2020 жылдың көктемінде жұмысын бастаған «Калькасыз қазақ тілі» бес жыл ішінде тілді ғана емес, сананы түзету жолындағы қозғалысқа айналды. Арнада күнделікті қолданыстағы шала аудармаларға талдау жасалып, олардың орнына көркем де нақты баламалар ұсынылады. Тіліне бейжай қарамайтын мыңдаған оқырманның басын қосқан бұл алаң бүгінде қазақы ойлау мен көркем сөйлеуді дәріптейтін орта болып қалыптасты. Арна авторы – филолог, аудармашы, редактор Назгүл Қожабек. Баспа, медиа, аударма саласында қызмет етіп келе жатқанына 20 жылдан асқан. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасында редактор, Steppe&World баспасында бас редактор қызметін атқарған. Tolagai контент-агенттігінің негізін қалаушы. Қазір оқырман қолында жүрген елу шақты кітаптың редакторы.
Басқосуда тіл тазалығы туралы ойлар айтылып, оқырмандармен ашық пікір алмасу өтті. Шара барысында автор арнаның дамуына үлес қосқан тұрақты оқырмандарға алғыс айтып, шағын сыйлықтар табыстады.
«Калькасыз қазақ тілі» арнасы 2022 жылы Тіл комитетінің «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін иеленген. Бұл арна алдағы уақытта да қазақ сөзінің мәйегін сақтау жолында жұмысын жалғастыра бермек.
Аталған шараның өтуіне Choco компаниясы демеушілік жасап, ана тіліміздің тазалығын насихаттайтын бастамаға қолдау білдірді. Компания өкілдері де кездесуге қатысып, тіл тазалығы жолында жұмыс істеп жатқан әлеуметтік жобалардың маңызын атап өтті. Арна оқырмандарының басын қосатын кешті өткізуге OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі өз алаңын ұсынып, қолдау көрсетті.
А.ТҰМАР