Арқада ақиық ақын ардақталды

Арқада ақиық ақын ардақталды
Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жас мерейтойына орай «Рухтың шалқуы» атты шығармашылық кеші өтті.

Серік Ақсұңқарұлы – Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының тумасы. Алғашқы өлеңдерін мектеп жасында жазған. Қа­ра­ғанды мемлекеттік университетін бітіргеннен кейін бірнеше газетте еңбек етті. Қазақстан Жазушылар одағының, Абай халықаралық клубының мүшесі. 15 кітаптың авторы, үш томнан құралған таңдаулы шығармалар жинағы жарық көрген. Серік Ақсұңқарұлы аудармашы ретінде де танымал: қазақтілді оқырман­дар үшін ол Александр Пушкин, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Евгений Евтушенко, Назым Хикмет және тағы басқа ақындардың өлеңдерін аударған. Өз кезегінде оның өлеңдері орыс, украин, түрік, қырғыз, әзербайжан, моңғол және испан тілдеріне аударылған.

Кеш шымылдығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты­­мен ашылды. Оны мерейтой иесіне Пре­зиденттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көм­ек­шісі Арман Қырықбаев табыстады. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Премьер-Министр Олжас Бектеновтің құттықтау хаттарын Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жеткізді. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов­тың атынан құттықтап, сый-сияпат жасады. 

Сондай-ақ Серік Ақсұңқарұлына Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хаттары табысталды. 

Қазақстан Жазушылар одағы төраға­сының игі тілегін жеткізген «Қазақ әдеб­иеті» газетінің Бас редакторы Бау­ыр­жан Жақып Серік Ақсұңқарұлы «Қазақстанның құрметті жазушысы» атанғанын сүйіншіледі.

AMP

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерт­теу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков оқу ордасының Ғылыми кеңесінің шешімімен Серік ақынды университеттің «Құрметті профессоры» атағымен марапаттады.

– Сіз – көрнекті ақынсыз, құрметті азаматсыз. Дарыныңызбен қазақ әдебиет­іне зор үлес қосып келесіз. Сіздің шы­ғар­ма­ларыңыз жастайыңыздан жоғары бағаланып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Сіз көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалын бас­қардыңыз. Сарыарқаның дарынды ақын­дарын бір арнаға біріктіру жас жазу­шыларға үлгі болды, – деді Ерма­ғанбет Бөлекпаев.

Кеште ақынның өлеңіне жазылған әндерді жұртшылыққа танымал әншілер асқақтата орындап, көрермен ықыласына бөленді. Әсіресе, атағы жер жарған Ақто­ғай ауданының «Тоқырауын толқын­дары» ән-би ансамблі орындаған Серік Ақсұң­қарұлының өлеңіне жазылған «Шайтан­көл аққулар мекені» әні кештің шырайына шырай қосып, жәми жамағаттың көңіл қошына айналғаны анық еді. Дүркірете қол соғып, қошемет көрсеткен көрермен өзге де өнерпаздар­дың әсерлі әндерін ықыласпен қабылдады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы