Қанша адам МӘМС аясында бейінді дәрігерлердің кеңесін алды?

Бұл қызметтердің жалпы құны 531,5 миллиард теңгені құрады.

Былтыр 9,4 миллион адам МӘМС аясында бейінді дәрігерлердің кеңесін алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл қызметтердің жалпы құны 531,5 миллиард теңгені құрады. Қаржыны Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры өзінің активтері есебінен төледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау саласын қаржыландыру айтарлықтай артты. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сарсенбаеваның айтуынша, 2023 жылы медициналық көмек көрсетуге 2,59 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Оның ішінде ТМККК (кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемі) бойынша – шамамен 1,57 трлн теңге, МӘМС жүйесі бойынша – 1,02 трлн теңгеден астам.

2024 жылы бұл көрсеткіш 2,86 трлн теңгеден асты. Оның ішінде ТМККК шеңберінде – 1,63 трлн теңге, МӘМС жүйесінде – 1,23 трлн теңге қарастырылған.

«Консультациялық-диагностикалық қызметтер халық арасында ең көп сұранысқа ие. Бұрын бұл қызметтер осыншалықты қолжетімді болмаған. МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін халық бейінді мамандардан кеңес алып, қосымша тексеруден өтуге мүмкіндік алды. Бұл үшін алдымен учаскелік дәрігерге қаралу керек. Дәрігер науқастың жай-күйін бағалап, анамнез жинап, қажетті зерттеулер мен консультацияларға жолдама береді. КДҚ қызметтері МӘМС шеңберінде көрсетіледі», – деп түсіндірді спикер.

2024 жылы учаскелік дәрігерлерге (ЖПД, терапевт, педиатр) 9,5 млн адам жүгінген. Олардың 3,45 миллионы тек бір рет қаралған. Бұл дәрігерлердің қабылдауы ТМККК аясында тегін көрсетіледі. Кейін олар науқасты КДҚ-ға жібереді.

«Өткен жылы МӘМС аясында бейінді мамандарға 9,4 млн адам жүгінген. Бұл консультациялардың құны 163,3 млрд теңге болды. Алайда пациенттер оған төлем жасамады – өйткені сақтандырылған азаматтарға КДҚ қызметтері медициналық көрсетілімдер негізінде тегін ұсынылады. Қызмет ақысын МӘМС Қоры өз активтері есебінен төледі», – деді Гүлнара Еділқызы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, 2025 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша жалпы 2,96 трлн теңге қарастырылған. Оның 1,63 трлн теңгесі – ТМККК, ал 1,33 трлн теңгесі – МӘМС пакеті шеңберіндегі медициналық қызметтерге бағытталмақ.