Әнші Тоқтар Серіков «Хабар» арнасындағы «КешRec» бағдарламасында жұбайы Бейбіт Сейдуәлиевамен қалай танысқанын айтты, – деп жазды Aikyn.kz.
Өнер иесі жұбайын алғаш рет концертте көргенін атап өтті. Тоқтар Серіков оның жүрегін жаулау үшін жемісті сыйлық ретінде берген.
«2000 жылы «Нұр-Мұқасан» тобы концерт өткізді. Ұлықпан Жолдасов екеуміз алдыңғы қатарда отырдық. Сол концертте Бейбітті алғаш рет көрдім. «Керемет әнші келіпті ғой, мына қызды тауып алу керек» дедім. Көп ұзамай, бір аптаның ішінде тауып алып, таныстым. Сөйтсем, қазақша дұрыс білмейтін орысшалау өскен қыз екен. Алдына кім келіп тұрғанын да біліп тұрған жоқ. Бірақ қазақ өнеріне ерекше екпінмен келгені көрініп тұр. Алғашқыда аға боп бастадым. Бір-бірімізге тез бауыр басып кеттік. Қазіргілер не сыйлайтынын білмеймін. Алма деген жемістің төресі ғой. Мен алманы арнайы сатып алып, Бейбіттің қолына ұстаттым. Маған рақмет айтып, ризашылығын білдірді. Бірақ алманы қандай оймен беріп тұрғанымды білмейді ғой. Сосын «ана бір қуыршақ бар ғой, соған ұқсайсың» дедім. Атын да білмейді екенмін. Борби деп едім, сылқылдап күлді. «Борби емес, Барби» деді. "Ааа", дедім де, қойдым. Бірақ қыздың алдында алғаш рет ұялдым», - деді әнші.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.