Себебі жалғыз қоқыс төгетін полигон толып қалған. Толғаны аздай, ол полигонның пайдалану мерзімі өтіп бара жатыр. Негізгі полигонды пайдалану мерзімі сонау 2000 жылы аяқталған. Ол кезде амалдың жоқтығынан тағы 25 жылға ұзартқан еді. Енді сол межелі уақыт таяп қалды. 50 жылға жуық уақыт жұмыс істеп тұрған қоқыс полигоны қазір әбден тозған. Айналасы іріп-шіріп жатыр. Полигондағы қоқысты реттеу мақсатында арасында өртеп тұрады. Полигон өртенгенде жағымсыз иіс түтінмен араласып қаланы алып кетеді. Экологтар болса, бұл ауаға, адамзатқа қауіп деп безектеуде.
«Орал қаласындағы Зашаған кентінен 10 шақырымдай жерде орналасқан бұл полигонға күніне тонналап қоқыс төгіледі», – дейді мамандар.
Полигонды ICMRecycling компаниясы 10 жылға сенімгерлік басқаруға алған. Қазір олар келісімшарт бойынша күтіп ұстап отырмыз деседі. Ал жалпы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және авттомобиль жолдары бөлімінің балансында.
БҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, облыста қатты-тұрмыстық қалдықтардың 147 полигоны тіркелген. 145 полигон ауылдық округтердің орталықтарында, ал екі полигон Орал мен Ақсай қалаларында орналасқан.
Экологтардың айтуынша, Қазақстандағы полигондардың әлемдік деңгейдегі стандарттар мен заңға сай жұмыс істеуіне қомақты қаражат керек.
«Полигондарды дүниежүзілік экологиялық кодекстің талаптарына сәйкестендіру үшін оған қыруар ақша керек. Оралға полигон салу үшін қомақты қаражатты кім береді? Бізде заң әлемдік кодекспен реттелгенімен, ақша бөлуге келгенде әлемдік масштабқа сай емес. Сондықтан осы жерде қарама-қайшылық туады», – дейді қоғам белсендісі Дәуренбек Сахым.
Дәуренбек Сахым осы уақытқа дейін полигон өртенген кезде Экология департаментінің адамдарын жанып жатқан аймаққа ертіп барған. Айтуынша, сол сәтте ауаның ластануын тексерген департамент мамандары «Ластану көрсеткіші жоқ» деген. Эколог: «мәселенің шешімі полигонды жаңа орынға көшіру мен қоқысты дұрыс орналастыру», – дейді.
Қала маңындағы қатты қалдықтар полигонның толып қалғанын, қолдану уақыты асып кеткенін қалалық әкімдіктегілер де мойындап отыр. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келмей, жаңа полигон сала алмай отырғанын айтады.
Айтпақшы, жаңа полигонның жобалық-сметалық құжаты да дайын. Жоба құны 12 млрд тұрады.
«Полигон көлемінен асып кетті. Екі мыңыншы жылдан бастап, биылға дейін қайтадан мерзімі ұзартылды. Биыл соңғы жыл деуге болады. Барлық қоқыс көзге көрініп, жер бетінде шашылып жатыр. Қазір қолымызда жобалық-сметалық құжат бар. Сараптаманың оң қорытындысын алдық. Біз атқарушы орган болғаннан кейін жоғарғы өкілетті органнан жауап күтеміз. Облыстық Энергетика басқарамасына және Табиғатты қорғау басқармасына бюджетті қорғау өтінімі ұсынылды. Қазір қарастырып жатыр. Жобаның құны 12 млрд көлемінде болғаны қиындау болып тұр», – дейді аталған бөлімнің абаттандыру секторының меңгерушісі Дархан Еркінұлы.
«Егер қаражат табылып, жаңа полигон салынса, ол барлық талапқа сай болуы керек», – дейді мамандар. Себебі қазіргі полигон жай ғана қоқыс төгетін алаң. Айналасында ең болмаса қоршау да жоқ. Мұны әкімдіктің мамандары өздері де мойындап отыр.
«Жаңа полигон Зашаған кентінен 15 шақырым жерде болады. Қазір қолданыстағы полигон сол кезде қалай бар, солай берілген. Былайша айтқанда, қазір сырты тек тормен қоршалып тұр. Қалдықтар жер бетінде шашылып жатыр. Ол жерде әкімшілік ғимарат та жоқ. Қалдық жинау үшін жағдай жасалмаған, қоқыс ашық орынға жиналып жатыр. Жаңа полигонда жұмыс істеуге қажетті әкімшілік заңнамалар қарастырылған, инженерлік инфрақұрылым толығымен тартылады. Қазіргі сұрыптау жүйесімен салыстырғанда, болашақта қалдықтардың соңғы көлемі әлдеқайда аз болады», – дейді Дархан Еркінұлы.
Біз полигонды күтіп ұстаушы мердігер компания өкіліне де хабарласып көрдік. Ол да алған жерден полигон толды, қоқыс төгетін орын қалмады деп зарлап қоя берді.
«Қазір полигон 95 пайызға толды, тіпті одан көп те болуы мүмкін. Мердігер мекеме болғаннан кейін келісімшарт бойынша міндетіміз – полигонды күтіп-ұстау. Полигон аумағы – 35 гектар. 2019 жылы іске қосылған Green Servis Company сұрыптау кешеніміз бар. Қоқысты күнде сұрыптайды. Полигонға жылына 71-72 мың тонна қоқыс түседі. Күніне қаладағы және даладағы қоқысты жинайтын 70-80 көлік келеді», – дейді ICMRecycling компаниясының директоры Алмас Пішенбаев.
Полигон толық, амал жоқ кейде өртейді. Одан барлық мекеме хабардар. Полигонның иісінен соның ішінде жазғы мезгілде ең көп зардап шегетін сол – Зашаған кентінің тұрғындары. Әсіресе, Сарытау, Деркөл кентінің тұрғындары денсаулықтарына алаңдайды.
«Жаз кезінде ыстық температурада ауада молекулалар тезірек тарайды ғой. Сол себептен жазда иіс қатты сезіледі. Түтіннің иісі кешкі уақытта бірден ауданды алып кетеді. Кей кезде терезені ашу мүмкін болмайды. Ал қыста көп білінбейді. Оған қоса, қыста терезені көп ашпаймыз. Полигондағы қоқыстың өртеніп жатқанын айналасынан өтіп бара жатқанда байқаймыз», – дейді бізбен тілдескен тұрғындар.
Орал қаласындағы қоқыс полигонының мәселесі қазір күн тәртібіндегі өзекті мәселе болып тұр. Тұрғындардан түсетін арыз-шағым да көбейген. Экологтар да дабыл қағып жатыр. 50-жылдан бері қызмет атқарып тұрған полигон әбден тозған. Ал жоғары жақ жаңа полигон салуға ақша бөлінген жоқ деп ауыздарын құр шөппен сүртіп отыр. Әні-міне жаз шығады. Қоқыс полигоны тағы шіріп, иістенеді. Ол аздай өртенеді. Қаланы тағы көк тұман басады. Бұл Оралдықтар бетпе-бет келетін жылдағы проблемаға айналды. Ал билік болса жаңа полигон салуға асығар емес.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы