Аталмыш жиын «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің, Ұлттық академиялық кітапхананың, сондай-ақ Ұлттық спортты қолдау қорының қолдауымен өткізілді.
Шарада белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаров сөз алып, «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасын таныстырды.
«Жобаның басты мақсаты – халқымыздың жауынгерлік-спорттық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі алып күш-қайрат иелерінің күш мұрасын тізімдеу мен зерттеу. Мұнда жұрт «Нақты не істейсіңдер?! деп жатыр. Жауап айқын – ел аузында «Балуан тас» деп аталатын ауыр тастарды іздеп тауып, олардың географиялық орналасу нүктелерін картаға түсіру мен ұлттық құндылық ретінде насихаттау», – деді ол.
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай тарихи-мәдени мұраның ішінде балуандық сынақтар рәсімінің маңызды болғанын айта отырып, ауыр тастар қазақ халқының ерлік дәстүрін, күш пен батырлықты дәріптейтін элементтер ретінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқанына тоқталды.
«Қазақтың алып күш иелерінің тарихи рөлін насихаттау үшін ауыр тастарды зерттеу – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жастарға рухани мұрамызды түсіндіріп, насихаттаудың маңызды тәсілдерінің бірі. Бұл жағынан біз елімізде алғаш бастама көтеріп отырған Абылайхан Мамырайханұлын қолдауға қашан да әзірміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорт түрлерінің дамуына ерекше мән беріп, олардың ел мәдениеті мен бірлігін нығайтудағы рөліне баса назар аударып келеді. Мемлекет басшысы ұлттық спорт түрлерінің дамуына сараптама жасап, әрбір республикалық федерациямен институционалдық тұрғыда жұмыс жүргізу қажеттігін тапсырды. Оның Ұлттық құрылтайдың отырыстарында ұлттық салт-дәстүр мен спорттың маңызын бірнеше рет атап өткені мәлім», – деп ойын жалғады.
Айта кетейік, Baluan tas ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Ол ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді.
М.ЖАСЫН