Психологиялық қызмет туралы заң керек

Психологиялық қызмет туралы заң керек
«AMANAT» партиясының «Әлеумет» диалог алаңында «Халықтың психологиялық әл-ауқаты: сарапшылар көзқарасы» тақырыбында сараптамалық талқылау өтті.

Шараға Мәжіліс депутаттары, психологтар мен ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері, талдау орталықтары, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

 «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институтының ұйымдастыруымен өткен іс-шараның мақсаты – еліміздегі пси­хологиялық көмек көрсетудің қазіргі жай-күйін талдау, сондай-ақ оны заң­­­намалық және институционалдық деңгейде жетілдіру тәсілдерін талқылау. Елімізде жыл сайын 50 жоғары оқу орнында 6,5 мыңнан астам сту­дент бакалавр білімі бар, дип­ломды психо­логтар дайындалғанына қа­рамастан, қоғам әлі де білікті көмекке мұқтаж. Бұл мәселені әлеуметтік желілерде кәсіби даярлығы жоқ «Instagram-психо­логтардың» көбеюі қиын­дата түсуде.

«Психологиялық көмек – адаммен әңгі­мелесу ғана емес, бұл – оның ішкі жан дү­ниесіне араласу, яғни асқан жауапкершілік. Бүгінде құқықтық реттеудің болмауы салда­рынан арнайы ілімі де, тиісті дайындығы да жоқ кез келген адам «психолог» атын жамы­лып жатыр. Терең білімнен, кәсіби-этикалық түсініктен мақұрым, қысқамер­зімді курстан не интернеттен сатып алған сертификат ие­лері психологиялық қызмет ұсына береді, жекеменшік орталықтар да қаптап жатыр. Өкінішке қарай, психодиаг­ностикаға дайын­дығы жоқ, әдістемелердің авторларын да білмейтін, ұғымдарды ша­тас­тыратын, тес­тілеулерді интернеттен ала салатын мамандар жетерлік. Осының нә­ти­жесінде, бүтін бір саланың  беделі түсіп жа­тыр. Халықтың пси­хологиялық саулы­ғы – қоғам қауіпсіздігінің негізі деп қа­растыруымыз қажет. Біз қазақы таным-түсінікке сай нормалар қабылдауымыз керек», – Шолпан Таңатқызы. 

Қазір елімізде 43 жоғары оқу орны пе­дагогика мен психология, сондай-ақ осы екі бағытқа туыстас салалар бойынша ма­ман даярлаумен айналысады. Олардың қатарында ұлттық, мемлекеттік және жеке­меншік жоға­ры оқу орындары да бар. Ғы­лым және жо­ғары білім саласындағы са­паны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Әділет Тойбаевтың айтуынша, бұл 43 оқу орны білім беру бағ­дарламаларының ресми тізілімінде тіркелген 170 бағдарламаны жү­зеге асырады.

«2017 жылдан бастап күшіне енген ака­демиялық және басқару дербестігі туралы заң аясында жоғары оқу орындары білім бе­ру бағдарламаларын өздері әзірлеп, жү­зеге асы­ру құқығына ие болды. Алайда бұл бағдарла­маларға сараптама жасап, олардың тізілімін жүргізу уәкілетті орган – Жоғары білімді дамыту орталығының құзырында. Соңғы үш жыл ішінде осы бағдарламалардың 95%-ы жаңартылып, педагогтің кәсіби стандартына сәйкестендірілді. Сондай-ақ білім беру бағдарламаларында салалық сарапшылар мен психологтардың ұсы­ныс­тары да еске­рілді. Бүгінде елімізде педаго­гика, психоло­гия және әлеуметтік ғылым­дар саласы бо­йынша 9 диссертациялық кеңес жұмыс істеп тұр. 2022 жылдан бері осы бағытта 94 док­торлық диссертация қорғалды. Диссертация­лық кеңестердің құрамы да біршама жаң­ғыртылды: енді тек сол оқу орындарының про­фессорлары ғана емес, ғылыми-зерттеу инс­титуттарының, басқа жоғары оқу орын­дарының мамандары да кеңес құрамына тартылуда», – деді Әділет Жүнісұлы. 

Әйтсе де, елімізде кәсіби психологтар жетіспейді. 2030 жылға дейін білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге әлі де 5 мыңнан астам маман қажет. Бұған қоса, психологиялық қызметтің бірыңғай жүйесі толық қалыптаспаған. «Еңбек ре­сурс­тарын дамыту орталығы» АҚ кәсіби білік­тіліктер жөніндегі ұлттық органның жетек­шісі Ерасыл Жұманбаевтың ай­туынша, бұл бағытта 13 мыңнан астам ма­ман тіркелген, бірақ олардың кәсіби құ­зыреттілігі мен даярлығы әртүрлі деңгейде болып отыр. 

Іс-шара барысында Қоғамдық саясат институтының азаматтардың психология­лық әл-ауқат деңгейіне арналған социологиялық зерттеу нәтижелері ұсынылды. 

Айдана НҰРМҰХАН