Дауылды ескертулер: елімізде екі тәулік ішінде 700-ге жуық адам құтқарылды

Еліміздегі қар құрсауы мен дауылдан екі тәулік ішінде 700-ге жуық адам құтқарылып, эвакуацияланған.

Өткен екі тәулікте ауа райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және жолдың көрінбеуіне байланысты Қазақстанның автожолдарында Төтенше жағдайлар министрлігі 700-ге жуық адамды құтқарып, эвакуациялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz ТЖМ сілтеме жасап.

15 өңірдің аумағында қалыптасқан күрделі метеорологиялық жағдайдың нәтижесінде республикалық маңызы бар автожолдардың 62 учаскесінде және облыстық маңызы бар 65-тен астам учаскеде қозғалысқа шектеу енгізілген.

ТЖМ қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен, жол және медициналық қызметтермен, волонтерлермен бірлесіп, халыққа көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырды. Автокөлік кептелісі орын алған орындарда жылытылатын шатырлар орналастырылды, ыстық тамақ ұйымдастырылды, сондай-ақ адамдарды орналастыру және малды жақын маңдағы елді мекендерге тасымалдау үшін пунктер дайындалды. Еліміздің 18 өңірінде жедел штабтар ашылып, жедел желі телефондары жұмыс істеп тұр.