армиядағы профилактикалық қызметтің бір аспектісі «Сарбаз аналары» комитетімен өзара іс-қимыл екені белгілі. Қоғамдық ұйым өкілдеріне сарбаздар қызметінің барлық кезеңдерінде, олар әскерге шақырылған сәттен бастап, запасқа шығарылғанға дейін есік ашық. Комитет мүшелеріне әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен, мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің моральдық-психологиялық жай-күйімен, тұрмысымен және қызмет өткеру жағдайымен танысуға, жеке әңгімелесулер, семинарлар мен тренингтер, сауалнамалар мен салтанатты іс-шаралар өткізуге, ұсыныстар енгізуге мүмкіндік берілген.
Комитет өкілдері үшін әскерге шақыру және медициналық комиссиялардың жұмысы кезінде барлық әскери бөлімдерге, сондай-ақ облыстық (қалалық, аудандық) жинау пунктеріне кедергісіз кіруге рұқсат етілді. Осылайша, әскердегі өмірді ашық көрсетуге тырысып келеміз.
– Генерал мырза, әскерилердің тұрмыс жағдайлары қалай? Жалақылары өсе ме?
– Биылғы жылдың басты жаңалығы жаңа жылдан бастап жеті мемлекеттік орган еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесіне көшті. Бұл жаңашылдық Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктеріне, Бас прокуратураға, Қаржы мониторингі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, сондай-ақ Мемлекеттік фельдъегерлік қызметіне қатысты.
Егер бұрын әскери қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу 78 тарифтік санат бойынша жүзеге асырылса, енді бірыңғай тізілім бойынша 22 позиция бойынша жүргізілетін болады. Бұл жалақы жүйесін едәуір жеңілдетеді және бар диспропорцияларды жояды.
Еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу 2025-2026 жылдар ішінде екі кезеңде іске асырылатын болады.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлер құрамының лауазымдық жалақысы орта есеппен 20,3%-ға, батальон командирі – 28,2%-ға, қатардағы және сержанттық құрам – 33,9%-ға, бөлімше командирі – 43,1%-ға, полк сержанты – 54 ,3%-ға артады.
Екінші кезеңде, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап офицерлер құрамының лауазымдық жалақысы бірінші кезеңдегі жоғарылату деңгейінен орта есеппен 23%-ға артады. Қатардағы және сержанттық құрам алдыңғы өсімнің 10%-ға өсуін күтеді.
Сондай-ақ бірінші кезеңде бұл өзгеріс 2023 жылы лауазымдық жалақыларының өсуіне байланысты ұшу құрамының әскери қызметшілері мен әскери медицина қызметкерлеріне әсер етпейтінін атап өтеміз.
Сонымен бірге екінші кезеңде барлық күштік мемлекеттік органдар үшін лауазымдар иерархиясын құра отырып, оларды басқа күштік мемлекеттік органдардың ұқсас ұстанымдарына теңестіруге байланысты жекелеген лауазымдар бойынша жалақыны арттыру жоспарлануда.
Лауазымдық айлықақыларды арттыру сыныптылығы және мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істегені үшін төленетін үстемеақыны, сондай-ақ сауықтыруға берілетін көтерме жәрдемақыны, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін және тағы басқа ұлғайтуға әсер етеді.
Осылайша, 2025-2026 жылдар ішінде Қарулы Күштер мен басқа да күштік құрылымдар әскери қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларын арттыру орта есеппен 48,2%-ды құрмақ.
Тағы бір айта кетерлігі, мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне арналған «Срочники 2.0» бағдарламасы жұмыс істейді. 2022 жылғы 25 қазанда Қорғаныс министрі жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойған болатын. Осылайша, келісімде ЖОО есебінен жоғары білім алу үшін орын бөлу көзделген. Сарбаздар осы бағдарлама арқылы 100 пайыз грантпен оқуға түсе алады.
Бұдан бөлек, Қарулы Күштердің цифрлық трансформациясы аясында мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға кредиттік демалыс беріледі.
Атап айтқанда, азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрық тікелей жүйеде шығарылып, бірден кредиттік бюролардың сервистеріне жіберіледі. Кредиттердің бар-жоғын анықтағаннан кейін екінші деңгейдегі банктер мен микрокредиттік ұйымдар бұл деректерді 14 ай мерзімге кейінге қалдырады.
Қазір жалпы сомасы 5,54 млрд теңгеге 22.5 мың қарыз бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылған 15 мыңнан астам адамға кредиттік каникул берілді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ардақ СҰЛТАН