Десек те, ана мен бала құқығын қамтамасыз ету мәселесі заң жүзінде іске асса да, ресми құжат кейбір азаматтарға әсер етпей тұрған сыңайлы. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанда балаларға қатысты 3 356 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 904 іс кәмелет жасына толмаған балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетумен байланысты. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның мәлімдеуінше, былтыр балалардың құқығын қалпына келтіру үшін Бас прокуратура мен облыс прокуратураларына 455 іс бойынша сұрау салынған.
Мектеп әкімшілігі қылмысты жасырып қалуға тырысады
Иә, кейінгі кездері жұмыстағы ата-ана буыны қатпаған бүлдіршінді сеніп тапсыратын балабақшадағы әлімжеттік оқиғалары қоғамды елең еткізді. Бірқатар маман бұл қауіпті құбылыс екенін, бала санасында қатыгездік пен түрлі теріс ойдың өршуіне отбасындағы тәрбиемен қатар күнделікті тұтынатын медиа өнімдері де әсер ететінін алға тартады. Ал балаға аяусыздық танытқан мекеме қызметкері заң аясында қандай жауапкершілікке тартылуға тиіс? Балабақша мен мектепке жұмысқа қабылдау кезінде қызметкерлердің психологиялық тұрақтылығын тексеру талап етіле ме? Ата-аналар мен қоғам тарапынан құқық қорғау органдарына жүгіну механизмі қандай? Сот процесінде мұндай істер қалай қаралады? Біз бұл сауалды адвокат Альбина Бахтиярқызына қойып көрдік. Адвокат елімізде қызметкерден психологиялық тестілеу талап етілмегенін, заңда да бұл жөнінде нақты көзделмегенін атап өтті. «Алайда қазір бала құқығын қорғау мәселесі елде жиі көтерілетін сұрақ болғандықтан, баламен жұмыс істейтін маманды қатаң тексеруден өткізіп алады», – дейді ол.
– Балаға зорлық-зомбылық көрсеткен мекеме қызметкерінің кінәсі дәлелденген жағдайда Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыру жазасына дейін қарастырылған. Егер баланы азаптаса, 110-бап негізінде үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сонымен қатар біздің тәжірибемізде кәмелетке толмаған балаларды зорлау жағдайы көп кездеседі. Заңда көрсетілген 120-баптың төртінші бөлігі өте ауыр қылмыстардың санатына жатады. Осыған байланысты кінәліні 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Дәлірек айтсақ, бұл жерде ешқандай альтернативті жаза жоқ. Одан өзге кәмелетке толмаған балаларға қатысты Қылмыстық кодекстің 121-бабында көрсетілген нәпсіқұмарлық сипаттағы әрекеттер жасау ісі бойынша кінәліге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мектепте белгілі бір қылмыстық сипаттағы әрекеттер болса, көбіне мектеп әкімшілігі қылмысты жасырып қалуға тырысады. Өйткені іс мектептің абыройына нұқсан келтіреді, сондай-ақ басшылық қылмысты Білім басқармасынан қорыққаннан жасыруы мүмкін. Дегенмен қылмысты жасырудың өзі қылмыс саналады. Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін мектеп әкімшілігін жазаға тартуға құқылы. Жоғарыда айтып өткен жағдайлар тәжірибемізде жиі кездесетін қылмыстың түрлері. Одан кейін педагогтер тарапынан да балаларға қатысты буллинг жағдайлары ұшырасып жатады. Бұл туралы заңда арнайы жауапкершілік көзделген. Тіпті, қылмыстық жауапкершілік қарастырылады, – деді адвокат.
Егер бала зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған жағдайда ата-ана тарапынан жедел орындалуға тиіс әрекеттер тізбегі бар. Ең алдымен балаға медициналық көмек көрсетілуі қажет және оны медициналық тексеруден өткізу маңызды. Себебі балада дене жарақаттары бар болса, бұл дәлел ретінде тіркеледі. Оқиға орнына жедел жәрдем қызметін шақыру, баланы тексерістен өткізу үшін емхана немесе ауруханаға алып бару, кейін дәрігерлердің қарауынан өтіп, тиісті қағаздарды алуы қажет. Альбина Бахтиярқызы баланың психологиялық жағдайы да дәлел ретінде міндетті түрде тіркелуге тиіс екенін, аталған әрекеттерді орындағаннан кейін полицияға барып арыз жазу қажет екенін айтады. Егер полиция тарапынан әрекет болмаған жағдайда прокуратураға шағымдануға болады.
– Сіз тікелей прокуратураға да арыз жаза аласыз. Өйткені мемлекеттің атынан балалардың құқығын қорғайтын орган – прокуратура. Одан кейін зорлық-зомбылықтың болуына жол берген білім беру мекемесінің басшылығына ресми түрде шағым түсіре аласыз. Мұның барлығы кешенді әрекет болғаннан кейін ата-ана дереу, нақты, келісілген түрде әрекет етуге тиіс. Жеке тәжірибеме сүйенсем, елімізде балаларға зорлық-зомбылық көрсету – көбіне қылмыстық сипаттағы іс-әрекеттер. Қазір оның барлығы қылмыстық іс ретінде қаралады. Мұндай істер бойынша негізгі дәлелдемелер ретінде педагогтер, психологтар мен дәрігерлердің қорытындылары өте маңызды. Сот процесі дәлелдемелерге сүйенеді, егер бала 10 жасқа толған болса, өзіне жасалған зорлық-зомбылықты көрсете алса, баладан жауап алынады. Бірақ сот процесіне ата-анасы, психолог, педагог міндетті түрде қатысады. Ата-ана баланың заңды өкілі ретінде сотқа қатысып, өтемақы талап ете алады. Бұл дегеніміз ата-ана моральдық зиянды және материалдық шығындарды өндіруге құқылы. Одан өзге мемлекет тарапынан әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылған. Бала құқығы бұзылған жағдайда тиісті органдар өз тарапынан өкілеттігі негізінде әрекет етуге міндетті, – деді Альбина Бахтиярқызы.
Зорлық-зомбылық қылмыстық сипатқа жатады
Осы ретте адвокат ата-аналар білуге тиіс құқық қорғау органдарына жүгіну механизміне тоқталып өтті. Ең алдымен жәбірленуші тарап полицияға немесе прокуратураға арыз жазуға тиіс. Арыз жазудың екі негізгі жолы бар: біріншісі, тікелей органдарға барып арыз жазу, екіншіден Е-өтініш арқылы арызды онлайн форматта жолдауға болады.
– Қазір бала құқығын қорғау бойынша заңнама күшейтіліп келеді. Жақында қабылданған буллинг жөніндегі заңнама бала құқығын күшейтуге арналған. Мемлекет тарапынан атқарылып отырған жұмыс жоқ деуге келмейді. Ең біріншіден, баланың құқығын қорғау – ана-ананың міндеті. Сондықтан ата-ана міндетті түрде баланың күнделікті баратын мектеп ұстаздарымен, балабақша қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста болуға тиіс. Ата-ана балаға жауапты болғаннан кейін балабақшаны, тәрбиешілерді күнделікті қадағалауы қажет. Тағы бір маңызды мәселе, ата-ана баламен профилактикалық түрде жиі әңгімелесуі маңызды. Телефон арқылы сан түрлі сұмдықты қарайды, тіпті күтпеген жерден қылмыстың бір қатысушысы атанатын жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін ата-ата мен бала арасындағы байланыс әлдеқайда маңызды рөлге ие. Қазір елімізде болған зорлық-зомбылық фактілерінің басым бөлігі қылмыстық сипатқа жатады, – деп сөзін түйіндеді адвокат А.Бахтиярқызы.
Баланың жастайынан зорлық-зомбылықтың құрбанына айналуы, өз ортасында әлімжеттік көріп өсуі психологиялық және эмоциялық тұрғыда жанына жара салатынын ескерген абзал. Профессор, педиатр Ләззат Ералиева балалар буллингке тап болған уақытта олардың денсаулығында физикалық және психикалық өзгерістер байқалатынын, бұл келешекте ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертті.
– Физикалық тұрғыдан алғанда, бұл стреске деген психосоматикалық реакциялар – бас ауруы немесе іштің ауыруы. Балабақшаға жиналып жатқан бала дәретханаға баруды жиі сұрап, жүрек айнуына шағымданады, тіпті дене температурасы жоғарылауы мүмкін. Бала үйде қалған уақытта барлық белгі бірден жоғалады. Бұл да психосоматикалық көрініс. Буллингтен кейін баланың ұйқысы бұзылады. Ол қорқынышты түстер көреді, жиі оянады немесе ауыр жағдайларда ұйқысыздықты сезінеді. Сонымен қатар баланың тәбеті де төмендейді, салмақ жоғалтады. Буллингке ұшыраған балалар көбіне стресс пен мазасыздықтың жоғары деңгейіне жетеді. Бұл мінез-құлықтың өзгеруіне, көп жылауға, агрессивтілікке, көңіл күйдің жиі өзгеруіне, зейіннің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Буллингке жиі тап болу баланың өзін-өзі бағалауына нұқсан келтіреді, дәрменсіздік сезімін тудырады. Мұндай балалар көбіне тұйықтанып, құрдастарымен араласуды тоқтатады. Ересек немесе жасөспірім кезінде ұжымға бейімделуде қиындықтар туындауы мүмкін, – деді маман.
Бала құқығын қорғау – мемлекеттің ғана емес, бүтін бір қоғамның ортақ жауапкершілігі. Елімізде бұл бағытта бірқатар маңызды қадам жасалғанымен, тәжірибе көрсеткендей, іс жүзінде заңның орындалуы мен азаматтардың әрекеті тұрғысынан әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Балалардың қауіпсіз, құқығы толық қорғалған қоғамда өмір сүруі – жарқын болашақтың кепілі.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы