Елімізде енгізілген төтенше жағдай режимі кәсіпкерлер үшін үлкен соққы болары даусыз. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жарияланған карантин ел экономикасына кері әсер етеді. Себебі екі қала да республикалық бюджетке қаржы құятын донорлар еді. Бұл екі қаланың да табысы шағын және орта бизнестен түседі. Үкімет те шағын және орта бизнес субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін қолдау шарасын ойластырып жатыр. Нәтижесін алдағы тоқсанда біле жатармыз. Ал әзірге кәсіпкерлер кейбір қолдау шараларымен келіспей отыр. Ол туралы сәл кейінірек. Әуелі отандық бизнес үшін жасалған қолдау туралы айтсақ.
Қарызды төлеу 90 күнге ұзартылды
Азаматтық кодекстің 359-бабына сәйкес несие бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы төтенше және тойтаруға болмайтын жағдайға тап болғанда мүліктік жауапкершілікті атқармайды. Мұндай жағдайға 16 наурызда төтенше жағдай режимінің енгізілуі де жатады. Соған байланысты жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микронесиелерінің айыппұлы мен өсімпұлы есептелмейді. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктермен қатар, ломбардтарды, несие серіктестіктеріне, қарыз беретін барлық кредиторды қоса алғанда, микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға да қолданылады. Ал банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі тиіс. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, «Банктер және банк қызметі туралы» заңда кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай, банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда, төлем мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуі керек. Айта кетейік, бұл бастаманы еліміздің екінші деңгейлі банктерінің басым бөлігі қолдады.Әкімшілік жауапқа тарту кейінге қалды
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті де бизнес субъектілеріне бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетіп отыр. Биылдан бастап арнайы салық режимі бойынша есеп айырысатын микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері 3 жылға салық төлеуден босатылғаны белгілі. Бұл субъектілерді тексеруге мораторий жарияланғанын да білеміз. Енді елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қарым-қатынасты азайту үшін заңды және жеке тұлғаларға декларация тапсыру мерзімі 30 күнге шегерілді. Төтенше жағдай кезінде камералдық бақылау қорытындысы бойынша хабарлама жіберу де тоқтатылды. Сонымен бірге нысандарға барып кедендік және салықтық тексерістер жүргізу азайтылады. Әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі де төтенше жағдай мерзімі аяқталғаннан кейін қарастырылады. Бұл жеңілдіктерді алу үшін жұмыс берушілер наурыз айында төлеген жалақының салығын 25 сәуірге дейін төлеуі керек.«Атамекен» мен «Самұрық-Қазына» неге келіспеді?
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры да қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, қор отандық тауар өндірушілердің сатып алуға қатысу мүмкіндігін кеңейтті. Қор стандартында тапсырыс берушіге, жобалаушыға және мердігерге қазақстандық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдану талабы белгіленді. Олар тендерлік өтінімді қамтамасыз етуді енгізуден және шарттардың орындалуын қамтамасыз етуден босатылады. Қала құраушы кәсіпорындармен және шағын қалалармен тапсырыстарды мақсатты орналастыру, өндірістік қуатты жүктеу бағытында ынтымақтастық мүмкіндігін және тауарларды жеткізуге аванс беру мүмкіндігін қарастырады. Қордың дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 2 360 отандық өнім беруші қор тобы компанияларынан 216 млрд теңгеге тапсырыс алған, бұл жұмыс әлі де жалғасады. Айтқандай, «Самұрық-Қазына» сатып алуға қатысу кезінде отандық кәсіпкерлерден сертификаттарды (СТ-КЗ, индустриялық сертификаттар) талап етпейміз деп отыр. Яғни, енді «Самұрық-Қазына» үшін әкімдер бекіткен тауар өндіруші мәртебесін растайтын тізім жеткілікті болмақ. Алайда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қор ұсынған бұл жеңілдікке қарсы екенін мәлімдеп үлгерді. «СТ-KZ сертификаттары мен индустриялық сертификаттар заңда өндіруші мәртебесін және жергілікті қамтуды растайтын құжат ретінде белгіленген. Ал әкімдіктер отандық өндірушінің мәртебесін растау құзыретіне ие емес. Бұдан бөлек, қор әкімдіктер тарапынан әрекет етудің нақты тәртібі және өндіріске қойылатын критерийлерді ұсынбаған. Олай болса, өндірушілердің тізімін құру кезінде әкімдіктер тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелі пайда болып, жалған өндірушілерден сатып алу қатері жоғарылайды», – дейді ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.Инвестжобаларды қоя тұрсақ...
Мемлекет басшысы 16 наурыздағы телеүндеуінде отандық кәсіпкерлерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында ел қазынасынан кем дегенде, 300 млрд теңге бөлінетінін айтты. Сонымен қатар қарапайым заттар экономикасын дамытуға басымдық берілетінін де тілге тиек етті. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық бизнесті қолдау үшін дәл қазіргі күні жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды сақтауға басымдық беруді ұсынып отыр. «Жаңа бастамаға (инвестжоба – ред.) кім қаражат салады? Бізге жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар мен жұмыс орындарын сақтап қалу аса маңызды. Егер осыған дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша қаржыландырудың бір бөлігі жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды қолдауға, қалған бөлігі инвестициялық жобаларға жұмсалған болса, қазіргі жағдайда барлық қаражатты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналым қаражатын толтыруға бағыттау қажет», – дейді ол. Кеше Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен карантин режиміндегі қалада азық-түлік дүкендері мен сауда орталықтарының үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілетінін мәлімдеді. «Бизнес орталықтар, стоматологиялық клиникалар және шаштараз қысқартылған (сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін) жұмыс режиміне өтті. Құрылыс және мердігерлік ұйымдар әдеттегідей жұмыс істейді, бірақ санитарлық-эпидемиологиялық стандарттардың сақталуы маңызды», – деді. Ол сонымен қатар ірі сауда орталықтары мен мейрамханалардың жұмысы тоқтайтынын, сондықтан аталған нысандағы бизнес субъектілер карантиндегі «каникул» кезіндегі мерзім үшін арендаға алған кеңсенің жалдау ақысын төлемейтінін жеткізді. Алайда елордадағы бірқатар сауда үйінің қожайындары сауда нүктесін жалға алған кәсіпкерлерден карантин кезінде жұмыс істемеген күндер үшін де жалдама ақысын төлеуді талап еткені туралы бейресми ақпарат тарап үлгерді. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, қала әкімдігі ірі сауда орталықтарының иелерімен келіссөз жүргізіп, келісімге нүкте қоюы тиіс-ақ. Әйтпесе, кәсіпкер кімге сенерін білмей сенделіп қалары анық... Ондайда кәсіпкер күні не болмақ?