Мұқаш Ескендіров, Мәжіліс депутаты: Сертификаттау талап ету ғана емес, қолдау құралына да айналады

Елімізде «Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін» енгізу жоспарлануда. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында айтылды.

Онда күн тәртібінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжатты даярлауға М.Ескендіров, С.Алдашев,  Ш.Бұқтұғұтов, Б.Қаниев, Ә.Нәутиев, Л.Рысбекова, Д.Тұрғанов және С.Шайдаров сынды Парламент депутаттары бастамашы болған екен. Осы ретте «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Мұқаш Ескендіровпен сұхбаттасқан едік.

– Мұқаш Зұлқарнайұлы, сер­тификаттау саласындағы бүгінгі қа­лыптасып отырған ахуал қандай? Заң жобасын ұсынудағы мақсат не?

– 2023 жылғы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Кемелұлы сертификаттау саласын реттеуді тапсырған болатын. Осыған байланысты заң жобасы бізге күзде келіп түсті. Содан бері жұмыс тобының 10-нан артық отырысы өтті. Депутаттар 147-ден астам ұсыныс енгізді. Парламент Мәжілісінің комитеттері оң қорытындыларын берді.

Заң жобасының негізгі мақсаты – қазақстандық нақты тауар өндірушілерді айқындауға мүмкін­дік беретін, олар туралы және олар өндіретін тауарлар туралы ақпа­ратқа қол жеткізудің бірыңғай нүк­тесін қамтамасыз ететін, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыратын Тізілімді (реестр) енгізу. Бұл импорттық тауар­ларға тәуелділікті төмен­дету­ге, жоғары локализация деңгейі бар өндірістік циклды қалыптастыруға, заманауи технологияларды жет­кізу­ге, олардың трансферті мен жаңа өндірістерді локализациялауға мүмкіндік береді.

Қазір үш түрдегі сертификат қолданыста екені белгілі. Олар – СТ-KZ, индустриалды сертификат және экспорттық тауар шығу сертификаттары. Бұл құжаттардың барлығын әрісі 2008, берісі 2019 жыл­дан бері «Атамекен» кәсіпкер­лердің ұлттық палатасы береді. Бүгінде сертификаттау процесі жо­ғары деңгейдегі адами фактор ықпалына ие екенін жасыруға бол­майды. Сондай-ақ олар мемле­кеттік ақпараттық жүйелермен, өндірушілердің бірыңғай дерек­қорымен интеграцияланбаған. Бұл кемшіліктер сертификаттау проце­дура­ларының объективтілігі мен ашықтығына қауіп төндіреді. Сон­дай-ақ қазіргі сертификаттау про­цесі едәуір уақыттық және қаржы­лық шығындарды талап етеді, бұл шағын және орта бизнес үшін қиын­дық тудырып отыр. Әрі серти­фикаттар ақылы және жеке сарап­шылардың қорытындысы негізінде беріледі. Мәселен, осы күнге дейін елімізде 50 мыңнан астам CT-KZ сертификаты мен 1 мыңнан артық индус­триялдық сертификат беріл­ген екен. Сертификатқа өтініш бергеннен кейін тауар өндірушілер өндіріс орнына сарапшыларды шақырады, оларға еңбегі үшін ақы төлейді. Айталық, CT-KZ құжатын алу үшін 16 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, ал индустриялдық сертификатқа 350 мың теңгеге дейін төлеу керек. Бұған сарапшы­лардың іссапар шығындары қосылады. Бұл енді ресми төленетін ақшасы. Егер сарапшы өндіріс орнында он күн жүрсе, кәсіпкер оның күн сайынғы шығынын төлейді. Яғни, қазір CT-KZ пен индустриялдық сертификаттың пайдасынан гөрі зиянын көріп жатқандар көбірек болып отыр.

Міне, осыған байланысты заң жобасы аясында енгізу жоспар­ланып отырған Қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі қол­даныстағы барлық өндірушілердің тізімін біріктіріп, СТ-KZ мен индустриалды сертификаттарды функционалды түрде алмастыра­тын болады. Қазіргі ұсынып отыр­ған бірыңғай реестрге кәсіпорын­дар ақысыз енгізіледі және оған қосылу мерзімі бойынша шектеу­лер болмайды, бұл бизнес үшін уақыт пен қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді. Тізілім биыл қолданысқа енгізілмек, ал CT-KZ нысанындағы сертификаттар мен индустриялық сертификаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін қол­даныста қалады. Заң қабылданып, реестр іске қосылса, қазақстандық кәсіп­керлер «Атамекеннің» арты­нан жүгірмейді. Сол сияқты қазір бірнеше түрлі тізілім бар, олар «Самұрық-Қазына» тізілімі, жиһаз өндірушілерінің отандық тізілімі, индустриалды сертификаттар бе­рілген отандық тауар өндіруші­лердің тізілімі, «Қазақстандық құ­рамдас бөліктер» интернет-порталы және тағы басқалар. Міне, осылар­дың барлығын біріздендіру керек.

– Заң жобасында нендей жаңа­шылдықтар бар?

– Ал енді жаңа заң жобасының новелласына келсек, құжат жаңа айтқандай қолданыстағы серти­фикат­тардың орнына Қазақстанда шығарылған тауарлар тізілімін (реестр) жасауға, отандық өндіру­ші­лерді қолдауға, Қазақстандық тауар үлесін арттыруға бағытталған. Мәселен, сараптаманы цифр­ландыру, толыққанды ақпараттық жүйе құру, отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бюджет қаражатының тиімді жұм­салуын қамтамасыз ету қарас­тырылған. Заң жобасымен жұмыс барысында депутаттар тарапынан келесідей маңызды ұсыныстар енгізіліп, ол Үкімет қорытынды­сында қолдау тапты.

Біріншіден, заңда уәкілетті ор­ган ретінде Өнеркәсіп және құры­лыс министрлігін (ӨҚМ) айқын­далды, Тізілімнің атауын және оны жүргізу тәртібін өзгертетін түзе­тулер енгізілді. Олар – цифрлық верификация жасай әрі өндірісті бағалай отырып Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін (реестр) құру.

Екіншіден, Қазақстандық тауар өндірушілердің тізіліміне енгізу үшін өндіріс жағдайларына, өн­дірістік және технологиялық операцияларға қатысты талаптарды белгілейтін ұсыныстар енгізілді. Оны салалық мемлекеттік орган­дар­мен бірге Өнеркәсіп  және құ­рылыс министрлігі белгілейді.

Үшіншіден, тізілімді қалыптас­тыру және одан кейінгі мониторинг шеңберінде өндірушілердің өндіріс жағдайын бақылаудың тиімділігін, олар ұсынған мәліметтер мен құ­жат­тардың дұрыстығын арттыруға бағытталған түзетулер енгізілді. Өнеркәсіп  және құрылыс минис­трлігі салалық мемлекеттік орган­дар мен салалық қауымдастықтарды тарта отырып, өндірісті бағалауды жүзеге асырады, ал ұсынылған мәліметтер негізінде өндірісті баға­лау мүмкін болмаған жағдайда бұл жұмыстарды көшпелі инспекция құрылып, жүзеге асыратын болады. Мониторинг цифрлық вери­фикациялау арқылы мониторинг 3 айда бір рет жүргізіледі.

Төртіншіден, тауарлардың шығарылған елін айқындау мақ­сатындағы сараптаманы мемле­кеттік бақылау мен лицензиялауды алып тастау туралы ұсыныс қолдау тапты. Өйткені ол бизнес үшін әкімшілік және қосымша жүктеме болар еді. Оның үстіне, тізілімді жүр­гізу шеңберінде онсыз да бақы­лау жүзеге асырылмақ. Мәселен, реестрге енгізер алдында кәсіп­орында қанша тауар өндіреді, қан­ша адам жұмыс істейді, қанша салық төлейді, соның барлығы тек­се­рілетін болады. Оның қоры­тын­дысында не кіргізеді, не то­лықтыруға жібереді, не қарсымын деген ұйғарым шығарады. Осы­лайша, жалған тауар өндірушілерге тосқауыл қойылады.

– Нақты артықшылықтарын санамалап бере аласыз ба?

– Тізілімді енгізу Қазақстанда жұмыс істейтін тауар өндірушілер туралы өзекті ақпаратқа қол жеткізудің бірегей нүктесін құруға мүмкіндік береді. Өндірісті растау жүйесіндегі қазіргі жағдайда мем­лекеттік қолдау шаралары көбінесе нақты бағытталмаған, бұл олардың тиімділігін төмендетіп отыр. Эко­номиканы дамыту және әртарап­тандыру бағытындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде мемлекеттік қолдауды тек Қазақ­стандық тауар өндірушілерге бағыттау жоспарлануда. Бұл тәсіл ресурстарды мақсатты пайдалану, жергілікті өндірісті ынталандыру және Қазақстанда өндірілетін тауарлар мен олардың өндірушілері туралы ақпаратқа бірегей қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, ұлттық экономиканың дамуына ықпал жасайды. Сондай-ақ адами факторды минимизация­лауға және тауар өндірушілерді тізілімге қосу процесін жеделдетуге мүмкіндік береді. Цифрлық дерек­терді пайдалану жабдықтармен, технологиялық операциялармен және тағы басқа манипуляция жасау тәуекелдерін төмендетеді. Компаниялар өздерінің шығу тегін тез растап, реттелетін сатып алу­лар­ға қатыса алады, бұл нарықтағы сенімділікті арттыруға ықпал етеді. Әзірленіп жатқан тізілім СТ-KZ сертификаттары мен өнеркәсіптік сертификатты беру тәртібімен бай­ланысты анықталған кемшіліктерді ескере отырып, тауар өндірісін рас­тау жүйесін жетілдіруге бағыт­талған. Бұдан бөлек, әзірлеу бары­сында жеке сараптамадан мемле­кеттік сараптамаға көшу ұсы­­ны­ла­ды, онда бизнес өкілдері де қатысатын болады. Тізілімді ен­гізу өтініш беруші мен әкімші ара­сындағы байланыстарды мини­мизациялауға мүмкіндік береді.

– Бұл жаңалық кәсіпкерлер қауы­мына ендігісі қызық боп жатқан болар. Ендеше тізілімге ену жолы қан­дай?

– Тізілімді қалыптастыру және жүргізу бірнеше кезеңнен тұрады: өтініш беру, цифрлық верифика­циялау, өндірісті бағалау және тізілімге қосу немесе қоспау туралы шешім қабылдау. Мұнда толық­қанды ақпараттық жүйе болады және ол қажетті құжаттарды сарап­тама жүргізу үшін басқа мем­лекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланады. Әлгі ақпа­раттық жүйеде кәсіпорын қанша электр энергиясын тұтынады, неше адам жұмыс істейді, бюджетке салық төлей ме, сосын бейне­камералар арқылы өндіріс жұмыс істеп тұр ма, жоқ па, солар көрінуі керек. Егер бәрі кәсіпкердің айт­қанындай болса, бес жұмыс күні ішінде оны тізімге қосады.

Осы ретте айта кетер жайт, бірыңғай реестрге қосылу-қосыл­мау ерікті түрде жүреді. Кәсіпкер­лерді оған кіруге ешкім міндет­темейді. Егер мемлекеттік сатып алуға қатысқысы келетіндер болса, яки ірі квазимемлекеттік кә­сіп­орындармен, кен өндіру­шілермен жұмыс істегісі келсе, тізілімге кіру керек. Бұл биыл қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Мемлекеттік сатып алулар туралы заңда қарас­тырылған. Болмаса кіру-кірмеуді өзіңіз білесіз.

Жаңа айтқандай, Қазақстандық тауар өндірушілердің реестріне енген кәсіпорындарға үш ай сайын мониторинг жасалады. Мақсат жұмыс істеп тұрғанын білу. Өкілетті органның қызметкерлері бейне­камералар арқылы тексеріп, егер өндіріс тоқтап тұрса, оның себебін анықтайды, қажет болған жағдайда аяқтай барып тексереді. Егер жұ­мысы жанданбаса, әрине тізімнен шығарылады, мемлекеттік қолдау­дан айырылады. Мұндай тек­серулер еліміздегі «жалған» кәсіп­орындарды анықтауға көмектеседі. Мәселен, белгілі бір өнімді жасауға Қытайға тапсырыс беріп, оны алып келіп логотип, этикетка, штрих код тағы басқа жабыстырып, өзінің өнімі етіп көрсту – әлемде бар прак­тика. Қазақстан да одан тыс­қары емес. Міне, алдағы уақытта осыған жол берілмейтін болады.

Бұл заң жобасын қабылда­ғаннан кейін Қазақстандық тауар­лар тізілімін енгізу бойынша нор­мативтік құқықтық актілер әзір­­­ленетін болады. Тоқетерін айт­­­қанда, сертификаттау талап ету ғана емес, қолдау құралына да айналатын болады.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 

Нұрлан ҚОСАЙ