Қарапайым еңбек адамын құрметтеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету туралы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді» деп атап көрсетті. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің реформасын жүзеге асыру бүгінгі күнгі ең өзекті әрі жауапкершілігі зор стратегиялық міндеттердің бірі екенін ескертті. Бұл – қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын дамытуға ықпал ететінін ерекше шешім. Еңбек нарығы халықтың кірісі мен әл-ауқатын, оның біліктілігі мен деңгейін айқындайтын негізгі факторлардың бір болғандықтан, кадрлық әлеутті дамыту, кәсіби біліктілікті жетілдіру өзекті екені сөзсіз.
Қазіргі дәуір дүниежүзілік экономиканың жаһандану мен экономиканың цифрлануы сияқты компоненттер жаңа білім мен дағдылардың маңыздылығын арттырып отыр. Осы орайда еңбек нарығында білікті жұмысшыларға сұраныс артып, еңбек күшінің сапасы мен біліктілігіне қойылатын талаптар күрт өсіп, өзгеруде.
Біздегі жағдай қалай десек, еңбек нарығында кәсіби-біліктіліктің жетіспеушілігі, сұранысқа ұсыныстың сай келмеуі, сапалы жұмыс орындарының тапшылығы, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің экономиканың нақты секторымен, бизнеспен және қызмет көрсету саласымен байланысының төмендігі және басқа да себептер еңбек нарығының сапасына кері әсер етуде.
«Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбы секілді Парламенттік тыңдауларда біз еңбек адамының қазіргі жағдайда ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі болу мүмкіндіктерін, сондай-ақ реформаларды қажет ететін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне қалай серпін беру керектігін сараласақ деген мақсат қойдық.
«Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Парламенттік тыңдауға дайындық аясында Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Қарағанды, Абай, Ақмола, Павлодар облыстары мен Астана қаласының білім беру саласының кәсіпорындары мен мекемелеріне барып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі кадрлық қамтамасыз ету мәселелерімен танысты.
Сенаторлар ел ішінде еңбек майданына орта буын мамандары мен жұмысшыларды даярлауда жүйелі проблемалар бар екенін анықтады. Мысалы, жергілікті әкімдіктер бөлетін гранттардың құны оқу процесін толық қаржыландыруға жетпейді. Білім беру үдерісінде толыққанды дуалды оқыту үздіксіз жүргізілмейді, колледждердің материалдық-техникалық базасы әлсіз. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтар әлеуметтік қолдау және құқықтық қорғау жеткіліксіз.
Қазақстанда жұмысшы мамандықтар еңбек нарығында шешуші рөл атқаратынын үнемі ескеруіміз қажет. Алайда әрбір бесінші жас маман мамандық бойынша жұмыс істемейді. Осыған байланысты жылу энергетикасы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау, ауыл және су шаруашылығы салаларында кадрлар мәселесі туындап отыр. Кәсіпорындарда құрылысшылар, слесарьлар, дәнекерлеушілер, токарьлар, механизаторлар жетіспейді. Қызметкерлердің жалақысы жыл бойы айтарлықтай өзгеретіндіктен, тұрақсыз табыс жұмысшылардың наразылығы мен ыңғайсыздығын тудырады. Өндіріс пен өнеркәсіп орындарында жұмысшының біліктілігі және оның жұмыс тәжірибесі ескерілмейді. Сондықтан кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін заманауи технологияларды қолдану мүмкіндігін арттырумен қатар, жалақыны көтеру, қажетті әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету, жұмысшы кәсіпорындарда тұрғын үй мәселелерін шешу қажет.
«Мемлекет басшысы еңбек адамы ерекше орын алатын қоғам мен экономика құруға баса мән беріп отыр. Бұл – білікті кадрлар даярлау, жұмысшылардың құқықтарын қорғау, лайықты еңбек жағдайын қалыптастыру және еңбек идеологиясын дәріптеу қағидаларын қамтитын кешенді міндет», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Сондықтан орталық мемлекеттік органдар, «Атамекен» палатасы және жергілікті атқарушы органдар ағымдағы және перспективалық қажеттіліктерді ескере отырып, еңбек нарығындағы білікті кадрларға деген сұраныс пен ұсынысты теңестіруі қажет. Қазіргі ІТ технологиялар заманында өндіріске жаңа технологиялар, оның ішінде басқарудың автоматтандырылған әдістерді енгізуге байланысты жұмысшылардың еңбегін интеллектуалды деңгейге көтеру және тиісінше, оларды кәсіби даярлауға қойылатын талаптар артады. Алдымен білім беру бағдарламаларын кәсіби стандарттарға бейімдеп керек. Бүгінде 1 641 жұмысшы мамандықты қамтитын, 250-ден астам кәсіби стандарттар жаңартылды. Бірақ сонымен бірге кадрларды даярлау сапасы үшін оларды одан әрі жаңарту – күн тәртібіндегі өзекті мәселе.
Кадрларға қажеттілікті ескере отырып, жұмысты жүйелі дамыту үшін оқушыларға мамандық таңдауды анықтауға, еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге және экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға мүмкіндік беретін ағымдағы, өзгеретін және болашақ жұмысшы мамандықтарының тізбесін айқындайтын «Жаңа кәсіптер атласы» жобасын әзірлеуді және іске асыруды жалғастыру қажет. Жаңа кәсіптер атласы мектептер мен колледждерде кәсіптік бағдар беру жұмысының құралына айналады. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға «Жаңа кәсіптер атласы» жаңа мамандықтары бойынша бірінші шығарылымын іске қосу мүмкіндігін қарастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тиісті материалдық-техникалық база мен жабдықтардың болуына назар аудару қажет.
Осы орайда бұған дейінгі «Жас маман» жобасының жақсы әсерін атап өткен жөн, соның арқасында 2020-21 жылдары техникалық және кәсіптік білім беретін 180 ұйым заманауи жабдықтармен қамтылды. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Бірақ бұл жерде біз жауапкершіліктің барлық ауыртпалығы тек мемлекеттің мойнына түспеуі қажет екенін түсінуіміз керек. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелеріне тиісті қолдау көрсетуде бизнесте өз үлесін қосуға тиіс. Мәселен ТжКБ ауылдық ұйымдары қазіргі заманғы зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауда әлі де қиындықтар туындап отырғанын, бұл тәжірибелік сабақтарды өткізу мүмкіндігін шектейтінін атап өткім келеді.
Бүгінде ауылдық колледждердегі техниканың 50%-дан астамы 1990 жылдарға және 25%-ы 2011-2020 жылдарға жатады. Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» шеңберінде Үкіметке мемлекеттік ТжКБ ұйымдарын, әсіресе ауылдық жерлерде заманауи жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі «Жас маман» жобасын жалғастыру мәселелерін пысықтауды, сондай-ақ қажетті техника мен жабдықтарды сатып алу үшін лизинг және субсидиялау бағдарламаларын агротехникалық колледждерге таратуды ұсынамыз, бұл қолда бар егістік алқаптарында ауыл шаруашылығы өнімдерін сапалы өңдеуге және өндіруге мүмкіндік береді сондай-ақ өндірістік практикадан өту мүмкіндігіне жол ашады.
Әлемнің көптеген елдерінде үміткерлердің шамамен 70 пайызы жұмысшы мамандықтарын таңдайды. Бізде бұл көрсеткіш 20-30 пайызға дейін өзгереді. Жұмысшы кадрлардың беделін арттыру – бұл бір ғана Оқу-ағарту министрлігінің немесе басқа да бейінді ведомствоның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Осыған байланысты салалық министрліктер, жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, дуалды оқыту мәселелері бойынша оқу орындарымен келісімдер жасауы, сондай-ақ Бос орындар жәрмеңкелерін өткізу, жас мамандарды дамыту жөніндегі бағдарламаларды және тәлімгерлік институтын іске асыру мүмкіндігін қарауы қажет. Сондай-ақ колледждердің өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пәндер оқытушылары заманауи сын-тегеуріндерге сәйкес келуі және студенттерді даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуі үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, оларды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша елдің жоғары оқу орындарында оқытуды көздеуге тиіс.
Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл еңбек адамының қоғамдағы беделін одан әрі арттырудың, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін замануи трансформациялаудың зор мүмкіндігі. Бұларды ұтымды ұйымдастыру және тиімді жүзеге асыру – бізге міндет!
Талғат ЖҮНІСОВ,
Парламент Сенатының депутаты