АҚШ президенті бұл күнді «Американың азаттығы» деп атады. Бірақ осы мәлімдемеден соң Уолл-стрит 2020 жылғы пандемияның алғашқы айларынан бергі ең ауыр күнді бастан өткерді. Нью-Йорк қор биржасындағы сауда жабылғанда, жаппай акцияларды сату толқыны негізгі индекстердің соңғы бес жылдағы ең үлкен құлдырауға әкелді. S&P 500 индексі 4,9%-ға, Dow индексі де 4%-ға төмендеді. Сәйкесінше, инвесторлар бұл тарифтер рецессияға әкелуі мүмкін деп қауіптенеді.
Жарияланған тізімге бүкіл әлемнің 185 мемлекеті енген. Кедендік тарифтер тізіміне көз жүгіртсек, кейбіреулер үшін бұл кедендік баждан босатумен тең болса, енді бір елдер үшін үлкен проблемаларға айналуы мүмкін. Оның ішінде Қазақстан Орталық Азия елдерімен салыстырғанда неғұрлым қатаң шараларға тап болғанына куә болдық.
Ақ үй тізімінде Қазақстан АҚШ тауарларына 54 пайыздық баж салығын салғаны көрсетілген. Соған жауап ретінде қазақстандық тауарларға 27% кедендік салық салынатын болады. Орталық Азиядағы Қырғызстан, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан үшін 10% бірыңғай мөлшерлеме белгіленген, ал 27 пайыз ең жоғары көрсеткіш. АҚШ-тың жаңа кедендік тарифтері Қазақстанның негізгі экспорттық тауарларына қысым жасай ма және бұл өзгерістер еліміздің экономикасына қалай әсер етеді?
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, Қазақстан АҚШ-қа тауарды көбірек сатып, одан азырақ импорттайды. Қазақстан мен АҚШ арасындағы саудада Қазақстан артық тауар экспорттайды, ал импорт көлемі салыстырмалы түрде аз. Мұндай жағдай «сауда профициті» деп аталады.
– Қазақстанға жаһандық сауда қақтығыстары үлкен қауіп төндірмейді. Олар бізге тікелей әсер етпейді. Иә, егер Трамп «термоядролық тарифтік бомба» жарса, соққының толқыны бізге де сезілуі мүмкін, бірақ бұл негізінен психологиялық әсер ғана болмақ. Біздің басты артықшылығымыз – Қазақстан сауда соғыстарының эпицентрінде емес. Қазір негізгі текетірес АҚШ пен әлемдегі ең ірі экономикалар (Қытай, Еуроодақ) арасында жүріп жатыр. Қазақстанның сыртқы сауда айналымындағы АҚШ-тың үлесі 1%-дан да аз. Сондықтан бізге айтарлықтай экономикалық соққы болмайды, – дейді ол.
Былтыр Қазақстан АҚШ-қа 2 млрд доллардан астам тауар экспорттап, 1 млрд доллар көлемінде импорттаған. Яғни, біз соңғы он жыл бойы АҚШ-қа көбірек тауар сатып келеміз, ал ол жақтан азырақ аламыз. Қаржыгердің айтуынша, біз санкциялар енгізілген елдердің тарифтік тізімінде болғанымызбен, бұл формальды мәселе ғана.
– Ал АҚШ-тың Қазақстаннан келетін импортқа енгізген 27%-дық тарифтері біздің экспортымызға қатты әсер етпейді. Себебі біздің тауарлар «стратегиялық материалдар» санатына жатады және олар президенттік шешім негізінде баж салығынан босатылады. Теориялық тұрғыдан алғанда, кейбір тауарлар біз үшін арзандай түсуі мүмкін. АҚШ-тың санкциясына іліккен елдер өздеріне жаңа нарықтар іздейді, сондықтан Қазақстан тиімді бағамен техника, металл, көлік немесе құрылыс материалдарын алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл тіпті бизнес пен тұтынушылар үшін пайдалы болуы мүмкін. Қазақстан АҚШ нарығының орнын толтыра алмайды, бірақ ТМД елдері арасында бағасы тартымды нарықтардың бірі болып қалмақ, – деді Р.Рысмамбетов.
Дегенмен АҚШ-тың енгізген тарифтері елдегі инфляцияны күшейтсе, бұл доллардың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде, Қазақстан үшін долларлық аймақтан импорттау арзандайды, ал теңгенің долларға шаққандағы бағамы күшеюі мүмкін.
– Айтпақшы, Қазақстан АҚШ-пен тікелей сауда жасайтын ТМД-дағы санаулы елдердің бірі. Біздің экономикамыз шағын болғанына қарамастан, АҚШ-қа сауда профицитімен шығатын елдер қатарындамыз. Осындай тарифтер Оңтүстік Корея және басқа «Азия жолбарыстарына» да енгізілді, – дейді маман.
Оның айтуынша, Қазақстан өз өндірушілеріне көбірек көңіл бөліп, «жергілікті өнім» ұғымын нақтылауы қажет. Ауыл шаруашылығына, қайта өңдеу саласына және машина жасауға көбірек инвестиция салу керек. Қазір арзан несие алып, сапалы жабдық сатып алу үшін жақсы мүмкіндік туындап отыр. Дәл осы кезеңде «Бәйтерек» қорының қаржысын іске жаратуға болады. Ең бастысы – жылдам әрекет ету, – деп қорытындылады сөзін қаржыгер.
Сарапшының сөзінің жаны бар. Өйткені Tradingeconomics деректеріне сүйенсек, Қазақстан АҚШ-қа мынадай стратегиялық маңызы бар шикізат өнімдерін экспорттайды: минералды отын, радиоактивті химиялық элементтер, тазартылған мыс және өңделмеген қорытпалар, бейорганикалық химиялық заттар, рудалар мен қара металдар.
АҚШ тарапынан қабылданып жатқан бұл шаралар Трамптың сайлау алды бағдарламасында қарастырылған. Тәуелсіз сарапшы, экономист Сапарбай Жобаевтің айтуынша, ол халқына импорттық тауарларға кеден салығын көбейтіп, Американың өндірісін дамытуды, сол арқылы мемлекетін ұлы Америкаға айналдырамын деп уәде еткен.
Сауда және интеграция министрлігі Aiqyn газетіне берген жауабында АҚШ-пен екіжақты ынтымақтастық аясында Қазақстан халықаралық міндеттемелерге сәйкес саудада тең және кемсітушілікке жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді деп мәлімдеді.
«АҚШ тарапынан қабылданған жаңа сауда шараларын алдын ала талдау нәтижесінде, Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауарларының елеулі бөлігіне қосымша тарифтердің әсері болмайтыны анықталды. Өйткені олар АҚШ әкімшілігінің нормативтік актілерінде көзделген ерекшеліктер тізіміне енгізілген», – делінген мәлімдемеде.
Қорыта айтқанда, АҚШ тарифтерінің 27%-ға өсуі Қазақстан экономикасына белгілі бір әсер етеді, бірақ ол шешуші фактор болмайды. Қысқа мерзімде қиындықтар туындауы мүмкін, бірақ ұзақмерзімді перспективада Қазақстан сыртқы сауда тұрақтылығын сақтайды.
Кәмила ДҮЙСЕН