«Төрт кластық білімі жоқ шалды аға оқытушы етіп жатыр» – Еркеғали Рахмадиев қобызды насихаттауда қандай кедергіге тап болды?

Белгілі бір тұлғалардың бастамасынан кейін тарихи өзгерістер болары анық. Бұл – ақиқат. Қазақ музыка тарихында ондай мысалдар аз емес, бүгінгі әңгіме соның бірі жайлы.

Қобыз бүгінгідей танымал, халықтың назарында болған деп ойласаңыз, қателесесіз. Тарихи өлшеммен қарасақ, кеше ғана кәсіби музыканттардың ортасына еніп, оқу орнында оқытыла бастады. Бұл – тікелей Еркеғали Рахмадиевтың (1932-2013) еңбегі. Бүгін Aikyn.kz оқырманына осы жайлы толығырақ жазбақ ниетіміз бар. Дереккөз ретінде Болат Бодаубайдың Еркеғали Рахмадиевпен сұхбат негізінде құрылған «Тұлға: Сыр-сұхбатқа құрылған ғұмырнамалық роман» еңбегін (Алматы, 2011) пайдаландық.

Еркеғали Рахмадиев қобыз жайлы әңгімесін былай бастайды:

Мен консерваторияға ректор болып келген бойда, өзімнің түсінігімше, ең үлкен тыңдырған пайдалы ісім – 1967-1968 оқу жылы басталғанда тұңғыш рет қылқобыз класын ашқаным болды деп санаймын. Қазақтың сонау Қорқыт бабамыздың кезінен келе жатқан қасиетті көне аспабы қылқобыздың ол жылдарда қағажу көріп, оншалықты еленбей, қатарға қосылмай жүрген еді. Оны жақсы тарта білетін шеберлеріміз де тым селдіреп, сиреп қалған. Тағы біраз кешіксек олардан мүлдем көз жазып қалуымыз да мүмкін болатын. Өзім ректор болып келе салысымен қылқобыз класын ашуға асыға кіріскенім де сондықтан еді. 

Еркеғали Рахмадиұлы алдына мақсат қойды, бірақ көңілінде күдік те жоқ емес. Басты күдік – қобыз класында сабақ беретін ұстаз табу. Жай қобыз тарта алатын адамды емес, шын шеберді жұмысқа алу керек. Ол заманда ондай адам бар ма? Ректор көп ойланып, екі адамды есіне түсіреді. Олармен кезінде филармонияда қызметтес болған екен. Соларды іздей бастайды. Бірі – Жаппас Қаламбаев (1909-1970), екіншісі – Дәулет Мықтыбаев (1904-1976).

 

Абырой болғанда, Жаппас күйші Алматыда тұрады екен. Шау тартып қалса да, жұмысқа алады. 

«Осыларды қалай да қобызшылыққа баулып шығарыңыз», – деп алдына алты баланы салып бердім. Өзім қызметке аға оқытушы етіп қабылдадым. Енді, шындығына келгенде, одан басқа ондай маманды іздесем де таба алмаймын ғой. Жоқ қой ондай. Ассистентікке қалай аламын. Содан консерваторияның кейбір мұғалімдері үстімнен «көшеде жүрген, төрт кластық та білімі жоқ сауатсыз шалды консерваторияға әкеліп, аға оқытушы етіп жатыр» – деп арыз жазды. Олардың олай жазатыны, ол кезде қатардағы мұғалімдер он жыл, он бес жыл істемей, аға оқытушы бола алмайды. Енді бүгін ойласам, менің сондағы ісім бір жағынан дұрыс, екінші жағынан нар тәуекелдің ісі екен».

Еркеғали Рахмадиевтің сөзінше, арыз жазғандар өз ойлағанын іске асыра  алмады. Домалақ арыздар қала деңгейіндегі шенеунікке барып, олар ректордан түсініктеме алумен ғана шектелген.

Дегенмен қажымас еңбек, абыройлы іс бір жылға жетпей аяқталып қалу жағдайына жетті. Бұл жерде адамның арызы емес, тағдырдың жазуы. Жаппас Қаламбаевтың дәм-тұзы таусылып, дүниеден өтеді. Ерақаң «қобыз сыныбы ұстазсыз қалмасын», – деп тағы бір күйші Дәулет Мықтыбаевты іздей бастайды. 

«Содан өзім баяғыда филармонияда істеген кезімнен білетін екінші қобызшы Дәулет Мықтыбаевты іздетейін. Ол өзі Қорғалжын жақтан келгені, есімі елге белгілі Әупік деген аруақты кісінің, бидің немересі екені есімде қалыпты. Содан облысқа, ауданға телефон соғып, сұрастырсам: «бар, тірі, молдалық, бақсылық құрып жүр», – деген жауап естідім. Алматыда тұратын балаларын іздестіріп, таптырдым. Сонымен сол кісіні шақыртып, аға оқытушы етіп жұмысқа алып, «осы алты шәкіртті сіз енді аяғына дейін оқытып, тәрбиелеп шығарыңыз», – деп өтініш айттым».

Бір жыл бұрын жазылған арыздар тағы басталады. Еркеғали Рахмадиев ол кез жайлы келесідей еске алады: 

«Рахмадиев бір шала сауаттыны алып келіп, аға оқытушы жасап еді, енді ол өлген соң екіншісін алып келді, кәсіби білім беретін консерваторияны көркемөнерпаздар үйірмесіне айналдырайын деп жатыр», – деп арыз жазғыштар жазды ғой тағы да үстімнен бұрқыратып. Бірақ бұл жолы да «Құдай сақтады», оларды қараған жоғары орындарда да қазақтың ұлттық мүддесін дұрыс түсінетін адамдар отырғандықтан, олар менің айтқан орынды уәжіме құлақ қойғандықтан, ашылған әлгі класты сақтап қалудың сәті түсті. Сонымен Дәулет Мықтыбаев тағы төрт жыл оқытып, әлгі алты баланы аяғына дейін жеткізіп, тәрбиелеп шығарды ғой. 

Осы алты баланың бірі бүгінде атақты ұстаз, күйші, консерваторияның профессоры Базархан Қосбасаров та бар. 

Қобызды насихаттау миссиясы осылай өз жөнімен жалғасып жатты. Аспап та ел қатарлы үлкенді-кішілі концерттерден көрініп жүрді. Дегенмен «бұлақ көрсең, көзін аш» ұстанымымен жүрген Еркеғали Рахмадиұлы күндердің күнінде шебер қобызшыға жолығады. Бұл жайлы өзі келесідей баяндайды.

1971 жылы жыр алыбы – Жамбыл атамның жүз жиырма бес жылдығы аталып өтті.  Ғылым академиясында соған арналған жиналыс болды. Барсам, бет-аузын күн қақтаған, беті-қолы да, еріндері де кезеріп жарылып кеткен, киіміне, түріне қарап жабайы деп айтуға болатындай бір жігіт қылқобызды аңыратып ойнап отыр. Содан, әлгі жігітпен сөйлесіп: «қарағым, мына қобызды кім жасап берді саған?» деп сұрадым. Өйткені ол кезде қылқобыз жасайтын адам да қалмаған кезі ғой. «Аға, өзім жасап алдым. Қайыңнан, бірдеңеден өз қолыммен ойып, осылай етіп жасаймын» деді. Аты-жөні Сматай Үмбетбаев (сол кездегі Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында тұрады) екен. Мекенжайын, есімін  жазып алдым да, кетіп қалдым.

Ерақаңның арманы «қазақ өз қобызын жоғалып, жойылып кетуден сақтап, қайтадан өмірге әкелу, қатарға қосу» болатын. Сол ниетпен кездескен жас жігітті Алматыға алдыруға бекінеді.

…Содан әлгі Сматайды қоярда қоймай, Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы Досмағамбетовқа дейін айтқызып, Алматыға шақыртып алдым ғой. Өзін бір жағынан консерваторияға студент етіп қабылдап, екінші жағынан консерватория жанындағы ұлттық музыкалық аспаптарды жасайтын тәжірибелік шеберханаға айлық алып жұмыс істейтін қызметкер етіп тағайындадым. Сонда да болмай, оқуды, жұмысты тастап, ауылына қашып кетіп жүрді. Содан соң бұған енді отбасын түгел көшіріп әкеліп, алаңдамай оқитын, жұмыс істейтін жағдай туғызайын деп Министрлер кеңесін басқаратын Мәсімхан Бейсенбайұлына дейін барып, Алматыдан үш бөлмелі үй әпердім. Ол жылдарда Алматыдан үй алудың қандай қиын болғанын өзің де білесің ғой. Біздің тәжірибелік шеберханада ұлт аспаптарын жасап қана қоймай, жаңарта, жетілдіре түсу мақсатында да жұмыстар үзбей жүріп жататын. 

Бүгінде Еркеғали Рахмадиев та, естелікте есімі ерекше аталған үш қобызшы да өмірден озған.  Алайда еңбегі зая кетпеді. Қобыз жалпы халықтық аспапқа айналып, республиканың түкпір-түкпірінде тартылып жүр, білім беру мекемелерінде оқытылып жатыр.

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі