Атыраулық пошташының арманы орындалды

Атыраулық пошташының арманы орындалды
Атырауда адам сенгісіз оқиға болды. Бірнеше жылдан бері вел­о­сипед алуды армандап жүрген атыраулық пошташы не­бәрі бір күннің ішінде велосипедті болды.

Қарапайым пош­ташы туралы жергілікті сайттардың бірінде жарияланған материал осылайша Жұмажан Бегалиевке бір күннің ішінде танымалдық әкелді.

Жұмажан Бегалиев – ерекше кейіпкер. Қазір зейнет жасында. Құрметті еңбек дем­­­алы­сына шыққанға дейін ол төтенше жағ­дайлар департаментінде, полиция сала­­сында қызмет еткен. Соңғы үш жылдан бері пошташы болып қызметке тұрған Жұ­ма­­жан аға күніне кемінде 10 мың шақ­ыр­ымды жаяу жүріп өтетінін айтады.

Өзінің ерекше жұмысы туралы үлкен махаббатпен айтатын Жұмажан Бегалиевке ол туралы сайтта мақала шыққаннан кей­ін, жергілікті гүл сататын дүкендер жел­і­сінің бірі велосипед сыйға тартты. Келесі күні ұялы телефон сататын дүкендер желісі жаңа телефон сыйлады. «Менің сұхбатыма біреу назар аударады деп ойла­мап­пын. Мен үшін бұл күтпеген жағ­дай бол­ды. Тіп­­ті, өзімді шексіз бақытты сезініп кет­тім. Әлемде осындай қайырымды адам­дар көп екенін сезіну – керемет әсер. Хат­ тасуым енді бұрынғыдан да жеңілдей түсетін бол­ды», – дейді Жұмажан ағаның өзі.

Зейнет жасына шыққаннан кейін үйде отыра алмай, қоғаммен араласып, еңбек етуді жөн саған Жұмажан аға көп ойланбай пош­ташы болып жұмысқа тұрған. Атырау қала­сындағы «Қазпоштаның» №9 бөлімше­сінде жұмыс істейтін Жұмажан Бегалиевтің жұ­мыс уақыты күн сайын таңғы 8-де бас­та­лады. Және бір ерекшелігі, пошташы­лар үшін «қолайсыз ауа райы» деген ұғым жоқ. 

Ауа райының аптап ыстығына, суығына, жауыны мен қарына  қарамастан, пошта­шы­лар күн сайын жеткізумен айналысады. Тех­нология төңкерісі, заман дамыды, адам біткеннің бәрі әлеуметтік желіге бай­ланды дегенімізбен, әлі күнге дейін хат жазатындар, сәлемдеме жіберіп, газет-журнал алатын адам­дар бар. «Бізді күтетін кісілер өте көп. Сон­дықтан мейлінше кеш­­ік­­пеуге тырысып, әр аманатты уа­қытымен жеткізуге ұмтыла­мыз», – дейді пошташы Жұмажан ағаның өзі.

«Қазпошта» Атырау облыстық филиалы­ның №9 бөлімшесі аумағына қарайтын «Фран­­цуз қалашығы», «Ақ шағала», «Ав­ан­гард» территориялары бойынша хат-хабар таситын пошташы Жұмажан Бегалиев бастапқыда мекенжай табудан қиналғанын айтады. 

«Сол үшін телефоныма 2GIS картасын жүктеп, үйреніп алдым. Барлық мекенжай­ды жаяу аралайтынмын. Енді керемет тұл­парым – велосипедім бар. Тұлпарыма мініп алып, мені күтіп отырған тұрғындарға хат жеткізуге асығамын. Маған осы жұ­мыс­ым өте қатты ұнайды. Жай тасушы, жет­кізуші ғана емес, көп адаммен сөйлесе­мін. Әсіресе, зейнет жасында отырған үл­кен кісілердің әңгімесін тыңдаған ұн­ай­ды. Жасы үлкен әжелердің арасында үй шаруасына көмек сұрайтындары да бар. Қолымнан келсе, қолғабыс етемін», – дейді Атыраудың жұлдызына айналған пошташы Жұмажан Бегалиев. 

Кейіпкеріміздің айтуынша, былайғы күндері хат таситын сөмкесі ауыр бола бер­­мейді. Ал газет шығатын күндері сөм­кесінің  салмағы кәдімгідей ауырлайды екен. «Көбіне іскерлік бағыттағы хаттарды тасимын. Бірақ шетелдерден келетін хаттар да көп. Өйткені түрлі себептермен шет­ел­дерде жұмыс істеп жатқан немесе әскер қатарында борышын өтеп жүрген бала­ларынан ата-аналар кәдімгідей хат­ күтеді. Осындай алыстан келген сағын­ышқа толы хаттарды үлкендерге жедел жеткіуге тырысамын. Әр хат-хабардың артында аманат тұрады», – дейді пошташы. 

Сырт көзге қарапайым қызмет болып көрінгенімен, шын мәнінде пошташылар – елене бермейтін батырлар. Өйткені пош­ташылар – жай хат-хабар тасушы ғана емес, адами қарым-қатынастарға жылы леп беруші тұлғалар.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы