Mercedes-Benz басшысы: Қытайға зауыттар салуға рұқсат беру керек. Неге?

Автомобиль индустриясының жетекші компаниялары қытайлық электромобильдерге жоғары тариф енгізуден бас тартуға шақырды. Олар қытайлық зауыттарды Еуропада салуға көмектесу керектігін айтуда.

Financial Times басылымында жарияланған мақалаға сүйенген Aikyn.kz еуропалық ірі автоконцерндердің бұндай ұсынысының экономикалық себебін талдайды.

Еуроодақ: «Қытай үкіметі өзінің көлік индустриясына әділетсіз субсидиялар береді». Фото electrification-solutions.com сайтынан алынды

Mercedes-Benz компаниясының басшысы Ола Каллениус Еуроодақ елдеріне импортталатын қытайлық электр көліктеріне салынатын жазалаушы тарифтерді тоқтату керектігін айтады. Оның ойынша, автокөлік өндірушілерін Еуропада өздерінің зауыттарын көбірек салуды ынталандыру керек. Қытай ондаған жылдар бұрын еуропалық автокөлік өндірушілерін өзінің нарығына шақырып, зауыттар салып, инновациялар алып келіп, инвестиция салуды сұрағаны белгілі.

«Ешкім әділетті ойын алаңын құру – заңды талап екеніне таласпайды. Мәселе басқада, ол үшін сіз қандай құралды қолданасыз? Протекционизмді үдетпеңіз, өйткені... одан біздің жоғалтатынымыз көп», – дейді Каллениус Financial Times газетіне берген сұхбатында.

Қазан айында Брюссель қытайлық электр көліктерінің импортына 45% баж салығын енгізді. «Қытай үкіметі өзінің көлік индустриясына әділетсіз субсидиялар берді» деген айыптаулар тағып, еуропалық нарықтағы қытайлық көліктердің сатылымы жылдам өсіп жатқаннан кейін демпингке қарсы және субсидияға қарсы бірнеше экономикалық тергеуді бастаған еді. Бұған Бейжің брендиге демпингке қарсы баж салығын енгізіп, шошқа еті мен сүт өнімдерінің бағасына тергеу жүргізіп, қарсы жауап берді.

Mercedes-Benz басшысы: қытайлық серіктестермен келісімге келу туралы шешімді Еуроодақ саясаткерлері қабылдаған. Фото carmagazine.co.uk сайтынан алынды

Еуроодақтың протекционистік шараларына ең күшті қарсылас неміс авто-концерндері. Өйткені олар Қытай брендтерінің жылдам өсуіне байланысты сатылымдардың төмендеуіне тап болды. Және Бейжіңнің қарсы шаралар қабылдап, кек алуынан және қытайлық тұтынушылардың қызығушылығының төмендеуінен қорқады. Олар сондай-ақ BYD сияқты компаниялардың қолжетімді және жетілдірілген электр көліктерімен бәсекелесу қиын екенін жақсы сезінуде.

Неміс автоөндірушілері 1980 жылдары дамып келе жатқан Азия елдерінде ықпалын күшейту үшін зауыттар ашып, қытайлық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құруға келісті.  Mercedes-Benz басшысы Каллениус сол кезде де қытайлық серіктестермен өзара келісімге келу-келмеу туралы шешімді Еуроодақ саясаткерлері қабылдағанын айтады

«Біз Қытайға келгенде... саясаткерлер бізге жүгінді: нарықты жаулап алғыңыз келсе, осы нарықты индустрияландырыңыз. Менің түсінуімше, еуропалық саясаткерлер де қытайлықтар туралы дәл осылай айтқан. Бұл заңды әңгімелер. Бірақ бұл дегеніміз, сіз шынымен жаңа нарықтар ашып, мүмкіндігінше теңдей ережелермен ойын алаңын жасайсыз. Сонда нарықтағы ең жақсы ойыншы жеңіске жетеді», – дейді ол.

Брюссель сонымен қатар қытайлық кәсіпорындардың Еуропада зауыттары болуын және технологиялық ноу-хаумен бөлісуін талап ететін критерийлерді енгізуді жоспарлап отыр. 30-40 жыл бұрын Қытай Батыстың технологияларын сұраса, енді Еуропа қытайлық технологиялардың озық екенін мойындап, олардан бөлісуді талап етуде.

Қытайдың электр көліктерінің Еуропадағы салыстырмалы бағасы. Фото uk.motor1.com сайтынан алынды. Авторлығы: Motor1 Italy

Қытайлық BYD Мажарстанда автомобиль зауытын ашуды жоспарлап отыр, ал CATL жақында Испанияда Stellantis компаниясымен 4,1 миллиард еуро тұратын литий аккумулятор зауытын салуға келісті. Ола Каллениус протекционистік тарифтердің салаға зиянды екенін және Брюссель оларды алып тастау үшін Бейжіңмен ымыраға келу керектігін, өйткені, Қытайдың шикізатты, жетілдірілген чиптерді және компоненттерді қоса алғанда, жаһандық автомобиль жеткізу тізбегінің ажырамас бөлігіне айналғанын ескертеді.

«Біз тек саясаткерлерге ескерткіміз келеді: осы қиын әлемде бізді соншалықты жетістікке жеткізген не екенін (әділ бәсеке – авт.) ұмытпаңыз», – дейді ол.

Еуроодақ-тың автомобиль өнеркәсібі ұйымы (Acea) өткен аптада Еуроодақ басшыларына хат жолдап, саясаткерлерді АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамптың еуропалық тауарларға тарифтер енгізу қаупіне жауап қайтармауға шақырды.

Mercedes-Benz – Қытайда да, Америка Құрама Штаттарында да маңызды өндірістік операциялары бар VW және BMW-мен бірге Германияның ең ірі үш автомобиль өндірушісінің бірі. Қытай үкіметі бақылайтын Geely және BAIC компаниялары Mercedes-Benz акцияларының бестен бір бөлігіне иелік етеді. Сондай-ақ  автоөндіруші өзінің әлемдік сатылымының шамамен 30%-ы Қытай нарығына тиесілі екенін ұмытпайды.Еуроодақтың қытайлық электр көліктеріне баж салығын енгізу жаңа сауда соғысының басы болуы мүмкін. Еуропалық комиссия Қытай үкіметі өзінің жаһандық ықпалын күшейту үшін электр көлігі (EV) саласына айтарлықтай субсидия бөлетініне бұлтартпас дәлелдер тапқан. Еуропа бұны әділетсіз бәсеке деген қорытындыға келді.

Қытай үкіметінің көмегімен BYD, SAIC (MG) және Geely Group (Volvo, Polestar және Lotus компанияларының иесі) сияқты компаниялар өздерінің электр көліктерін әлемнің барлық елдерінде төмен бағамен ұсына алады.

Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Шын мәнінде, Еуропада жасалған EV көліктерінің сатылымының баяу өсуі жоғары еңбек шығындары, батареялар өндірісі үшін шикізатқа қолжетімдіктің жоқтығы, реттеу мен бюрократияның күшеюі электр көліктерінің бағасының жоғары болуына тікелей әсер етеді. 

Қазақстан мен Mercedes-Benz арасында инновациялық серіктестік құру мәселелері талқыланды. Фото АқОрда ресми сайтынан алынды

2023 жылы 29 қыркүйекте Мемлекет басшысы Тоқаев Mercedes-Benz Group компаниясының басқарма төрағасы Ола Каллениуспен Берлинде кездесу өткізгені белгілі. Бұл кездесуде елімізде авто-индустрияны дамыту, Қазақстан мен Mercedes-Benz арасында инновациялық серіктестік құру мәселелері талқыланған. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда біздің елімізде General Electric, General Motors, Chevrolet, Kia және Hyundai секілді танымал әлемдік компаниялар табысты жұмыс істеп жатқанын айтқан.

Әлемдегі автокөлік өндіретін жетекші компаниялар тобындағы ерекше орны бар Mercedes-Benz Group 2022 жылы компания 2,5 миллионға жуық автомобиль құрастырып шығарған. 2024 жылдың ақпанында Mercedes-Benz бренді әлемдік автомобиль брендтері арасында бірінші орынды иеленді. Бренд  $59,4 млрд бағаланған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.