Ермұрат Бапи: Тарихи мүмкіндікті уыстан шығарып алмайық

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи салауатты қоғамның түйсігі мен талқысына ой салатын мәселелерді қозғай отырып, еліміздің ақпарат алаңында айтылып жүрген, өзегі жалғандыққа жалғасқан заманауи мифтер баршылық екенін және ел ішінде тез тарайтынын тілге тиек етті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Datnews.info сілтеме жасап.

Оның айтуынша, мұндай аңыздар ақиқатты бұрмалап қана қоймай, елде жүріп жатқан оң өзгерістерге деген күдік-күмәнді ұлғайтып, халық сенімін күйретуге жетелейді. Осылайша ел болмақ жақсы ниетті лайлап, мемлекеттің даму қабілетін кемітеді. Сондықтан «білгіштер» таратып жатқан жаңсақ пікірлерді нақты деректерге сүйеніп, талдаған.

– Жағылып жүрген күйе, тағылып жатқан айыптардың бірнешеуіне тоқталайық. Бәзбіреулер «Жаңа Қазақстан деген құр атау ғана, оның ескі Қазақстаннан ешбір айырмашылығы жоқ» дейді. Біріншіден, мемлекетті, тұтас қоғамды «ескі», «жаңа» деп бөлуге болмайды. Еліміз өз орнында, жұртымыз да, шүкір, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Менің лексиконымдағы «ескі Қазақстан» – саяси дәуірлер шекарасын айқындаудың ғана белгісі. Ескірген принциптер, бұған дейін қалыптасқан «тәртіп», яғни елдік мүддеден жеке бастың қамын жоғары қоятын ойлау машығы. Бұл жүйені іштен білетін Президент Тоқаев сана сілкінісі болмайынша, ұлт сапасы өспейтінін, жаңа дәуір талабы осы екенін жақсы түсінеді, – деді Ермұрат Бапи. 

«Жаңа Қазақстанның» астарында не бар? 

Сонымен қатар депутат бүгінде жол бастаған билік бұған дейін қалыптасқан жүйенің былығын әшкерелеп, әділетті қоғам орнатуға бар күшін салып жатқанын айтты.

– «Жаңа Қазақстанның» астарында не бар? Бұл – жаманды-жақсылы өз функциясын орындап жүрген мемлекеттік аппаратты бір күнде толықтай ауыстырып, ел ішін алатайдай бүлдіру емес. Оның мәнісі – конституциялық негізде институционалды өзгерістер орнату. Қоғамдық тәртіпті, бұған дейін қалыптасқан «ойын ережесін» өзгерту. Ашығын айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстанның» жүзеге асар межелі формасы – Әділетті Қазақстан. Басы ашық нәрсе – Президент баршамызды бұрынғы жүйенің қателігінен сабақ алып, жаңаша ойлауға, жаңаша әрекет етуге үндеді. Яғни, Әділетті Қазақстанды құру әрбірімізге байланысты, – дейді Ермұрат Бапи.

Депутат өз мақаласында жалпы елді, мемлекетті, қоғамды екіге бөлу үшін бұрмалау кімге тиімді, әрі «Әділетті Қазақстанның» идеясын түсіндіріп қана қоймай, оның елге берген жемісін де алға тартты. Айтуынша, Әділетті мемлекет ұғымы халқымызға Асан Қайғы заманынан таныс болса, оның формасы «Жеті жарғыны» қолданысқа енгізген Әз Тәуке байырғы қазақ ұғымындағы әділетті қоғамды құруға бағытталған.

 – Ғасырлар бойы халықтық дүниетанымымызға, елдік мұратымызға сіңісті болғандықтан да, біз Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан концептін ел болып, қоғам болып, жатырқамай құп алдық. Енді осы бағытта мемлекет қолға алған біршама өзгерістер бар. Оның бірі – ескі жүйенің негізгі институттарының қайта қаралып, басқару жүйесінің реформаға ұшырағаны. Трансформацияның «бісмілләсінда» Тоқаев ат төбеліндей шоғыр олигархтарды бір залға жинап алып, бәріне бірдей «ескерту» жасады. Бұдан былай олар үшін «үріп ішіп, шайқап төгетін» дәуір аяқталғанын естіртті. Осыдан соң ғана сең қозғалып, бүкіл елдің ырысын уысында ұстаған «кландардың» іргесі сөгіле бастады,  – деді ол.

Нәтижесінде мемлекеттік басқару жүйесі есеп беру мен ашықтыққа, әділ бәсекеге бет бұрып, жаңа заңдар қабылданып, қоғамдық қатынас түзіле бастаған. Соның бірі  – Ата заңымызға өзгеріс енгізіліп, суперпрезиденттік билік жүйесі шектелді. Биліктің бірқатар өкілеті Президенттен Парламент пен Үкіметке өтті, яғни билікті шамадан тыс орталыққа «тәуелді болудан» арылтып, халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға ықпал етті. Оған қоса, Парламенттегі партиялардың Үкіметті жасақтауға ықпалы өсті. Енді заң шығарушы органның бақылау функциялары күшейтіліп, Жоғарғы палатадағы «президенттік квота» саны 15-тен 10 депутаттық мандатқа азайтылды.

Елдің саяси өміріндегі елеулі өзгерістері

– Бастысы – президент өкілеттілігі «super»-лік сипаттан айырылды. Бұдан кейін Конституцияға қайта-қайта өзгеріс енгізіп, президенттік өкілеттілікті соза беруге құқықтық негізде тосқауыл қойылды. Ендігі жерде Тоқаевтан бастап, Қазақстан президенттері бір ғана мерзімге – жеті жылға сайланады. Бұл – кімде-кім үшін артында ізгі істерін мұра етіп, ел тарихында жақсы атын қалдыру үшін жеткілікті мерзім. Тоқаев түзген саяси өнегенің ең абзалы осы, бәлкім, – деді Ермұрат Бапи.

Сонымен бірге жеке азаматтардың мемлекет істеріне араласу, өз құқығы қорғау механизмі күшейтілді. Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот қайта орнады. 2023 жылдан бері 7 мыңнан аса қазақстандық өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа жүгінген екен. Адам құқығы жөніндегі уәкілдің құзыреті кеңейтіліп, әр аймақта уәкілдер тағайындалды. Конституциядан елбасы мен оның мәртебесі туралы артықшылығын алынды.

– Сайлау жүйесі демократия қағидаларына сай жаңартылды. Бір мандатты сайлау жүйесі енгізілді, оның нәтижесінде соңғы сайлауда Мәжілістің үштен бірі, облыстық мәслихаттардың тең жартысы, ал аудандық мәслихаттар толықтай – бір мандатты округтерден сайланған депутаттардан жасақталды. Бұған қоса, «сайлаушылардың сенімін жоғалтты» деген негіздеме бойынша бір мандатты округтен сайланған Мәжіліс және мәслихат депутаттарының мандатын қайтарып алу процедурасы енгізілді. Бұл да – халық билігінің жүзеге асу көрінісі. Азаматтарға өзінің қарсылық ұстанымын білдірудің заң аясындағы тетігі беріліп, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген таңдау белгісі қайта енгізілді, – дейді депутат. 

 Шынымен қазір партия құрудың қиындығы азайды. Тіркеу үшін қажетті мүшелер санына қойылатын талап шегі 20 мыңнан 5 мыңға төмендетілді. Аймақтардағы партия филиалдарына 200 адам,  партия құруға қажетті бастамашыл топтағы адам саны 700-ден кем болмауы қолға алынды. Осы жолы 6 бірдей парламенттік партия фракцияларына қоса, Мәжілісте халық атынан тікелей 29 депутат сайланған. Ал төменгі палата азаматтық қоғамның айнасы деуге болар. Әйелдер, мүгедек жандар мен жастарға берілген квотаның арқасында әртүрлі әлеуметтік топтардың мүддесі ұдайы Парламент назарында. Оған бір мысал – Заң шығарушы орган ішінен «Инклюзивті Парламент» атты депутаттық топтың құрылуы. 

– Елдің саяси өміріндегі елеулі өзгеріс – ел аумағында ауыл-аудан әкімдерін халық тікелей сайлауға көшті. Бұған дейін ауыл әкімінің өзі «жоғары жақтың» қалауымен қызметке келсе, енді тетік тұрғындардың қолына өтті. Нәтижесінде, 2021 жылдан бері ел ішінде 2,5 мың ауыл округтерінің әкімі сайланды. 2023 жылдан бері аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы пилоттық жүйеде өткізілсе, биыл оларды да халық тікелей дауыс беру арқылы өздері сайлайтын болды. Ал облыс пен республикалық қала әкімдерінің өзін Президент бұдан былай тек мәслихаттар келісімімен тағайындай алады. Яғни, Мемлекет басшысы өңірлік кадр саясатында жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді институтымен санасуға мәжбүр.

Ашық қоғамның бір белгісі – петиция институты іске қосылды. Енді кез келген қоғам мүшесі өзінің азаматтық ұстанымын білдіріп, бастамашылдық көрсете алады. Онлайн петиция – қоғам үшін өзекті кез келген мәселені аудандық мәслихаттан бастап, Үкіметке дейін жеткізіп, мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешім шығаруға ықпал ету тетігі, –  дейді ол. 

Экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде қалды ма?

Депутаттың сөзінше, елдің ұлттық экономика құрылымы өзгерді. Монополиямен күрес басталып, заңсыз жолмен жиналған активтерді қайтару қолға алынды. Жылдар бойы біте қайнасып кеткен, ойына келгенін істеген кәсіпкерлік жүйесі  бұзылды. Мысалы, мемлекеттік аппаратты жаулап алған олигархиялық құрылым ыдырады. Ат төбеліндей бизнесмендердің заң шығару ісіне, мемлекеттік тапсырыстарға, сот шешімдері мен кадр саясатына ықпал етуіне тыйым салынды.

– Айталық, бұрын Машкевич пен Құлыбаев сияқтылардың «ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс» болатын. Қазір олай емес. Олардың мемлекеттік шешімдерге ықпалы жойылды. Шайқап ішіп үйренген бизнес енді заң аясында жұмыс істей бастады. Бұл – өзгерістер жолындағы үлкен жеңіс. Нарықтық экономикада еңбек еткен, табыстың көзін тапқан азаматта қомақты капиталдың болуы қалыпты нәрсе екенін халық түсінуге тиіс. Бізде бизнесмендердің екі түрі бар. Біріншісі – жер асты байлықтарын пайдаланып, табысын, жиған-терген ақшасын шетелге жылыстататындар; екіншісі – ұлттық экономиканы дамытуға инвестиция салып, жұмыс орындарын ашып, инфрақұрылымға, өндіріс пен инновацияға қаражат құятындар.

Әлбетте, мемлекет осы екінші топты – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуын және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін кәсіпкерлерді қолдауға қашан да дайын екенін танытып отыр. Ол туралы Президент Тоқаев талай жерде айтып та жүр. Бизнес енді қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне бастады. Көптеген ірі компаниялар білім, медицина, спорт, мәдениет салаларына қаржы бөліп, әлеуметтік жобаларға белсенді түрде араласуда. Бұл қазір қалыпты жағдайға айналған жақсы үрдіс. Міне, осындай инвесторлар мемлекет пен қоғам тарапынан жан-жақты қолдау тауып отыр, алдағы уақытта да солай бола береді. Әрине, кез келген қоғамда билікке бір табан жақын жүретін ірі бизнес өкілдері болады. Бұл тіпті АҚШ-тың өзінде лоббизмді заңдастыруға себеп болған жағдай. Мәселе – ол халық қамын ойлайтын ұлттық буржуазия өкілдері ме, әлде 30 жыл халықтың ызасына тиген ұры-қары топ па – бар кілтипан осында. Кезінде Алаш қайраткерлеріне көмектесіп, кітап, газет шығаруға қаржы бөліп, реформа ісіне белсене араласқан қазақ байлары қандай, халық ырысына қол салып, мемлекеттік қазынаны шетел асыра берген бүгінгінің «байшыкештері» қандай? Ендеше бизнес өкілдері үшін де ұлттық, елдік мүдде тұрғысынан ой кешуге көшетін кез жетті. Тоқаевтың үлкен бір жеңісі – ұлт байлығына кенеше жабысқан олигархтардан жүйені біржола тазартып, бизнестің бетін халыққа біржола бұру болмақ, – дейді ол. 

Ермұрат Бапи елдің дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолында билік жемқорлықпен күресті күшейткенін сөз етті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері 1 трлн 120 млрд теңгенің активі жымқырылған. Оның ішінде былтыр ғана 371,2 млрд теңге мемлекетке қайтарылған. Енді оны әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамытуға жұмсалуда. Нақтырық айтсақ, қаражатты 406 жобаға жұмсау жоспарланып, оның 333‑і жүзеге асырылды. Халық игілігіне берілетін нысанның қатарында 9 білім беру мекемесі, 3 спорт нысаны, денсаулық сақтау саласындағы 162 жоба және сумен жабдықтау саласындағы 159 жоба бар.

– Тағы бір кең тараған миф – «экономиканы әртараптандыру сөз жүзінде қалды» деген долбар. Бұл пікір көбіне экономика ғылымының иісі мұрнына бармайтын, оның ішкі иірімін жете түсінбейтін, сөйте тұра өзін әр тақырыпта «сарапшы» санайтындарға тән. Расында, экономика – терең теориялық білімді, сондай-ақ сан мен сапаға қатысты деректермен ұдайы қаруланып, жүйелі түрде талдау жасап отыруды қажет ететін күрделі сала. Бір-екі цифрды қорытып, қызыл сөз бен шешен тілге сүйенгеннің бәрі экономист емес. Шынтуайтында, экономиканы әртараптандыру – өндірістік құрылымды өзгертуге бағытталған ұзақ мерзімді процесс. Ондаған саланы қатар дамытып, инвестиция тартып, жаңа кәсіпорындар ашып, экспорт бағыттарын көбейту керек. Әрине, 30 жыл көлемінде әртараптандыру кенделігін кешкен экономика қарыштап кетті деп, күпіршілік айтуға болмайды. Бірақ Қазақстан бұл мәселеде тұралап тұр деу – нақты көрсеткіштер мен жетістіктерді жоққа шығарумен тең, – дейді депутат. 

Оның айтуынша, тиісті меморгандардан экономиканың салыстырмалы нәтижелері жер тепкілеп еңірейтіндей емес екен. 2018–2024 жылдар аралығында ЖІӨ 1,6 есе өсіп, 135 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде мұнай-газ секторының үлесі 2018 жылы 21,1% болса, 2023 жылы 16,9%-ға азайды. Оның үстіне бұл үрдіс тоқтаусыз жүріп жатыр. Шикізаттық емес сектор 2019 жылы 51,5 трлн теңге болса, 2023 жылы 90,6 трлн теңгеге дейін өсті, ЖІӨ-дегі үлесі 75,9%-ға дейін артты. Бұл – басқа салалардағы өсімді көрсететін үлкен өзгеріс. Өңдеу өнеркәсібі өнімдері мен қызметтері экспортының көлемі де даму қарқынынан хабар береді. 2019–2024 жылдары машина жасаудағы өндірістің әлеуеті 2,7 есе өсті. Жеті жыл бұрын шығарылған автомобиль саны 30 016 болса, 2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 еседен аса өсіп, оның саны 134 054-ке жетті.

 – Қазақстан бұрынғыдай жер қойнауын игеріп, шикізатты экспорттап қана қоймайды, жоғары сапалы болат, тазартылған мыс, титан құймалары, фосфор тыңайтқыштары, полипропилен, аккумуляторлар шығарады. Осылайша мұнай-газ химиясы индустриялық өсімнің жаңа драйверіне айналып келеді. Былтыр бұл саладағы өндіріс көлемі 540 мың тоннаға жетті, яғни 2023 жылғы көрсеткіш 150%-ға өсті деген сөз. Кейінгі жылдары ауыл шаруашылық саласында көп ілгерілеу бар. Оның нақты нәтижесі – былтыр өсім көлемі 13,7%-ға жетті. Жалпақ тілмен айтқанда, әр гектардан 16,2 центнерден 26,8 миллион тонна дәнді дақыл алдық. Бұл – соңғы 12 жылдағы абсолютті рекорд. Бұл аз десеңіз, былтыр агросекторда 276,7 млрд теңгеге 286 инвестициялық жоба іске асты, дейді ол.

 Расымен, жаһандық инновациялық индекстің (Global Innovation Index) 2024 жылғы есебінде Қазақстан Орталық Азиядағы барлық көршілерін артта қалдырып, 78-орынға табан тіреді (132 елдің ішінде). Сондықтан ақпараттық технологиялар секторы – Қазақстан экономикасында қарқынды дамып келе жаттыр деуге болады. Бұған дәлел бүгінгі күннің жетістігі. Мысалы, бағдарламалау саласындағы қызметтердің, IT саласында кеңес беру сияқты қызметтердің ұлттық экономикадағы үлесі былтыр 1,5 трлн теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36,3%-ға артық.

Astana Hub осы күнде Орталық Азиядағы ең ірі технопаркке айналды. Былтыр ғана технопарк резиденттері 177 млн доллардан астам инвестиция тартып, IT-қызметтер экспортын 481,5 млн долларға жеткізді, жалпы табыс 1,3 млрд долларға жеткен. Бүгінде IT саласында ашылған жұмыс орындар саны 28 мыңнан асыпты. Astana Hub-та қазір Playrix, TikTok, InDrive, EPAM, Glovo, Presight.ai сияқты ірі халықаралық компаниялардың кеңселері орналасқан. Елімізде алты бірдей аймақта IT-хаб ашылды, технопарктің басқаруымен 18 облыста орталықтар жұмыс істеп тұр. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллектімен жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлайтын AI Sana бағдарламасы іске қосылды, оған кемінде 100 мың студент қатысады.

Депутаттың айтуынша, Президенттің тапсырмасынан кейін былтырдан бері шетелдік мамандар мен компанияларға электронды виза мен елде тұруға рұқсат беретін Digital NOMAD Visa және Digital Nomad Residency бағдарламалары іске қосылған. 

  – Президент Үкіметке суперкомпьютер жасау туралы тапсырма бергені белгілі. Естуімізше, қазір Орталық Азиядағы алғашқы суперкомпьютер Цифрландыру министрлігінің Деректер орталығында орнатылып жатыр. Алдағы уақытта оған мемлекеттік органдар ғана емес, жасанды интеллект саласында іргелі зерттеулер жүргізетін университеттер, ғылыми орталықтар мен компаниялар да қосылады, – деді Ермұрат Бапи. 

Әлемдегі геосаяси өзгерістерді өз мүддесіне тиімді пайдаланудың арқасында Қазақстан трансконтиненталдық тасымалдың негізгі тармағына айналды. Былтыр елімізде көліктің барлық түрлерімен тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, 1 миллиард 78 миллион тоннаға жеткен. Оның үстіне «Орта дәлізді» (Транскаспий халықаралық көлік бағыты) қарқынды дамыту – геосаяси турбуленттілікке төтеп берудің шешімі әрі пайда кіргізетін салаларды (қойма шаруашылығы, сервис, қаржы) дамытатын стратегиялық инвестиция. Жақында ғана Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың Каспийдегі Құрық портында Қытаймен бірге жүк терминалын құру туралы ұсынысына ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қолдау білдіргені белгілі. 

Бүгінде Транскаспий бағытының жүк тасымалдау қабілеті жылына 6 млн тоннаға жеткен. Осы бағыттағы тасымал көлемі былтыр 62%-ға өсті. 2029 жылға қарай контейнерлік блок-пойыздар санын жылына 600-ден 3000-ға дейін ұлғайтуға Қытаймен арада келісім жасалып, Қытайдағы Сиань мен Ляньюньган, Мәскеу маңындағы Селетино, Ташкент, Әзірбайжан мен Венгриядағы Алят сияқты негізгі әлемдік логистикалық орталықтарда терминалдар желісінің салынуын, 2025 жылы Ақтауда контейнерлік хабтың, Грузияның Поти портындағы жаңа терминалдың ашылған болатын.  Сонымен қатар, биыл ел ішінде 13 мың шақырым автомобиль жолы мен 6 мың шақырымнан аса темір жол жаңартылды.  Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды мен Шымкент арасын жалғайтын алты бірдей әуежайдан әуе хабын құру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Әрине, экономиканы әртараптандыру «қара алтын» игеруден мүлде бас тарту дегенді білдірмейді. Көмірсутегі өндірісі мен экспорты Қазақстан үшін маңызды табыс көзі болып қала береді. Әйтсе де, заман талабына сай көпсалалы, тегеурінді экономика құруға бет алынды. 

Елде қос билік бар бар ма?

Депутат ақпараттық кеңістіктегі тағы бір миф «қос билік» жүйесіне қатысты пікірін білдірді.

– Ел ішінде «Назарбаев бәрін сахна сыртынан басқарып отыр», «елде қос билік бар» деген сөзді әлі де сағыздай созып, айтып жүргендер бар. Оның астарында факті де, заңдық негіз де жоқ. Тек елге іріткі салуды көздейтін теріс пиғыл ғана бар. Тіпті осы теріс пікірді ескі, сүрі жүйенің жақтастары таратып жүруі де ғажап емес.

2022 жылдың маусым айынан бері Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқару жүйесінен толықтай шеттетілген. Оның саяси қызметі де, лауазымы да, ресми мәртебесі де күшін жойған. Оның мемлекеттік деңгейде шешім шығаруға, саяси процеске араласуға мүмкіндігі де, құзыреті де, құқығы да жоқ. Оның туыстары бір кездегі мемлекеттік органдарда, әкімдіктердегі лауазымды қызметтерінен босаған. Олардың бірде-бірі мемлекеттік құрылымдарға, билікке араласа алмайды. Кейбірі тіпті ел үстінен көрген дәулетінен айырылып, мүлкі тәркіленіп, өздері істі болып жатыр. Бас амандығын ойлап, шетел асып кеткені қаншама. «Мың асқанға – бір тосқан» деген сол.

Тоқетерін айтқанда, мемлекеттік аппарат тұтастай, оның ішінде елдің қарулы күштері түгел – қазіргі мемлекет басшысының, Үкіметтің және басқа да тиісті ресми мемлекеттік органдардың қолында. Көп адам тереңіне бойлай бермейтін саясаттың мәні экс-президенттің ел тарихындағы рөлін объективті түрде ескеруге, яғни мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің алғашқы отыз жылында жүріп өткен жолына құрметпен қарауға негізделген.Бұл – ең әуелі мемлекеттілікке деген құрмет. Әрі тәуелсіз елдің егемендігін нығайтып, тұрақты даму үшін саяси дәстүр қалыптастыруға жасалған қадам, – дейді Ермұрат Бапи.

Депутаттың ойынша, осы қадам арқылы Тоқаев заңның ешкімді алаламайтынын көрсетіп отыр. Жақында оның Ресейге барып, тағы да Путинмен кездескені туралы ақпарат тарады. Экс-президент, яғни қазіргі зейнеткердің сапарынан соң көлеңкесінен қорқатындар тағы өре түрегелді.

Жалпы, бұрынғы көшбасшылардың басқа елдерге сапарлап, олардың іс басындағы басшылармен кездесуі – халықаралық тәжірибеде қалыпты жайт. Германияның бұрынғы канцлерлері (Г.Шредер, А.Меркель), АҚШ-тың бұрынғы президенттері (Б.Обама, кіші Дж.Буш.), Францияның (Н.Саркози, Ф.Олланд), Ұлыбританияның (Т.Блэр) бұрынғы басшылары әріптес мемлекеттердің қазіргі президенттерімен сөйлесіп, пікірлесіп жүреді, түрлі форумдарға шақырылған спикер ретінде қатысып, сөз сөйлейді. Бұдан олардың өз елдерінің қазіргі саясатына «ықпал-беделін» іздеп, аттандап жүрген ешкім жоқ. Бар болғаны – қызметтен кеткен саясаткерлердің жеке және қоғамдық өмірінің бір көрінісі ғана.

– Қоғамда кең тараған тағы бір алып-қашпа сөз – «Мемлекет басшысы елдің ішкі мәселелерімен айналысудың орнына сыртқы саясатқа көбірек көңіл бөледі-мыс». Мұны енді билік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейтін жандар айтады. Қазіргі әлем аласапыран жағдайды бастан кешіп жатыр. Жаһандық саясат күн сайын құбылады. АҚШ пен Қытай арасындағы стратегиялық тұрғыда бәсеке күшейді. Таяу Шығыста жағдай ушығып тұр. Ресейге салынған әлемдік санкциялардың салқыны көрші елдерге тиіп жатыр. Осындай қиын заманда сыртқы саясат – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір тетігі.

Біз екі алпауыт – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан елміз. Әлем бойынша 9‑орында тұрған ұлан-ғайыр жеріміз, бай табиғи ресурсымыз бар. Ал халқы – салыстырмалы түрде аз мемлекетпіз. Яғни, Қазақстан – геосаяси тұрғыда өте маңызды, бәрінің назарында тұрған мемлекет. Сондықтан Президенттің шетелдермен тең дәрежеде салиқалы әрі белсенді қарым-қатынас жүргізуі – тәуелсіздігіміз бен тыныштығымыздың кепілі.

Қайталап айтайын, қазіргі халықаралық қатынастар жағдайында мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығын әскери жолмен толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Біздің шекарамыздың бір жағында соңғы үш жыл ішінде соғысқа қатысқан, 25 миллиондық жұмылдыру резерві бар 1 миллион адамнан тұратын армия орналасқанын, екінші жағымызда – 2 миллион тұрақты армиясы мен 1,5 миллиард халқы бар мемлекет орналасқанын бағамдау қажет, – деді ол.

Оның үстіне қазір үлкен армия мен заманауи қару-жарақтың өзі қауіпсіздіктің кепілі бола алмайтынын соңғы әлемдік оқиғаларға қарап саралай аламыз. Осының бәрін ескергенде, елдің қауіпсіздігі сауатты, көпдеңгейлі сыртқы саясатқа тікелей байланысты екенін түсінуге болады.

– Тоқаев үлкен елдің бір аймағын басқарып отырған жоқ, ол – геосаяси ахуал мың құбылған заманда тәуелсіз мемлекеттің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға жауапты тұлға. Оны белсенді, прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатсыз жасау мүмкін емес. Әрбір халықаралық кездесу, әр саммит, Президенттің сапарлары – осы басты мүдделерді қорғауға бағытталған қадамдары. Қиын кезеңде ол іргелес елдермен де, Еуроодақ мүшелерімен де, Ислам – араб әлемімен, түркі мемлекеттерімен, тіпті алыс Америка Құрама Штаттарымен де тұрақты әрі өзара тиімді қарым-қатынасты сақтап отыр. Дәл қазір де және болашақта да бізге осындай басшы қажет.

Елдің қауіпсіздігі мен азаматтардың өмір сапасы көшбасшының жаһандық саясаттың ең мықты қайраткерлерімен терезе теңестіретін қабілетіне тікелей байланысты дәуір келді. Бұл – Тоқаевтың күнделікті жұмысы, оның іскерлік байланыс орнатудағы қарымы. Президенттің беделі еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де, инвестициялар мен технологияларды тартуда да, көлік маршруттарының үзілмеуіне де ықпал етеді. Тоқаевтың сыртқы саясаттағы белсенділігі Қазақстанның сенімді әрі сындарлы әріптес ретіндегі ұстанымын нығайтады, шетелдік инвесторлардың сенімін арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Қазақстанның әлемдік аренадағы қазіргі абырой-беделі жаһан көшбасшыларының арасында тәжірибелі дипломат, мықты интеллектуал ретінде танылып, саяси элитаның сый-құрметіне ие болған Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғасына байланысты, – дейді депутат Ермұрат Бапи.

Шынымен Әділетті Қазақстан құру жолында Тоқаев бірқатар игі бастамалар көтерді. Қоршаған ортаның тазалығы мен ар-ұждан тазалығын сақтауға үндейтін «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы, сапалы ұлтқа тән сипаттарды тәрбиелейтін «Адал Азамат» құндылықтар жүйесі, қоғамда жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» қағидаты – осының бәрі Президент аузынан тастамай айтып, жатпай-тұрмай жұртқа түсіндіріп, қажетті құжаттарын дайындатып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналдырған бастамалар емес пе?!

Бір ғана «Таза Қазақстан» жобасы аясында ел аумағында 1,3 млн тонна қоқыс шығарылып, 2,5 млн гектардан аса аумақ тазартылған. Бұл жобаға бүгінге дейін 8 миллионнан аса азамат қатысты. Сонымен қатар сапалы білім беру мәселесіне көңіл бөліп, «Келешек мектептері» деген бастаманы қолға алды. 2022 жылдан бері «Жайлы мектеп» жобасы аясында ел аумағында 105 мектеп салынып, биыл 112 мектеп пайдалануға беріледі.

Оның айтуынша, елдегі ішкі әлеуметтік-экономикалық саясатқа жауапты құзырлы орган бар, ол – Премьер-министр бастаған Үкімет. Бізде 20 министрлік пен 17 облыстың және 3 республикалық маңызы бар қаланың әкімдіктері, көптеген комитеттер, агенттіктер мен ведомстволар бар. Олардың тікелей және бірінші кезектегі міндеті – экономиканы, әлеуметтік саланы жедел әрі тиімді басқару, нақты жобаларды іске асыру және өз деңгейінде ішкі саясаттың ағымдағы мәселелерін шешу. Конституция бойынша Президенттің рөлі стратегиялық басымдықтарды айқындау мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Терең дипломатия арқылы егемендік пен қауіпсіздік қамтамасыз етілмейінше, кез келген ішкі реформаның мәні жоқ.

– Қорыта айтқанда, Әділетті Қазақстанды құруға заңдар мен институттар ғана емес, жаңаша ойлайтын азаматтар да керек. Елдің болашағы санамызды шырмаған қасаң қағидалардан, бөстекі әңгімеден, орынсыз сөз таластырудан арылып, өз күшімізге сеніп, ортақ мақсат үшін жұмылып әрекет ете білуімізге байланысты.

Өсек сөздің, алып-қашпа әңгіменің заманы артта қалды. Еңбекке құрметпен қарап, жауапкершілік жүгін арқалаудан тайсақтамай, өз күшімізге сеніп, нақты іс тындыратын кез келді. Сыртта жүріп, ел ішін толқытуға, әлеуметтік-саяси теңселістер тудыруға құштар күштердің дегеніне еріп, алатайдай тулаған жекелеген азаматтар біздегі даму жолының басқа альтернативасы жоқ екенін түсіне білсе дейміз…, – дейді ол.