Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп пен бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың қатысуымен кездесу өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Федерацияның баспасөз қызметі мәліметінше, басқосудың негізгі мақсаты – Бақтияр Артаевқа Вэл Баркер кубогын табыстау.
Вэл Баркер Кубогы – Олимпиада ойындарындағы үздік боксшыға берілетін қайталанбас жүлде.
2004 жылы Афинадағы бәсекеде чемпион атанған Бақтияр Артаев жарыстың үздік былғары қолғап шебері деп танылды. Артаев өз кубогын бірнеше жыл бұрын халықаралық ұйымға тапсырып, осы мәселе шешімін таппаған еді. Қазақстан бокс федерациясы әлемдік спорттағы құнды жәдігер саналатын жүлдені қайтару үшін нақты қадамдар жасады.
Осылайша, бүгін Вэл Баркер кубогы өз иесін тапты.