Ұлт қайраткерінің есімін ұлықтасақ

Ораз Жандосов – Кеңес өкіметі кезінде тұңғыш рет ақындар айтысын өткізген, 1916 жылы ұлт-азаттық көтерілісі ұйымдасқан, бүгінде Ереуілтөбе атанып кеткен Қарқара жеріне тұңғыш ескерткіш белгі жасатқан қайраткер және қазіргі Ұлттық кітап­хананың тұңғыш директоры болған жалынды күрескер.

Ораздың ба­ла­лық шағы, жігіт­тік кезі, мем­лекет және қоғам ісіне белсе­не атсалысқаны хақында Кенен Әзірбаев жал­пы көлемі 500 жолдық поэма арна­ған екен. Өкініштісі, ол шы­ғар­ма ешқайда басылмай, тағды­ры белгі­сіз болады. Кененнің ұстазы, әйгілі ақын Жамбыл Жабаев та Ораздың отбасы, өс­кен ортасы хақында ой жүгір­тіп, жүрегінен жыр төгеді.

«Қара болсаң, қара бол, ханнан аулақ, 

Кедейдің сөзін айттың, дауын даулап. 

Қара қылды қақ жарып жүрсең егер,

Бағың өсіп кетерсің, отың лаулап».

Ораз Жандосов 1929 жылдың 1 мау­сымынан бастап Халық комиссары қызметінен төмен­дет­іліп, құрылуына атсалысқан Қазақ университетіне қарапайым оқытушылық қызметке жіберіл­еді. Оған да мойымай, көпте­ген зерттеу лекциясын жүргізеді. Қазақстанды зерттеу қоғамын басқара жүріп, еліміздегі кітап­хана ісінің де дамуына атсалысты. 1929 жылы Қазақ ауылшаруа­шылық институтының дирек­торы болды. 1931 жылы сол кез­дегі Қазақ мемлекеттік көпшілік кітапханасын ұйымдастырды әрі тұңғыш директоры болды. Киелі қара шаңырақтың тізгінін өз қолы­на алған ол аз уақыттың іш­ін­де қазақ оқырманын кітапха­на­ға тарту мақсатында қыруар шар­уа атқарды. Дегенмен Оразды бұл орында да көп тұрақтатпай, әр­түрлі шаруашылық-науқандық жұмыстарға жіберіп отырады. Күшпен ұжымдастыру жыл­дар­ында кеңестік билік Оразды Ал­маты облысының Қастек пен Қордай аудандарына және Әу­лие­ата облысының Сарысу аудан­ына уәкіл етіп тағайындады. Сол кезде де жергілікті жерлерде қалыптасқан ауыр жағдайларды республика басшылығына қай­мықпай шындықты ашық айтып отырды. Сөзімізге дәлел ретінде Жандосовтың 1933 жылы Сарысу ауданының жай-күйі туралы айтқанын келтірсек: «Ауылдарды аралаған кезімде, мен ондаған күн бойы жерленбеген мәйіттерді кездестірдім. Бұл жағынан тірі қалған әйелдер мен балаларға ешкім көмек көрсетпейді». Осы­лай­ша, ол ашаршылық кезіндегі небір адам шошырлық қасіретті оқиғаларды биліктен қаймықпай жариялап отырды. Кеген аудан­дық партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарып жүрген 1934 жылдың 6 қаңтарында Ал­маты облысының партия кофер­ен­циясында ол былай дейді: «Бұрынғы басшылар саяси қате­ліктеріне байланысты туындаған қиыншылықтарды жою үшін күресу қажет. Ол үшін жергілікті жерлердегі ескі басшылықтың жіберген қателіктерін сынаудан қашпауымыз қажет. Біздің мін­дет – жоғарғы жылдамдықпен қарқынды жұмыс істеу».

Конференциядан соң ол қай­тадан партия органдарына жауап­ты қызметтерге тартыла бастай­ды. 1933 жылы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы, облыстық атқару комите­ті­нің төрағасы қызметтерін ат­қарды. Дәл осы тұста Ораз Жан­­­досов Жамбыл мен Кененге көп көмектесіп, Жаркенттегі өлкелік ұйғыр мәдениетін ұйым­дас­тырып, Дүнген музыка теа­тры­на көмегін де аяп қалмайды. Ораз Қыйқымұлы жөнінде тарих­шы ғалымдар іргелі зерт­теулерін жариялап жүр. Ұлттық ғылым ака­демиясының академигі тарих ғылымдарының докторы, про­фессор Мәмбет Қойгелді бүгінде ҰҚК Алматы қалалық архивінде Ораз Жандосовтың ІІІ том тергеу материалдары сақтаулы тұрғанын айтады. Осы орайда айта кетейік, тінту кезінде 9 дәптерге жазылған «Теміртас» атты қолжазба аудар­масын да белсенділер алып кет­кен. Бүгінде зерттеушілер жо­ғалған «Теміртасты» көркем туын­ды болуы да мүмкін деген пікірлер айтады.

«Ұлтым» деп ұрандап, «жұрт­ым» деп жалындаған Ораз қай кезеңде, қандай шаруаға кірсе де елінің мүддесін алдыңғы қатарға қойып отырды. Бастапқыда бізге белгісіз болып келген сот тергеу материалдары егемендік алып, еңсемізді тіктеген соң ақтаңдақ беттер айқындала бастады. О.Жан­дос­овтың тарихи ерліктері зерт­теушілер арқылы нақты дәл­ел­деніп отыр.

Мысалы, ол 1916 жылғы кө­тер­іл­істің 10 жылдығына байлан­ыс­ты жазған мақалалары мен хаттарында: «1916 жылғы көтеріл­іс қазақ халқының алдына ел бол­ып қалу немесе өшу туралы мәселе қойды» деп биліктен тай­салмай, көп ұзамай басына үйір­ілер қара бұлттан қаймықпай жаз­а­ды. Академик Мәмбет Қой­гел­ді Ораз Жандосовтың осы пікірін сол кездегі екінің бірі бара бермейтін ерлікке теңейді. Негіз­інен, О.Жандосов көтерілістің түп-­тамыры тереңде екенін мең­зеп, Исатай мен Кенесары бас­таған ұлт-азаттық қозғалыс­тар­ының өзара сабақтас және кө­тер­ілістердің түпкі мақсаты отарлық езгіден құтылу екендігін айтады. Ерліктерінің тағы бірі, сол кездегі Верный қаласының аты Алматы деп ауыстырылуына аянбай тер төккен еді. «Қазақ коммунистерінің арасындағы екі топтың барлығы маған белгілі. Олардың біреуіне – Садуақасов Смағұл, бұрынғы жер жөніндегі комиссар, Сұлтанбеков, Мың­баев және Жандосов тағы бас­қалар басшылық етеді. Екінші топтың жетекшілері Халық ком­ис­сарлар кеңесінің төрағасы Нұр­мақов, Тоқтыбаев Кәрім, Тоғжанов жатады. Бірінші топ ұлтшылдардың қатарына жа­тады, екіншісінің де бірін­шіден пәлен­дей айырмасы жоқ. Өйт­кені қа­зақ халқының мүддесін қорғау кезінде, мысалы жерге орналас­тыру мәселесі жөніндегі тартыс кезінде екі топ та бірігіп кетті», – деп Елдос Омаров НКВД-ның тергеушісіне берген жауабында ашық айтады. Міне, өздеріңіз байқағандай, қай жағдайда бол­сын, Ораз Жандо­сов есімі Алаш қайраткерлерімен әсте бөлінген емес, бөлінбейді де. Сіздердің назарларыңызға архив материал­дарын тағы да тізіп шығуға болар еді, дегенмен оның орнына біз Ораздың адами келбетіне тоқтал­ғымыз келеді. Сондықтан да за­ман­дастарының естеліктерін келтіруді жөн сана­дық. 

Жұбайы Фатима Жандосова: «Мәскеуде Кузнецкий мост көше­сінде және біздің Лиха­бордағы саяжайымызда Ораз көп­теген қазақ студенттерінің және жұмыс­пен келген Түркістан республика­сы қызметкерлерінің пірі сияқты болды», – деп тебір­іне жазды. Сәбит Мұқанов қай­раткерлермен таныстығы жөнін­де «Жетісу» газетінің 1969 жылғы 28 ақпан күн­гі санында былай жазады: «Түр­кістандық екі об­лыс­тық қыз­меткер Орынборға 1925 жылдың көктемінен келе бастады. Ол кезде мен рабфактың студентімін, «жо­ғары» аталатын қызметкерлермен араласым аз, сондықтан түркіс­тан­дықтарға да оншалық жұғыса қойған жоқпын, бірақ «анау-анасы, мынау-мына­сы» дегендер­дің ішінен Ораз Жан­досовты да көріп жүргем. Жүзін көргенге дейінгі ұғымымда ол жасы егде тартқан адам болуға тиіс еді. Ал көргенде қарасам, жас шамасы менімен шамалас сым­батты, сұлу жігіт. «Жылқы кісін­ес­­кенше, адам сөйлескенше» дейді ғой қазақ. Ал Ораз Жан­до­с­овпен жылы жарқын сөйлесудің сәті 1927 жылдың жаз­ында түсті. Сол жазда мен қызмет бабымен Қызыл­жардан Қазақстан орталы­ғы Қызылордада осы қыз­метті атқаруым керек. С.Мұ­қан­ов атал­ған мақаласында Ораз Жан­дос­­овтың «Еңбекші қазақ» газет­інің партия тұрмысы және әдебиет бөлімдеріне басшы болуыма ерек­ше ықпал еткенін де жасыр­майды. 

Жазушы Ғабит Мүсірепов өз қолымен арабша жазған естелі­гінде: «Ораз өте орнықты, сергек ойлы, кең құлашты нағыз мемле­кет адамы болатын. Қазақстан­ның талай таршылыққа ұшыраған кездерінде ол торыққан емес. Өмір ылғи молшылық емес, кей­де бар, кейде жоқ, бірақ Ораздың алдынан наразы болмай кетуші едік. Ұсақ-түйекте жұмысы жоқ. Оған кіріп-шыққаннан кейін жігер­лене түсуші едік», – деп Жан­досовтан көрген жақсылы­ғын жазады.

«Жақсының жақсы деген аты қандай, әр сөзі мың алтынға та­ты­ғандай» деп қазыналы халқы­мыз айтқандай, Ораз Жандосов­тың әрбір сөзі мен іс-әрекеті халық жадында мәңгі сақталары анық. Жоғарыда біз сіздерге ұлт қайраткерінің саналы ғұмыр­ындағы санаулы оқиғаларды келтірдік. Ораз жөнінде қазақтың маңдайалды қайраткері тек қана жақсы естеліктер мен пікірлер білдірген.

Ұлттық кітапхананың тұң­ғыш рет тізгінін қолына алып, жан-жақты ізденісінің арқасын­да бір­неше жылдың ішінде рес­пуб­лика­ға мәшһүр кітапхана етуі – табанды еңбекпен қоса, қайтпас қайрат­керліктің жемісі. Ұлт қайрат­керінің есімі жады­мыз­да сақтал­сын деп, 2020 жылы қазан айында Ұлттық кітапхана­ның 120 жыл­дығы қарсаңында «Қазақстан кітаптары» қызметі­нің оқу залы­на көрнекті мемле­кет және қоғам қайраткері Ораз Жан­досов есімі берілді. Ендігі біздің ұсыныс-тілегіміз – Ораз Жандос­овтың есі­мін мәңгі есте қалдыру үшін Алматы қаласын­дағы өзі құрып, алғашқы дирек­торы бол­ған Қазақ ұлттық аграр­лық уни­вер­ситетіне есімі берілсе, сондай-ақ Қонаев қала­сында еңселі ескерткіші орна­тылса дейміз.

Б. ҚОШМАҒАНБЕТОВ,

М. ИМАНБАЕВ,

Жамбыл облысы