Маңғыстау облысында бокстан World Boxing Әлем кубогының жеңімпазы Бекзад Нұрдәулетовке ерекше құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов халықаралық жарыста ел намысын жоғары деңгейде қорғаған спортшыны құттықтап, 5 миллион теңге көлемінде сыйақы табыстады.
"Облыс әкімі Нұрдәулет Игілікұлы жастарға, оның ішінде спортшыларға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Бекзад — Маңғыстау спортының жарқын жұлдыздарының лайықты жалғастырушысы. Қазақ боксы бүгінде әлемге танылып отыр. Олимпиада сияқты ірі додаларда да ел намысын абыроймен қорғайды деп сенеміз", – деді қала әкімі Әбілқайыр Байпақов.
Боксшының бұл жетістігіне елеулі үлес қосқан жаттықтырушысы Жолдасов Абу да назардан тыс қалмады. Ол 1 миллион теңге көлемінде сыйақымен марапатталды.