Құнды қазына құм астында қалмасын

Құнды қазына құм астында қалмасын
Тарих – өткеннің өшпейтін ізі. Ал құнды жәдігерлер сол тарихтың үні. Бүгінде есте жоқ ескі заманнан сыр шерткен құндылықтарымызды дәріптеп, насихаттау бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Алайда «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да жоқ емес. Соның бірі – Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен-сарайының бүгінгі мүшкіл күйі.

 XI-XIII ғасырларда ғұмыр кешкен «Төрткүл» кешені осыдан 17 жыл бұрын қазба жұмыстары кезінде топырақтан аршылып, 67 миллион теңгеге қайта қал­пына келтірілген болатын. Алайда елі­міздегі жалғыз аспан астындағы мұражай бүгінде 90 пайызға бүлініп отыр. Уақытылы күтім жасалмағандықтан қабырғалары опырылып, қойылған мүсіндердің сұрқы қашқан. Сондай-ақ темір бұйымдарды тат басып кеткен. Жақын маңда тұратын тұрғындардың айтуынша, соңғы 2-3 жылдың ішінде керуен-сарайға келетін­дердің саны күрт азайған. Тіпті, есігіне қара құлып ілініп тұратын кездері көп екен. 

– Бұрын тарихи кешенге ағылған оқу­шылар мен туристердің қарасы қалың болатын. Қазір соның бірі де жоқ. Себебі сарай шатыры тесіліп, жаңбыр жауса, іші суға толып қалады. Электр желілері де үзіліп, QR коды қирап жатыр. Кешен ең алғаш ашылғанда көшеге сән де беріп тұрушы еді. Қазір жарылған қабырғалары үстіңе құлап кете ме деп қасына жақындауға да қорқасың, – дейді қала тұрғыны Бибігүл Үсіпбаева. 

Негізі, 2015 жылы тарихи нысан бір рет жаңғыртудан өткен. Ал осыдан екі жыл бұрын кешенде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қазынадан 110 миллион теңге қаралған. Алайда қаржы белгісіз себептермен қайта кері қайтарылып алынған. 

AMP

Биыл Тараз қаласы әкімдігі нысанды өз балансына алып, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізбек. Бірақ жөндеу жұмыстары дер кезінде қолға алынбаған­дықтан оған енді төрт есе қаржы жұм­салғалы тұр. 

 – Тарихи нысанның тозығы жеткені рас. Мұнда ағын суды ағызатын су жүйесі дұрыс орнатылмағандықтан жаңбыр жауса, кешен іші суға толып кетеді. Был­тыр нысанды әкімдік теңгеріміне алғанда жай-күйін толықтай зерделедік. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына 417 мил­лион теңге қажет екені межеленді. 

Бұй­ырт­са, биыл құрылыс жұмыстары басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп күтілу­де, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Исабеков. 

Әрине, құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілсе құба-құп. Әйтеуір, екі жыл бұрынғыдай бөлінген қаржы кері қайтып кетіп жүрмесе игі.

Негізі, «Төрткүл» керуен-сарайы қайта үйіндіге айналу алдында тұрған жалғыз кешен емес. Талас ауданы Қаратау қала­сындағы Тамды қалашығы да «Төрткүлдің» тағдырын қайталауда. Мұнда да нысанның шатырлары бүлініп, іші тұрмыстық қалдықтарға толып, қаңғыбастар мекеніне айналып кеткен. 

Облыстық тарихи-мәдени ескерткіш­терді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мамандарының есептеуінше, тарихи қалашықты қайта қалпына келтіру үшін 40-50 миллион теңге көлемінде қар­жы қажет көрінеді. Алайда Талас ауданы әкімдігінің бюджеті мұндай соманы көтере алмайды. Сондықтан «Тамды» қалашығын жаңғырту жұмыстары облыс­тық қазынаға қарап отыр.

 – Негізі тарихи нысандар әрбір бес жыл сайын жаңғыртылып тұруы қажет. Алайда «Төрткүл» кешеніне 2015 жылдан бері ешқандай жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Дәл сондай «Тамды» қала­шығы да назардан тыс қалып отыр. Облыс аумағында осындай апатты жағдайдағы оннан астам ескерткіш бар. Олардың жартысы қалашықтар. Тарихи орындарды қайта қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет. Сондай-ақ ауқымды зерттеулер жүргізілгені абзал, – дейді облыстық тарихи-мәдени ескерт­кіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры Сауран Қалиев. 

Жамбыл облысы бүгінде 3 500-ден астам тарихи-мәдени ескерткіштерімен еліміз бойынша көш бастап тұр. Алайда олардың дені қорғау мен жаңғыртуды қажет етеді. Мәселен, 2018 жылы қазба жұмыстары басталған Жуалы ауданын­дағы Баркуаб қалашығын зерттеу сол бойы аяқсыз қалды. Құмнан талай құн­ды дүниелер аршылып алынғанымен, соңы қаржы қаралмай, қазір жері ойылған құм төмпешік болып жатыр. Ны­сан ашық аспан астында тұрғандықтан ішіне жауын-шашын құйылып, жағдайы алаңдарлық күйде. Дәл сондай «Көне Тараз» қалашығында да қазба жұмыстары ауқымды жүргізілгенімен, соңы сылдыр суға айналып кетті. Қалашықтан табылған құнды бұйымдарды қоюға арналған мұра­жайы да құлаудың алдында тұр. Бұл мәселені «айта-айта, Жамал апам да қартайғаны» қашан.

 – «Көне Тараз» қалашығы – бұл респуб­ликалық мәндегі нысан. Алайда оның қазба жұмыстары аяқсыз қалды. Биылға бөлінген бір тиын да жоқ. «Көне Тараз» қа­ла­шығы аумағындағы мұражайдың да апатты жағдай тұрғаны талай айтылды. Бірақ бұл мәселені қолға алып, мұражайды қалпына келтірейік деп отырған бір адам жоқ. Министрлік пен облыс әкімдігі тара­пы­нан тек хат алмасу жүруде. Жуалы аудан­ындағы «Баркуаб» қалашығы да құнды дүниелерімен қызықтырған енді. Алайда ол нысан да бүгінде жетімнің күйін кешіп отыр, – дейді С.Қалиев. 

 Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес. Бұл бабадан балаға жеткен өсиет. Сондықтан бізге барымызды бағалап, тарихи орындарымызды жаңғыртқанымыз абзал. Егер біз құндылықтарымызды бүгін ұлықтай білмесек, ертеңгі ұрпақтың жадында ол мүлде ұмытылары анық.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы