Балмұздақты жақсы көретін миллиардер баю үшін қандай кеңес береді?

Сабыр сақтап, үрейге берілмеу – атақты инвестордың басты нарықтық даналығы. Әлемдік нарық Трамптың тарифтерінен шайқалтып жатқанда да миллиардер өз ұстанымынан айнымайды.

Quartz сайты жариялаған қысқаша хабарламадағы ойды Aikyn.kz ары қарай дамытып, талдайды.

Уоррен Баффет: «Сабырлы болыңыз және дүрбелеңге берілмеңіз». Фото wsj.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images

Апта басында АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген жаңа тарифтер нарыққа қатты соққы болды. Үлкен биржаларда дүрбелең туды, акциялардың құны төмендеді. Өйткені инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда шиеленісінің күшеюіне жауап ретінде акцияларды жаппай сата бастады.

Dow Jones индексі 2230 пунктке (5,5%-ға) құлдырады. Бұл соңғы жылдардағы ең күрт төмендеулердің бірі болды. Amazon, Apple, Tesla сияқты технологиялық алпауыттардың акциялары құлдырай бастағанда, бағаның өсуі мен жеткізу тізбегіндегі үзілістерге қатысты алаңдаушылықтар күшейді.

Осындай нарық тұрақсызданғанда, көптеген инвесторлар бағыт-бағдар іздейді. Сарапшылар өзінің сабырлы қалпынан айнымайтын Berkshire Hathaway компаниясының төрағасы Уоррен Баффетке құлақ түреді. Ол нарық құлдырағанда бірнеше кеңес береді: «Сабырлы болыңыз және дүрбелеңге берілмеңіз».

Ол 2017 жылы акционерлерге жолдаған хатында нарық қаншалықты тұрақсыз болса да, ұзақ мерзімді стратегияны ұстанудың маңыздылығын атап өткен.

«Қатты құлдыраулар кезінде... дәл сол кезде мына жолдарды еске алу керек», – дейді Баффет, Редьярд Киплингтің XIX ғасырдағы «Егер...» атты өлеңіне сілтеме жасап:

«Егер сен айналаңдағы адамдар басын жоғалтып жатқанда сабыр сақтай алсаң...

Егер сен күтуді біле тұра, күтуден шаршамасаң...

Егер сен ойлай алсаң, бірақ ойыңды мақсат етпесең...

Егер сен өзіңе сеніп, ал өзгелер саған күмәнмен қараса да, алға жүре аласың...

Сонда Жер де, ондағының бәрі де сенікі болады».

Балмұздақты да еріп кетеді деп қорықпай, сабырмен, асықпай, жақсы көңіл күймен жеу керек. Фото pexels.com сайтынан алынды. Авторлығы: RDNE Stock project

Уоррен Баффет ақсақал инвестиция әрқашан тәуекелге толы екенін, ал нарықта әрқашан көтерілу мен құлдырау кезеңдері болатынын айтады.

«Бағдаршам жасылдан сарыға тоқтамай, бірден қызылға ауысуы мүмкін», – дейді ол. Сол кезде қаржылық тұрақтылықты сақтап, құлдырау кезінде сабыр таныта алғандар уақыт өте келе мықты болатынына миллиардер сенеді.

Трамптың тарифтері нарықты әрі қарай шайқалтып, белгісіздік пен құбылмалылық туындатқан сайын, Баффеттің кеңесі өзекті бола түсуде. Аңызға айналған инвестор бұған дейін тарифтерді «соғыс әрекетіне» теңеп, тіпті:

«Тіс перісі оған (тарифтердің көтерілуіне – авт.) ақы төлемейді!» – деп әзілдеген болатын. Бұл әзілдің астары мынадай. Балалар тісі түссе, оны жастығының астына тығып, таңертең «тіс перісі» оған сыйлық немесе ақша қалдырып кетеді деп сенеді.

Ал Уоррен Баффет бұл жерде былай демекші: «Тарифтер – бұл салықтың бір түрі. Олар нақты экономикалық зиян келтіреді. Бірақ, ертегі әлеміндегідей, бұл шығынды ешкім сиқырлы түрде өтеп бермейді. Ешқандай «тіс перісі» жоқ». Яғни, тарифтер нақты шығын болғандықтан, олардың «жақсы жағы» болмайды. Оларды ешкім өтемейді. Кейбір адамдар тарифтерді елге пайда әкелетіндей етіп көрсеткісі келеді, бірақ шын мәнінде бұл – тұтынушының қалтасына түсетін ауыртпалық. Миллиардер Уоррен Баффет әрқашан күрделі процестерді, терең ойды осылай жеңіл әрі бейнелі сөзбен жеткізуді ұнатады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.