Американың технологиялық алпауыттары қытайлық шағын зертханадан қорқып, инженерлерін «соғыс бөлмесіне» жинай бастады

Қытайдың DeepSeek стартапы жаңа ЖИ моделін жасады. Ол бүгінгі қолданыстағы барлық үлкен тіл үлгілеріне негізделген жасанды интеллект жүйелерінен асып түскен.

CNBC телеарнасының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz қытайлық белгісіз стартаптың ақылды моделі америкалық алпауыттарды неге шошытқанын түсіндіреді.

DeepSeek басшысы Лян Вэнфэн: «Біз жас, отандық таланттарға назар аударамыз. Олар аш, жаңашыл және Қытайдың технологиялық экожүйесіне терең тамыр жайған». Фото gulfnews.com сайтынан алынды

Бүгінге дейін белгісіз болып келген Қытайдың шағын зертханасы АҚШ-тың ЖИ саласындағы үстемдігіне қалай қауіп төндіреді? Шағын қытайлық стартап арзан және өнімділігі төмен чиптерді пайдаланып, бірнеше ондаған млрд доллар тұратын мақтаулы америкалық аналогтарды артта қалдырған ЖИ үлгісін шығарды. Бұл оқиға Кремний алқабында, әлемдік биржаларда үлкен дүрбелең тудырды.

DeepSeek деп аталатын зертхана желтоқсан айының соңында үлкен тілдің тегін, ашық кодпен бастапқы үлгісін шығарды, оның айтуынша, оны құруға 5,6 миллион доллар мен екі ай уақыт кеткен. Зертхана Nvidia компаниясының H800 деп аталатын сыйымдылығы шектеулі чиптерін пайдаланған.

22 қаңтарда Ақ үйде Stargate атты жаңа жоба басталғанын, оған 500 млрд доллар тартылғанын президент Дональд Трапм пен Ларри Эллисон (Oracle), Сэм Альтман (OpenAI), Масаеси Сон (жапондық холдинг SoftBank) зор шабытпен жариялаған еді. Президент Трамп Stargate-ті «Американың орасан зор әлеуетін көрсететін тарихтағы ең үлкен ЖИ жоба», «Американың ЖИ саласындағы көшбасшылығын күшейтетін серпіліс» деп атағанын бүкіл әлем естіді. Кемінде 100 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін жобаны OpenAI бас директоры Сэм Альтман да «бұл осы дәуірдің ең маңызды жобасы болады» деп қостады.

OpenAI, Oracle және Softbank-тен басқа Stargate жобасына Microsoft, Arm, Nvidia (әлемдегі ең қымбат технологиялық компания) сияқты алпауыттар мен БАӘ үкіметінің атынан MGX инвестициялық тобы да кіреді.

Президент Дональд Трамп: «Қытайлық компанияның DeepSeek ЖИ үлгісі біздің индустриямыз үшін қауіпті дабыл болуы керек». Фото news.yahoo.co.jp сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters / Elizabeth Frantz 

АҚШ президенті жариялаған жобаның беделін екі күн өтпей жатып (24 қаңтар) Қытайдың шағын зертханасы жоққа шығарды. Бұл Американың абыройын шайқаған соққы болған сияқты. Бұның бәрі кездейсоқ оқиғалар тізбегі емес, Қытайдың америкалық менменшілдікке жасаған соққысы болды.

Кеше (27 қаңтар) Конгрестің Өкілдер палатасындағы Республикалық партияның фракциясында Дональд Трамп: «Қытайлық компанияның ЖИ-дің DeepSeek үлгісін шығаруы біздің индустриямыз үшін қауіпті дабыл болуы керек, біз жеңіске жету үшін бәсекелесуге аса назар аударуымыз керек», – деді. 

Технологиялық ортаны таңғалдырған жаңалық Американың жасанды интеллект саласындағы жаһандық көшбасшылығы төмендеді деген пікірлер туғызды. Ең бастысы, ірі технологиялық компаниялардың ЖИ үлгілері мен деректер орталықтарын құруға жұмсап жатқан жүздеген миллиард долларлық ауқымды шығындарының дұрыстығына күмән туғызды.

27 қаңтарда Астана уақыты бойынша сағат 16.00-де NASDAQ-та сатылатын Nvidia акциялары 13,93%-ға төмендеді, яғни, 122,76 доллар болып арзандады. Негізгі сауда-саттық басталғанға дейін компанияның капиталдандыруы бірден 500 миллиард долларға азайған. 

Инвесторлар ЖИ үлгілері үшін ондаған миллиард долларға қымбат чиптерді сатып алмай-ақ, сондай нейрондық желілерді арзан, аз чиптермен де әлдеқайда тиімді жасауға болатынын түсінді. Бұл жақын болашақта Nvidia өнімдеріне сұраныстың күрт төмендеуіне алып келуі мүмкін, оның кірісінің 80%-ы осы чиптердің саудасына байланысты.

Bloomberg-тің хабарлауынша, акциялардың арзандауы қытайлық DeepSeek стартапының танымалдылығы аясында басталған. Нарықтың құбылуының себебі – қытайлық стартаптың r1 жасанды интеллект моделі болып тұр. Ол көптеген көрсеткіштер бойынша OpenAI-дің o1 соңғы нұсқасын басып озған. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, қытайлық стартап өзінің өнімін жариялағаннан кейін Nvidia-мен серіктесіп бір салада жұмыс істейтін ірі компаниялардың капиталдандыруының жиынтық қысқаруы 1 триллион доллар болған.

Тәуелсіз орталықтарда өткізілген өнімділік сынақтарында математика мен кодтауға дейінгі күрделі есептерді шешуде DeepSeek моделі Meta-ның Llama 3.1, OpenAI-дің GPT-4o және Anthropic-тің Claude Sonnet 3.5 үлгілерін артта қалдырған.

DeepSeek бірнеше тәуелсіз тараптар өткізген сынақтарда OpenAI-дің соңғы o1 үлгісін басып озған r1 моделін шығарғанын дүйсенбіде (20 қаңтар) жариялады.

Жаңалықтың үлкен дүрбелең туғызғаны сонша, DeepSeek жасаған арзан әрі тиімді ЖИ үлгісі басқалардан қалай асып түскенін анықтау үшін Meta компаниясы өзінің инженерлерін «соғыс бөлмесіне» шұғыл кеңеске шақырған.

DeepSeek зертханасын Қытайдың ірі технологиялық инвесторлары мен үкіметтік қорлар қаржыландыруы мүмкін. Фото wanchai298.com сайтынан алынды

«Жаңа DeepSeek моделі олардың (қытайлық стартап – авт.) есептеулерді жүзеге асыратын ашық коды бар модельді өте тиімді құрастырғанын көрсетеді және оның супер-есептеулер жасауда ерекше мүмкіндіктерге ие екені таңғалдырады. Біз Қытайдағы оқиғаларды жоғары алаңдаушылықпен қабылдауымыз керек», – деп мәлімдеді 22 қаңтарда Microsoft бас директоры Сатья Наделла Швейцарияның Давосында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда. 

DeepSeek өзінің жаңа үлгісін жасау кезінде АҚШ үкіметі Қытайға енгізген чиптердің экспортына байланысты қиындықтармен күресуге мәжбүр болған. Сондықтан стартап Nvidia-ның H100 сияқты ең қуатты чиптерін сатып ала алмаған. Стартаптың бұл қиындықтарды еңсеруі DeepSeek ережелерді айналып өтудің жолын тапқанын немесе экспорттық бақылау Вашингтон ойлағандай тиімді емес екенін көрсетеді.

DeepSeek зертханасы мен оның негізін қалаушы Лян Вэнфэн туралы мәліметтер өте аз. Зертхана Қытайдың High-Flyer хедж-қорынан дүниеге келген, қор 8 миллиард долларға жуық активтерді басқаратыны белгілі болды.  Зертхананы қолдаушылардың нақты аты-жөні аталмағанымен, жобаға Қытайдың ірі технологиялық инвесторлары мен үкімет қолдайтын қорлар тартылуы мүмкін екені ешкімге құпия емес.

Қытайлық жобалар әлемді әлі талай таңғалдырып, америкалық көшбасшылықтың іргесін қирата беретін шығар. Сурет theinformation.com сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Бір қызығы, DeepSeek осындай ірі жетістікке жеткен жалғыз қытайлық компания емес. Жетекші ЖИ зерттеушісі Кай-Фу Ли оның 01.ai стартапы бар болғаны 3 миллион долларға оқытылғанын айтады. Өзінің уақытын күтіп жатқан бұндай қытайлық жасырын жобалар көп болуы мүмкін, олар мезгілі жеткенде әлемді әлі талай таңғалдырып, америкалық көшбасшылықтың іргесін қирата беретін шығар.

«Қажеттілік – өнертабыстың анасы. Олар қиындықтарды жеңіп, мәселені шешу жолдарын табу керек болғандықтан, әлдеқайда тиімді модель жасай алды», – дейді Perplexity-дің бас директоры Аравинд Сринивас.

Бұл сөздермен келіспеу қиын. Рас, мүмкіндік пен қолдағы ресурс шектеулі болған сайын, ізденіс те, табыс та көп болады. Біздің замандастарымыз үшін де, санымыз аз Қазақ еліне де өнеге боларлық сөздер.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.