Айыппұл – бұл не деген ғайып пұл?!

Айыппұл – құқықтық тәртіпті сақтаудағы маңызды тетік. Ол заңбұзушылықтардың алдын алуға, жауапкершілік пен тәртіпті нығайтуға бағытталған.

Дегенмен айыппұлдың тиімділігі, әділдігі және оның қоғамға тигізетін әсері туралы пікірлер де әртүрлі. Мәселен, бүгінде елімізде көлікті 5 минут қыздырғаны үшін айыппұл төлеу туралы заң көпшіліктің талқысына түсуде. Жалпы, айыппұл қай кезде тиімді және оның көлемі немен анықталуы керек деген сауалды бірқатар азаматқа қойып көрген едік.

Снежанна ИМАШЕВА,

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі: 

Айыппұл – заңның орындалуын қамтамасыз ететін құрал

Қоғамда айып­пұлдарды са­лудың басты мақ­саты – заң­дар­дың бұлжыт­пай орындалуын қамтамасыз ету. Мемлекеттік ме­ке­мелер айып­пұл­дарды бюд­жетті толтыру үшін қолдан­бай­ды, олар тек заң бұзылған жағдайда жазалау шарасы ретінде қолданылады. Дегенмен кейбір айыппұлдар мөлшері тым жоғары болып кетуі мүмкін. Сондай-ақ кейде аса ауыр емес құқық­бұ­зушылықтарға да айыппұлдар салынады. Алайда егер азаматтар заңдарды сақтап, тәртіппен жүрсе, ешқандай айыппұл салын­байды. Ал заңды бұзып, бірқатар айыппұл алған азаматтар өздерінің әлеуметтік жағдайына зиян келтіреді. Олар өздерінің әрекеттері арқылы өз жағдайын қиындатады.

Айыппұлдардың мақсаты – әлеуметтік деңгейді түсіру немесе көтеру емес, ең бастысы – заңның орындалуын қамтамасыз ету. Бұл ретте айыппұл жүйесінің тиімділігі тек заңның сақталуына және тәртіптің орнауына бағытталуға тиіс. Басқа елдермен салыстырғанда айыппұлдардың мөлшері әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оны объективті түрде зерттеу қажет. Айыппұл мөлшерінің көбеюі тек азаматтардың заңбұзу­шы­лық­тарының жиілеуіне байланысты. Мұндай жағдайда аналитикалық және статистикалық зерттеулер жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданады.

Соңғы уақытта «көлікті бес минуттан артық қыздыруға болмайды» деген пікір қоғамда кеңінен талқыланып, белгілі бір дәрежеде үрей туғызып отыр. «Жол қозға­лысы туралы» заң мен Жол қозғалысы ережелерінде (ЖҚЕ) көлікті бес минуттан артық қыздыруға тыйым салатын ешқандай нақты норма жоқ. Дегенмен бұл пікірдің пайда болуына байланысты бірнеше заң тармақтарына назар аудару қажет.

Заң не дейді? «Жол қозғалысы туралы» заңның 54-бабында көлік иелері мен жүргізушілердің құқықтары мен міндеттері қарастырылған. Осы баптың 4-тармағы жүргізушіге бірнеше әрекетті жасауға тыйым салады, оның ішінде мыналар бар:

Елді мекендерде жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен көлікті қоюға тыйым салы­нады, егер бұл тұрғындарға қолайсыздық тудырса;

Тұрғын аудандарда жұмыс істеп тұрған қозғалтқышпен көлікті (электромобильдерді қоспағанда) қоюға тыйым салынады.

Айта кету керек, тұрғын аудандарда кө­лікті қою ережелері арнайы жол белгілерімен белгіленеді және тұрғындардың пікірі маңызды рөл атқарады.

«Бес минут» ережесі «тоқтау» мен «тұ­раққа қою» ұғымдарын дұрыс түсінбеуден туындаған. «Тұраққа қою» заң бойынша былай анықталады: көліктің қозғалысын жолаушыларды отырғызу немесе түсіру, жүк тиеу немесе түсіру жағдайларынан тыс бес минуттан артық әдейі тоқтату. Яғни, егер сіз көлігіңізді бес минуттан артық тоқтатып қойсаңыз, бұл «тұрақ» болып саналады. Ал жоғарыда айтылған ережелер осы ұғымға қатысты қолданылады. Егер сіздің көлі­гіңіздің қозғалтқышы тұрғындарға айтар­лықтай қолайсыздық тудырмаса, онда әкім­шілік құқықбұзушылық болып саналмайды. Бірақ егер сіз тұрғын ауданда ауыр жүк көлігімен немесе трактормен тұрып, шу мен түтіннен тұрғындарға қолайсыздық тудыр­саңыз, олар шағымдануы мүмкін. Мұндай жағдайда 597-бапқа сәйкес, көлік құрал­да­рын тоқтату немесе тұраққа қою ережелерін бұзғаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Данияр ҚАСҚАРАУОВ, 

Парламент Мәжілісінің депутаты:

Қоғамдық қауіпсіздік әлсіремеуге тиіс

Еліміздегі айып­­­пұлдарға қатысты ха­лық­тың жаппай на­ра­зылық таны­туы тек тұрақ ере­­же­ле­ріне бай­­ла­ныс­ты деп айтуға бол­­май­ды. Мәсе­лен, бес минуттан ар­тық көлік қыз­дыруға тыйым салу мәселесі 20 жыл бұрын көтерілгенімен, ол кезде бұл ереже күшіне толық енбеген болатын. Сол уақытта қазіргі замандағыдай бейнебақылау камералары мен құқық­бұзу­шылықтарды тіркейтін құрылғылар кеңінен қолданылмаған еді.

Бүгінде қоғамда «халық бір-бірін аңдып, күнделікті айыппұл салуға ықпал етіп жа­тыр» деген пікірлер кездесуде. Алайда мұн­дай пікірлердің негізділігіне күмәнмен қа­раймын. Бұл заң негізінен экологияны қор­ғауды мақсат еткен мемлекеттерде тиімді қолданылуда. Мысалы, Канада сияқты елдерде бұл мәселе басқа деңгейде шешіледі. Сонымен қатар кейбір азаматтарымыздың көліктерін паркингтерде сағаттап қыздыруы экологиялық тұрғыдан дұрыс емес. Осындай жағдайларды ескере отырып, бұл заң эколо­гияны қорғауға және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам деп есептеймін.

Тағы бір өзекті мәселе – елімізде бейне­бақылау камераларының көбеюі. Жақында Жамбыл ауданында мал ұрлығының алдын алу мақсатында 800 камера орнату ұсы­нылғаны туралы хабар жетті. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бұл шара жол-көлік оқиғаларын азайтуға, мал шаруашылығы саласындағы ұрлықтардың алдын алуға және жалпы құқықбұзушылықтарды болдырмауға айтарлықтай үлес қосуы мүмкін. Алайда бейнебақылау жүйелерін орнату барысында әрбір азаматтың жеке кеңістігі мен құқық­тары сақталуға тиіс. Камералар тек тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шек­теліп, жеке өмірге шамадан тыс араласуға жол берілмеуі қажет.

Мемлекетіміздің бюджетін айыппұл есе­бінен толтыру – экономиканың ең тиімсіз әрі сын көтермейтін жолы деп санаймын. Бюджет көздерін арттыру үшін елімізде ши­кізат өндіретін зауыттар мен кәсіпорындарды дамытуға басымдық берген жөн. Атап айт­қанда, отандық өндіріс орындары мен өңдеу кәсіпорындары ел экономикасының негізгі тіректері болуға тиіс.

Қорыта айтқанда, экологиялық және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы заңдарды жетілдірумен қатар, халықтың сеніміне селкеу түсірмейтіндей әділ әрі теңгерімді жүйе құру маңызды.

Дидар СМАҒҰЛОВ,

«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры: 

Айыппұл саны халық санынан асып түсті

Елімізде құ­қық­бұзу­шылық­тар мен айып­пұлдар санының өсуі қоғам үшін алаңдаушылық тудырып отыр­ған маңызды тен­ден­циялар­дың бірі. Құ­қық­тық статистика де­ре­ктеріне сәй­кес, 2024 жыл­дың 11 айы ішін­де Қа­­зақ­­­стан­­ның мемле­кет­тік органдары айып­­пұл­дардан рекордтық көлемде қаражат өндір­­ген. Бұл сома – 217 млрд теңгені құрай­ды. Салыс­­тырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы айып­­пұл­дар көлемі 142 млрд теңге болса, 2022 жылы – 111 млрд теңге, ал 2021 жылы – 79 млрд теңге болған.

Түсінікті болу үшін бұл сандарды көр­шілес Қырғызстанмен салыстырсақ, онда 2024 жылдың алғашқы 10 айында жол ережесін бұзғаны үшін барлығы 6 миллион доллар көлемінде айыппұл салынған. Ал Қазақстанда осы кезеңдегі айыппұл көлемі 170 миллион долларды құраған. Бұл көрсет­кіштер халық арасында наразылықтың ар­туына себеп болып отырғаны анық.

Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, алдағы жылдары елдегі айыппұлдар саны халық санынан асып түсуі ықтимал. Бұл дегеніміз – әрбір жаңа туған нәрестеге де айыппұл жазылады дегенді білдіруі мүмкін. Мұндай жағдай қоғам үшін құқық қорғау жүйесіне деген сенімнің әлсіреуіне алып келеді.

Айыппұл салудың басты мақсаты – құ­қықбұзушылықтың алдын алу және про­фи­лактика екенін құқық қорғау органдары баса назарға алуы тиіс. Алайда қазір бұл жүйе мем­лекеттік бюджетке тұрақты «табыс көзі» ретінде қарастырылып отыр. Бұл мәселе басқа елдердің тәжірибесімен салыстырғанда айқын байқалады. Мысалы, Ресейде 2023 жылы 143,8 миллион халықтың ішінде сотта қаралған әкімшілік құқық­бұзушылықтардың саны 6,14 миллионды құрады. Тіпті, соттан тыс қаралған құқықбұзушылықтарды есеп­тегеннің өзінде, Қазақстандағы көрсет­кіш­терден айтарлықтай төмен болар еді.

Мұндай жоғары көлемдегі айыппұлдар мемлекеттік қазынаны толтырудың бір әдісі ретінде қолданылғанымен, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайына ауыртпалық түсіріп отыр. Мұндай тәжірибе ел тұрғын­дарының тұрмыс деңгейіне теріс әсер етіп, халық пен билік арасындағы сенімге нұқсан келтіруі мүмкін.

Осыған байланысты мемлекетіміз айыппұл жүйесін қайта қарап, оның негізгі міндетін – құқықбұзушылықтардың алдын алу мен тәртіпті қамтамасыз етуге бағыттау қажет. Сонымен қатар бюджет қаражатын тиімді пайдалану мен экономиканың өзге тұрақты көздерін дамыту маңызды. Айыппұл саясатына қатысты әділеттілік қағидатын сақтап, халықтың мүддесіне сай шешімдер қабылдау – мемлекеттік органдардың басты міндеті болуға тиіс.

Дайындаған

Әсет ҚАЛИ