Үкімет Президенттің су шаруашылығын ауқымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын қалай іске асырады?

Бүгін Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді.

9 шілдеде Қазақстанда су шаруашылығы қызметкерлері – тұрақты сумен жабдықтауды, ирригацияны дамытуды және су ресурстарын қорғауды қамтамасыз ететін мамандар кәсіби мерекені атап өтеді. Климаттық өзгерістер мен су тапшылығының артуы жағдайында бұл саланың маңызы артып, су ресурстарын тиімді басқару мемлекеттік саясаттың басымдықтарының біріне айналуда.

Осы тұрғыда Президенттің тапсырмасы бойынша, Үкімет су ресурстары және ирригация министрлігімен су  саласында жаңа су қоймаларын салуды, жұмыс істеп тұрған нысандарды реконструкциялауды, цифрлық технологиялар мен су үнемдеу шешімдерін енгізуді қамтитын ауқымды жаңғыртуды жалғастыруда. Бұл реформалардың мақсаты – суды тұрақты әрі тиімді пайдалануды, өзгермелі климат жағдайында қауіпсіздікті, сондай-ақ су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар су тапшылығының артуына байланысты су ресурстарын тиімді әрі ұқыпты басқару үшін шаралар қабылдануда. Жақында өткен кеңесте Премьер-Министр Олжас Бектенов  мемлекеттік органдардың алдына вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқаруға жауапты өңірлік штабтар құру міндетін қойды. Суару кезінде су үнемдейтін технологияларын белсенді енгізу және су пайдалану саласындағы бұзушылықтарды бақылауды күшейту қажеттігі атап өтілді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су инфрақұрылымын толыққанды жаңарту қажеттігін ерекше атап өтті. 2025 жылғы 9 сәуірде Мемлекет басшысы су үнемдеу тетіктерін енгізуге және су нысандарын қорғауға, азаматтар мен экономиканы су тапшылығы мен су объектілерінің ластануынан қорғауға бағытталған Қазақстан Республикасының жаңа Су кодексіне қол қойды.

2025 жылғы маусымынан бастап құжат ресми түрде күшіне еніп, суды реттеу саласындағы жаңа тәсілдерге көшуді белгіледі. Жаңа кодекс су тасқынына қарсы іс-шараларды қоса алғанда, судың зиянды әсерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шараларды, су ресурстарын басқару тәсілдерін қайта қарауды, мемлекеттік реттеуді қатаңдатуды және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы бақылауды көздейді.

Соңғы жылдардағы оқиғалар, оның ішінде өткен жылғы ауқымды су тасқыны су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың маңыздылығын тағы да дәледеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Кодекс жобасына бес негізгі қағида енгізілді. Біріншісі – судың қоршаған ортаның ажырамас бөлігі ретіндегі рөлін, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізін күшейту. Екіншісі – оларды пайдалану кезінде су ресурстарының экономикалық құндылығы. Үшіншісі – жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану. Төртіншісі – суды тиімді әрі ұтымды түрде үнемдеу. Бесінші – су қорын пайдалану және қорғау жөніндегі міндеттерді шешуге жұртшылықты тарту.

Жаңа кодекс су ресурстарын басқарудың интеграцияланған бас жоспары мен бассейндік жоспарын әзірлеуді қарастырады. Ықтимал қауіпті гидротехникалық құрылыстар үшін көпфакторлы тексеру жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу жөніндегі міндеттемелер көзделеді, олардың тізілімін жүргізу мәселелері жүйелендірілді.

Заңнамалық деңгейде су саласындағы бұзушылықтар үшін жауапкершілік талаптары күшейтіледі. Егер су үнемдеу жоспарлары орындалмаса, су ресурстарын басқару органдары жедел ден қою шараларын қабылдай алатын қадағалау функциялары енгізілді.

Судың «қара» нарығымен күресу үшін су нысандарында, су қорғау аймақтары мен белдеулерінде шаруашылық қызметті жүзеге асыруға белгіленген тыйымдардың сақталуына және өз бетінше су пайдалануға жол бермеу үшін бақылау күшейтілді. Осы тұрғыда Премьер-Министр жергілікті жерлерде мониторингті жандандыруды, ведомствоаралық өзара іс-қимылды жолға қоюды және суару реттілігінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Сөйтіп 2023 жылы Су ресурстары және суару министрлігінің құрылуы су саясатының біртұтас жүйесін құрудағы алғашқы қадамдардың бірі ретінде жергілікті жерлерде үйлестірілген жұмысты қамтамасыз етуге, бақылауды күшейтуге және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік берді. Жинақталған көктемгі су тасқыны қорлары мен суды тиімді бөлудің арқасында 2024 жылы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суармалы су беру 2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға ұлғайды. Суару маусымының басында 83 гидробекет жөнделіп, 775-і тексеруден өтті. Соның арқасында өзендер деңгейіне дәлірек мониторинг жүргізуге және ауытқуларға уақытында ден қоюға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығында су шығынын азайту үшін шаралар қабылданды: мемлекет суарудың заманауи технологияларын субсидиялайды және суды пайдалануды бақылауды күшейтілді. Осылайша, Су кодексі белсенді және стратегиялық тәсілге, заманауи құралдарға және жердегі нақты нәтижелерге негізделген суды басқарудың жаңа саясатының негізіне айналды.

2025 жылдың 10 маусымында жаңа Су кодексі күшіне енді. Құжат бес негізгі қағидатқа негізделген: суды тіршілік пен экономикалық дамудың негізі ретінде тану, су ресурстарының экономикалық құндылығын есепке алу, жерүсті және жерасты суларын кешенді пайдалану, суды ақылға қонымды пайдалану және үнемдеу. Құжатта су алғаш рет заңнамалық деңгейде экономикалық құнды ресурс ретінде танылды, «су қауіпсіздігі» ұғымы енгізілді және су ресурстарын бассейндік басқару қағидаты бекітілді.

Су кодексінің қабылдануы елде жүзеге асырыла бастаған су ресурстарын басқарудың жаңа саясатының қисынды жалғасы болды. Осылайша, таңдалған бағдарда назар дағдарысқа ден қоюдан тұтас әрі ұзақ мерзімді көзқарасқа ауыстырылып, су тапшылығының алдын алуға, су нысандарын қорғауға, трансшекаралық суларды басқару кезінде ел мүдделерін қорғауға, сондай-ақ су ресурстарын басқару мәселелеріне жұртшылықты тартуға баса мән беріледі.

Бүгінде ауыл шаруашылығындағы өнімсіз шығындарды азайту арқылы тиімділікті арттыруға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, ирригациялық кондоминиум құру тәртібі белгіленді, онда ол болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдарға шаруашылықішілік жүйелерге қызмет көрсету үшін кәсіпорындар құру жөніндегі өкілеттіктер беріледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің су пайдалануды жоспарлау, бөлінбейтін меншікті бірлесіп пайдалану жөніндегі міндеттері регламенттелген. Тәуекелдердің алдын алу үшін су секторын климаттың өзгеруіне бейімдеу шаралары анықталды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спутник деректері мен су тапшы аймақтардың интерактивті карталарын қолдана отырып, суды пайдаланудың цифрлық мониторингін енгізу міндеті қойылды. Бұл шараларды СРИМ қазірдің өзінде жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ұлттық ақпараттық жүйені құру көзделген.

Сонымен қатар су шаруашылығы құрылыстарын толыққанды есепке алу, олардың сандық және сапалық көрсеткіштерін бағалау, баламалы су көздерін пайдалану, арнайы су пайдалануға рұқсат алмай, 2 млн м3 дейінгі көлемде еріген қар суын суару үшін жинақтау және одан әрі пайдалану, су нысандарының мониторингі жөніндегі нормалар нақтыланды.

Құжат сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту, нөсер және дренаждық ағындарды реттеу, иесіз жүйелерді коммуналдық меншікке беру жөніндегі нормаларды қамтиды. Сондай-ақ онда өнеркәсіп қажеттіліктері үшін ауызсудың орнына техникалық суды пайдалану, қызметтерді уақытша тоқтатуды реттеу және техникалық аудит негізінде сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымын жоспарлы жаңарту жөніндегі шаралар көзделген.

Жерасты суларын іздеуді, бағалауды, мониторингті және қорғауды реттеуге қатысты нормалар күшейтілді. СРИМ құрамында бұл мәселелермен Ұлттық гидрологиялық қызмет айналысатын болады.

Су ресурстарын басқару жөніндегі шешімдерді қабылдауға жұртшылықтың қатысуы кеңейтілді.

Бассейндік кеңестер бұдан былай су пайдаланудың рұқсат етілген көлемін қысқарту тәртібі, су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар, жергілікті атқарушы органдардың оларға жүктелген функцияларды іске асыру кезінде жіберген бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар туралы ұсынымдар енгізетін болады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.