Aikyn.kz нарықтық экономика заңдылықтарына қызметкерлердің жалақысы да бағынатынын Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.
Жалақының өсуі Walmart өзінің нарықтағы орнын жақсартумен байланысты болды. Бөлшек саудагердің акциялары 2024 жылы 80%-дан астамға өсіп, нарықтық капиталы 340 миллиард долларға артқан. Оның қазіргі нарықтық құны 768 миллиард долларға жетті. Бұндай жетістіктерден кейін Walmart өзінің топ-менеджерлерін жалақыны көтерумен ынталандыра бастады.
Wall Street Journal есебіне сәйкес, бөлшек сауда алпауытының үздік аймақтық менеджерлері енді жылына 600 000 долларға дейін табыс таба алады. Америка Құрама Штаттарындағы ондаған дүкендердің топтарын қадағалайтын нарық менеджерлері деп аталатын қызметкерлер биыл бонустарды қосқанда 420 000-620 000 доллар аралығында жалақы алады. Өткен жылы олардың жалақы көлемі шамамен 320 000 доллардан 570 000 долларға дейін болған еді.
Walmart сонымен қатар өзінің жылдық ең төменгі жалақысын 130 000 доллардан 160 000 долларға дейін көтереді, ал нарық менеджері жылына $260 000 алады.
АҚШ-та жалақының жылдық көлемі айтылады. Жалақысы 600 000 доллар десе, айына 50 000 доллар алатынын ескеру керек.
Компанияның жылдық табысының өсуі ауқатты сатып алушыларды өз дүкендеріне тартудан, жарнама мен маркетингтен түсетін табыстың өсуіне байланысты болған. Осының өзі компанияны S&P 500 тұтыну тауарлары индексінде көшбасшылар қатарына қосты. Ал бөлшек саудагер бұл табысты еселей түсуге ұмтылуда.
Осы айдың басында Walmart өзінің интернет-нарығында 27 000-нан астам жоғары сапалы, оның ішінде Chanel, Fendi, Prada және Louis Vuitton сияқты танымал брендтердің бұйымдарын ұсына бастайтынын хабарлады. Бірақ Walmart әралуандылық, теңдік және инклюзия (DEI) саясатын енді ұстанбайтынын жариялаған соң инвесторлардың жағымсыз реакциясына тап болды. Өткен аптада 30-дан астам акционерлер бас директор Дуг Макмиллионға компания DEI-ге қарсы топтарды қолдады деп айыптап хат жолдады.
Негізінен сенім мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтін инвесторлар тобы DEI саясатынан бас тартуды «кері кету» деп бұл өздерін «өте алаңдататынын» мәлімдеген. Бұндай кері кеткен саясатты өзгертуді талқылау үшін компанияның жоғары басшылығымен және директорлар кеңесімен кездесуді сұраған. Акционерлер, соның ішінде Amalgamated Bank және United Church Funds сияқты ұйымдар кемсітушілік пен теңсіздік тәуекелдері туралы 30 жылдан астам алаңдаушылық білдіріп келеді.
Былтыр мамырда Walmart компаниясы жүздеген қызметкерлерді қысқартатынын және қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің көпшілігін үш орталық кеңсенің біріне келіп жұмыс істеуін талап ететін жариялады.
Walmart – әлемдегі ең ірі көтерме және бөлшек сауда желісін басқаратын америкалық компания. Бас кеңсесі Арканзас штатының Бентонвилл қаласында орналасқан. Қызмет көрсету аймақтары АҚШ-тан басқа – Канада, Мексика Чили, Орталық Америка, Африка және Қытай.
Компанияны 1962 жылы 2 шілдеде Арканзас штатының Роджерс қаласында Сэм Мур Уолтон құрды. Ол шағын қалаларда көтерме бағамен сауда жасайтын ірі сауда орталықтарын ашу идеясын ұсынды.
1962 жылы алғашқы дүкенін ашып, оны Wal-Mart Discount City деп атады. Дүкеннің атауында «Wal» – Уолтонның фамилиясы, ал «Mart» ағылшыннан дүкен, нарық деп аударылады.
Walmart – 2022 жылға қарай 24 елде 10 500-ден астам дүкені бар әлемдегі ең ірі бөлшек сатушыға айналды. Олардың қатарында азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларын, сондай-ақ дәрі-дәрмек сататын гипермаркеттер де, супермаркеттер де бар. Walmart бірқатар интернет-дүкендерге иелік етеді. Walmart-тың АҚШ-тың бөлшек сауда нарығындағы негізгі бәсекелестері: Home Depot, Kroger, Sears Holdings Corporation, Costco және Target.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.