Trump 2.0: Қатаң дипломатия, қатқыл үн

Қазір әлем АҚШ-қа көз тігіп отыр. Бірер күннен соң жаңадан сайланған президент Дональд Трамп ресми түрде қызметке кіріседі.

2024 жылдың қарашасында өткен сайлауда жеңіске жеткен соң Трамптың жаһан саясаткерлерінің біразын алаңдатып, медианы ұлардай шулатқаны бар. Канаданы АҚШ-тың 51 штаты ретінде көргісі келетінін айтты, Данияның иелігіндегі Гренландия аралын өз еліне қосып алғысы келетінін мәлімдеді. Панама каналын тұтас бақылауда ұстау керек екенін алға тартты. Украинадағы соғысты бірер тәулікте тоқтатуға уәде бергенімен, кейін сөзі сұйылып кетті. АҚШ-тың жаңа президентінің командасы жанжалды 100 күн ішінде реттейтінін айтып жүр. Әйтеуір, әлемдегі №1 елдің ендігі саясаты көптің көңілін алаңдатып қойғаны рас. Әсіресе, Трамптың кейбір мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін мансұқтаған сыңайдағы пікірлері елең еткізді. Бәлкім, олар заманауи саясаттың ажырамас бөлігіне айналған хайп қуу да, электораттың назарын аударып, медиаға «азық» үшін айтылған пікір болуы да мүмкін. Дегенмен АҚШ-тың жаңа президенті мәлімдемелерінің астарына үңілгеннің артықтығы жоқ.

Aiqyn газетінің редакциясы да «Алаң» айдарында отандық сарапшыларға бірқатар сұрақ қойып, алып ел басшысының айтқандарының астарына үңілді. 

 

– Трамп Гренландияға, Канадаға, Панамаға қатысты әлеуметтік желілерде өз ұстанымын жариялағанын білеміз. Оның бұл ұстанымдары президент қыз­метіне кіріскен соң өзгертуі мүмкін бе? Өзгермесе мәселе қалай өрбуі ықтимал?

Абай АБЫЛАЙҰЛЫ,

PhD, Maqsut Narikbayev University Халықаралық

құқық оқу бағдарламасының басшысы:

– Трамптың бұл елдерге соғыс ашуы екіталай, өйт­кені ондай жағдайда АҚШ Ресеймен бір деңгейде екен­­дігін көрсетеді. Яғни, АҚШ әлемдік саясаттағы және қауіпсіздіктегі рөлі мен орнынан өз еркімен бас тартады дегенді біл­ді­реді. Трамптың бизнесмен екенін ескерсек, оның сөз­дері нақты қауіптен гөрі ке­ліссөз тактикасына ұқ­сай­ды. Яғни, келіссөз жүр­гі­зер алдында өз серіктесін оның бағдарынан айыру және оны ыңғайсыз жағдайда қалдыру арқылы өзінің нақты мақсаттарына жету үшін қолданылатын тактика деуге болады. Оның нақты мақсаты қандай? Бұл – АҚШ экономикасының аумағын кеңейту және Қытайдың әлемдегі өсіп бара жатқан саясатын тежеу. Қытайдың экономикалық қуатының артқаны соншалық, олардың қазір барлық жерде мүдделері бар. Егер Гренландиядағы кеме жолы өміршең болатын болса, ол аумақта Қытайдың бой көрсетуі алыс емес. Бұл жерде Канаданың қатысы қандай десек, Канаданың Гренландияға барар жолда жатқандығында, яғни Гренландия төңірегіндегі сауда жолдарында АҚШ бизнесіне артықшылықтар алу қажет, ол үшін Канадамен келіссөздер жүргізу керек. Панамаға келер болсақ, қытайлық компаниялар Панама каналының екі шетіндегі порттарды басқарады. Тиісінше, Трамп тактикасы, ол агрессивті келіссөздер арқылы АҚШ-тың осы аумақтарда әскери қатысуын сақтап, тереңдетіп, қамтамасыз ету болып табылады деген сөз.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, 

саясаттанушы:

– Трамптың Канада, Панама каналы мен Грен­ландия аралына қатысты ұстанымы экономикалық-саяси келіссөздер аясында жалғасады. АҚШ прези­ден­ті әскерді қолдану мүм­кіндігін жоққа шығармаса да, бұл келіссөз алдындағы қысым көрсету тетігінің бірі деп санаймын. Яғни, шынайы жағдайда әскери әрекетке көшуі екіталай. Грен­ландия мен Дания аралдағы АҚШ-тың әскери үлесінің артуына келісуі мүмкін. Онсыз да аралда АҚШ-тың әскери нысандары бар. Бұл – ресурстық тұрғыдан бай аралды бақылаумен қатар, Арктика үшін күрестің де бір көрінісі. Канадаға қатысты ұстанымы да дәл солай. Ал Панама каналына қатысты көзқарасын аймақтағы Қытайдың үлесін азайтуға бағытталған бір әрекет ретінде қарастыруға болады. Панамада Қытай компанияларының саны артты және олар каналды қолдануда АҚШ-қа қарағанда салықты аз төлейді. Әрине, бұл – бәсекелесуші дер­жа­валар арасындағы экономикалық соғыстың бірі көрінісі. Логистикалық тораптарды бақылау маңызды саналады. Мейлі ол – Суэц арнасы, мейлі ол Панама каналы немесе қандай да бір ірі порттар болсын. Оның үстіне, Панама аралының құрылысын АҚШ іске асырып, кейін оны Панамаға бергенін білеміз. Сол себепті де Трамп каналға Қытайдың емес, АҚШ-тың ықпалы көбірек болуға тиіс деп санайды. Аталған мәселелер бойынша Трамп әкімшілігі тарапынан экономикалық-саяси қысымдар жасалуы мүмкін. Салықты арттыру, тарифтерді көтеру, халықаралық ұйымдар арқылы қысымды күшейту деген сияқты. Алайда әскери әрекетке көшуі екіталай деген ұйғарымдамын. Әскери әрекет қауіпті прецедентті тудырар еді. Себебі аталған аймақтарды Трамп «АҚШ-тың ұлттық мүддесі үшін қажет» деп мәлімдеуде. Бұл ұйғарыммен алатын болсақ, Ресейдің Украина мен Кавказдағы әрекетін немесе Қытайдың оңтүстік-шығыс Азиядағы іс-қимылдарын тура осы тіркеспен ақтап алуға болады. Сол себепті де қазірдің өзінде Трамптың бұл мә­лім­демелері қауіпті прецедентке айналып кетуі ықтимал. Трамп әкімшілігі оны жақсы түсінеді және Канада, Гренландия және Панама каналындағы мүддесін әскери емес тәсілмен іске асыруға тырысады деп ойлаймын. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,

халықаралық қатынастар бойынша PhD.

Тұран университеті:

– Жалпы, АҚШ пре­зи­дентінің ресми билікке кі­ріспей тұрып қатқыл мә­лім­демелер жасауы, Ор­­та­лық Америкадағы Па­намаға қатысты немесе Канаданы 51 штат ретінде қосып алу, Данияға тиесілі Гренландия аралына бай­ланысты мә­лім­демелері бүкіл әлемде тал­қы­ланып жатыр. Менің ойымша, бұл мәлімдеме­лер­дің барлы­ғында, Канаданы айтса да, Панаманы айтқан кезде де, Данияны атап өткенде де, сол аймақтағы Қытай­дың ықпалын меңзеп отыр. Себебі соңғы он жылға жуық уақытта, айталық 2016 жылдан бастап Панама аймағында Қытайға тиесілі сауда кемелерінің, айлақтарының саны артқан. Ал соңғы зерттеулерге қарағанда, атап айтқанда PIE research орталығының зерттеуі бойынша Қытайдан келетін студенттер мен мигранттар саны және ықпалы Канаданың провинцияларында артып келе жатыр. Сондықтан Трамптың «Канаданы қосып аламыз, Панаманы толық­тай АҚШ-қа қайтарамыз» деген мәлімдемелері менің ойымша, Солтүстік және Орталық Американы Қытай ықпалынан арылтуға бағытталған қадам деп ойлаймын. Трамп билікке келген соң АҚШ-тың сыртқы саясаттағы бірден-бір бағыты олардың өз сөзімен айтқанда, «Қытайдың экономикалық экспансиясын» тежеу, Қытай­дан келетін тауарларға салықты 60%-ға дейін көтеру болмақ. Осыған дейін бұл ұстаным тек сөз жүзінде болса, қазір Трамп командасы мұндай саясат ұстанатынын рес­ми мәлімдеп жатыр әрі нақты әрекеттерінен байқалады. Айталық, Марко Рубионың мемлекеттік хатшы болып тағайындалуы Ақ үйдің алдағы 5 жылда Қытайға байланысты қатқыл дипломатия ұстанып, қатаң саясат жүргізетінін көрсетеді. Себебі Марко Рубио кезінде Қытайдың «қара тізіміне» енген, 2019 жылы Гонконгта болған ереуліге қатысушы белсенділермен АҚШ-та кездескен дегендей бірқатар мәліметтер бар. Сондықтан билікке келген соң Канадаға қатысты, Данияның Гренландия аралына байланысты мәселелер ұмытылады. Оның негізгі жүзеге асыратын мәселесі экономикалық экспансия болады деп ойлаймын. 

Трамптың алғашқы билік еткен кезеңі мен екінші мерзімін салыстырар болсақ, алғашқыда ол изоляциялық саясат жүргізсе, екінші билік ету кезеңі басталмай тұрып-ақ экспансионистік мәлімдемелер жасап жатыр. Бұл оның алдағы 5 жыл көлеміндегі әрі президент ретінде қызмет атқаруының соңғы мерзіміндегі негізгі ерекшелігі болады деген пікірдемін. 

– БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі тұрақты мүшелерінің (АҚШ, РФ) ұйымның басты қағидаларының бірі саналатын аумақтық тұтастық мәселесіне күмән келтіре бастауының салдарын қалай болжайсыз?

Абай АБЫЛАЙҰЛЫ:

– Шиеленіскен геосаяси жағдайдың бастамашысы болған елдің кім екені және ол елді кімдер қолдап отыр­ған­дығы АҚШ пен Еуропаға анық. Еуропа тиісті қауіп­сіздік кепілдігін алу үшін АҚШ-тың белгілі бір талап­та­рына көнуге тиіс. Тиісінше, шиеленіскен геосаяси жағ­дай­ды пайдалана отырып, ушыққан жағдайдың бастамашысы мен қолдаушыларына қарсы санкиялық режимдерді қолдана отырып, АҚШ бірінші кезекте өзінің экономикасына жаңа серпін бермекші – әлемдік қауіпсіздікті экономикалық артықшылықтар алу арқылы қамтамасыз етпекші. Яғни, бір оқпен екі қоянды атып алмақшы. 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ:

– Әлемдегі аумақтық тұтастықтың бірден-бір кепілі БҰҰ жарғысы саналады. Оны Қауіпсіздік кеңесіндегі барлық бес ірі держава мойындаған. Алайда өздерінің іс-әрекеттері және мәлімдемелері арқылы «аумақтық тұтастық» приципін жою әрекеттеріне куә болып отырмыз. Бұл әрине, кіші мемлекеттер үшін қауіпті процесс. Ең алдымен, бұл БҰҰ-ның құлдырау кезеңі деген сөз және ұйымға терең реформаның қажеттілігін көрсетуде. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі вето құқығын қолдану алаңына айналып кетті және әлемдегі әскери, экономикалық, әлеуметтік дағдарыстарды шеше алмауда. Қауіпсіздік кеңесінің бұл дағдарысы әлемдегі қақтығыстар ошағын арттыра бермек. Сәй­кесінше, терең реформа жасалу керектігі жиі айтылуда. Ірі державалардың БҰҰ жарғысын ысырып тастауы өткен ғасырдағы Ұлттар Лигасының құлдырау алдындағы көрінісіне ұқсас. Қауіптісі сол, Ұлттар Лигасының прин­циптерін ұстанбаған державалар екінші жаһан соғысының басталуына себепкер болды. Сондықтан да бүгін Ресей мен АҚШ қандай да бір мемлекеттің аумақтық тұтастығына құрметпен қарамаса, онда әлемдік деңгейде Үндістан, Қытай және өзге елдер де бұл әрекетті ерте ме, кеш пе қайталайды. Себебі державалар өзара тежеуіш саясатын ұстанады. Ал аумақтық тұтастыққа құрметпен қарамау – сол саясаттың бұзылуының алғашқы көрінісі. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ:

– БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ғана емес, тұтас БҰҰ үлкен дағдарыс кезеңін бастан кешіріп жатыр. Қауіпсіздік кеңесі Украинадағы, Сириядағы, Ауғанстандағы, Палестина мен Израиль арасындағы және өзге аймақ­тардағы ұзаққа созылған қақтығыстарды тоқтатып, мәселені шешу түгілі, оларға нақты бір ұсыныс жасауда да әлсіздік танытып келеді. Менің ойымша, алдағы 5 жылда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелерінің арасындағы конфронтация тіптен арта түседі. Тайвань, Украинадағы соғыс тәрізді мәселелер ушыққан, Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты бес мүшесінің арасындағы қарама-қайшылық күшейген сайын БҰҰ-ның халықаралық саясаттағы ықпалы да төмендей береді деп ойлаймын. Сондықтан бұл барлық елдердің өкілдері айтып жүрген БҰҰ-ны алдағы уақытта реформалауға негіз болады. 

– Қазақстан Президенті ұсынып жүрген «орта державалардың рөлін» арттыру идеясы супер держа­валардың халықаралық құқық негіздерін шайқау әрекеттерін тежей ала ма?

Абай АБЫЛАЙҰЛЫ:

– Қазақстан өзін «орта держава» ретінде санаған күннің өзінде де, бізді солай таныған күннің өзінде де, бұл статусты іс жүзінде дәлелдеуі қажет. Ол үшін Қазақ­станға экономикалық, әскери және адами ре­сурстар қажет. Санкциялық жағдайды, инфляцияның деңгейін, геоэкономикалық ахуал бізге тәуелді емес екендігін ескерсек, біздің экономикалық күш халық­аралық құқық негіздерін шайқау әрекеттерін тежеуге жеткіліксіз. Әскери әлеуетіміз де жетпейді. Себебі әскеріміз көбіне кеңестік/ресейлік қару-жарақпен қамтылған, әскерді дайындау тактикамыз да соларға негізделген. Адами ресурстарға келер болсақ, халықаралық құқық негіздерін шайқау әрекеттеріне қарсы тұру халықаралық құқықтық аргументация беретін білікті мамандарды талап етеді.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ:

– Өкінішке қарай, геосаяси ойындардың ережелерін үнемі ірі державалар анықтап келді. Бұл қыр­ғи-қабақ соғыс кезеңінде де, одан кейін де солай болды. Алайда «орта державалардың» рөлін арттыру идеясы ірі державалар арасындағы қақты­ғыстардан бейтарап саясат ұстану мүмкіндігін туындатуы ықтимал. Мысалы, қырғи-қабақ соғыс кезеңінде үшінші елдер деген болды. Ол өзара жауласушы екі саяси лагерьге де қосылмай, бейтарап саясат ұстанған елдер еді. Қазіргі «орта держава» идеясы геосаяси қақтығыстарға ара­ласпай, бейтарап позиция ұстануға мүмкіндік туындатса, Қазақстан үшін сол тиімді. Өйткені ірі державалардың халықаралық құқықты бұзу әрекеттерін тежей алмасақ та, халықаралық құқығы бұзылған елдің біріне айналып кетпеу біздің негізгі ұстаным деп санаймын.

Нұрболат НЫШАНБАЕВ:

– Қазақстан 2022 жылдан бастап «орта держа­валар» қатарында. Көптеген мақалалар жария­ланды. Прези­денттің өзі былтыр қыркүйек айында Син­гапурға жасаған сапарында Юсоф Исках атындағы Оң­түстік шығыс Азия зерттеу институтында (ISEAS) лек­ция оқыды. Сол лек­циясында Қазақстанның және «орта державалардың» жалпы әлемдік саясаттағы маңызы ту­ралы атап өткен болатын. Жалпы, «орта держава» елдерінің не­гізгі уәжі «ірі державалар бір-бірінің мүддесіне қайшы келіп, ортақ шешім табудың орнына бір-бірімен қақ­ты­ғысып жатқанда әлемдегі жауапкершілік «орта дер­жа­ва­ларға» жүктеліп отыр» деген ұстанымға негізделген. Де­генмен «орта держава» ұғымы толығырақ зерттелуі, оның нақты критерийлері анықталуы керек деп ойлай­мын. Ол дипломатиялық тұрғыда ма, экономикалық немесе технологиялық тұрыда ма, қалай анықталады, сол тұсына назар аударылуға тиіс. Десе де, «орта держава» елдерінің ықпалы арта беретін болады. Мейлі ол Орталық Азия аймағында болса да, тұтас Еуразия құрлы­ғында болса да солай. 

Дайындаған

Амангелді ҚҰРМЕТ