Осы жұрт Гүлзаданы біле ме екен?

Желтоқсан оқиғасы туралы айтсақ, есімізге бірден Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова, Ербол Сыпатаев, Қайрат Рысқұлбеков түсері анық.

Олар «Желтоқсан құрбандары» ретінде есімі жиі аталып, насихатталып жүр. Сондай  Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қыршыннан қиылған жастарымыздың бірі –  Гүлзада Қалелова.  Батыр қыз  – Желтоқсан оқиғасының қатысушысы, ол да сол кездегі барша қазақ жасы секілді «маскүнем», «жеңіл жүрісті қыз», «нашақор» деген жаланы 37 жыл арқалаған. Тек тарихшылар мен желтоқсаншылардың тынбай атқарған  жұмысының арқасында  2024 жылдың наурызында ақталды.

Гүлзада Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ілбішін деген ауылда 1969 жылдың 21 мамырында дүниеге келген. 1984 жылы сегіз жылдық мек­тепті бітіріп, Алматыдағы кинотех­ни­кумға оқуға түседі. Сонда оқып жүріп, Желтоқсан көтерілісіне қатысады. Сол Желтоқсан көтерілісіне қатысқаны үшін біраз тергеледі. Кейін  беймәлім жағдай­да 1987 жылдың ақпанында 18 жасар Гүлзада қайтыс болады. Сүйегі туған жері Ақжайық ауданының Ақжол ауыл­дық округіне қарасты Қабыл ауылына жерленген. 1987 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта Гүлзада Қал­елова «маскүнем», «нашақор» деген сол бір жаланы  арқалап келді. 

Тек  1993 жылдың 14 сәуіріндегі «Жап­пай саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау» туралы заңға сәйкес 2024 жылдың 3 наурызы күні ақталған.  Бұл ақпаратты желтоқсаншылар мен тарих­шылар қуана қабылдады. 

Белгілі журналист Мұнайдар Бал­мол­да: «Жап-жас қыз тайсалмастан ал­аң­­ға барды. Кейін КСРО жендет­терінің қолынан мерт болды. Бірақ оны бізден жасырды. Ата-анасына «Қыз­дарың бұ­зақыларға қосылған» деп өтірік ақпарат жеткізген. Тіпті, оның сүйегін ашуға болмайтын мырыш табытпен мықтап, жүзін жасырып әкелген. Мәжбүрлеп жерлеткізген. Тек анасы  соңғы сәтте «қызымның жүзін көрейін» деген өтініш айтып, рұқсат алған. Кейін туыстарымен де қоштастырмай жерлей салған. Егер сол жендеттердің бір жа­сырғаны бол­маса, олар сүйекті жасыр­мас еді, жер­леу­ге асықпас еді. Желтоқсан көтері­лісінің қаһарманы Гүлзада Нәби­қызы туралы БҚО мұра­ғатына сұрау салып, оны ақтау үшін бұлтартпас айғақ іздеп, бір тыным таппадық», – дейді.

Гүлзада Нәбиқызын туыстарына «ауырып қайтты» деп алдаған.

–1986 жылдың желтоқсан айында Гүлзаданың кураторынан хат келді. Ол хатта Гүлзаданың бұзақыларға қосыл­ғаны туралы айтылған. Кейін желтоқсан айының аяғында ауылға бейтаныс адамдар келіп, Гүлзада туралы сұрай бастаған. Себебін сұрағандарға «артық ештеңе айтпаңдар, өздеріңе жаман болады» деп қорқытқан. Бізге белгілісі – ол Желтоқсан оқиғасы кезінде ба­сынан қатты соққы алған. Ол соны Ал­маты шетіндегі бір медпунктте ем­детіп жүріп, жендеттерге ұсталып қал­ған. Тек 1987 жылдың ақпан айында бірінен соң бірі екі хат келді. Ол хат­тардың бірінде «қызыңыз ауырып жа­тыр, тез келіңдер» делінсе, екінші­сінде «қызыңыз қайтыс болды» деп хабар­л­аған. Ұзақ іздестіруден кейін қолға түскен өжет қыз тергеу камерасында айуандықпен соққыға жы­ғылып, кейін аруханада көз жұмған, – дейді Гүлза­даның туысы өз естелігінде. 

Өжет қыз Гүлзада Қалелованы ақтау ісі де оңай болмаған. Себебі еш жерде Гүлзада туралы ақпарат жоқ. Азды-кемді білетіндер тіс жармайды. Себебі оларды «белгісіз» адамдар қорқытып тастаған. 

– Қаһарман қыздың есімін жаңғырту ісіне тікелей атсалысқан, серпін бер­ген – сол алматылық желтоқсаншы­лардың өздері. Әсіресе, Гүлшара Бел­гібаева өз атына сенімхат жазып алып, Алматының мекемелерін, мұрағаттарын ақтарып, өлшеусіз тер төкті. Бейсенбай Сайфолда бастаған желтоқсаншылар Алматының прокуратурасы мен соты­ның табалдырығын тоздырды. Гүлзада Нәбиқызын ақтап алу ісінде көп адам еңбек етті. Еңбегіміз еленіп, қаһарман қызды ақтап алдық, – дейді тарихшы Алдаберген Сәрсек. 

Гүлзада Қалелова Желтоқсан оқиға­сынан кейін ұзақ уақыт тергеуде болған. Сол тергеуде оның басына қатты соққы тиген. Естелік айтушылар «миын езіп жіберген» дейді.  Бұл туралы «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің төра­ғасы Бейсенбай Сайфолла да растайды.

– Алматының Медеу аудандық АХАЖ бөлімі Гүлзаданың қайтыс болғаны туралы анықтаманы 2023 жыл­дың ақпанында берді. Ол анықтамадағы өлім себебі деген жері бос тұр екен. Кей­ін талап етіп, «мидың зақымданып, езілуінен қайтты» деп жазғыздық. Ескі фотолардан Гүлзаданың бейнесін тауып сараптама жасаттық. Осының бәріне үш жылдай уақыт кетіп қалды, –  дейді Бейсенбай Сайфолла. 

Орал қаласында тұратын желтоқ­саншы Сара Мұхамбетова «Гүлзада Қалелова тарихтан өз бағасын алмады, дұрыс насихатталмай жүр» деп қын­жылады. 

– Біз көбіне Ләззат, Сабираларды айтамыз. Гүлзада Қалелованың есімі де солармен бірге аталуы керек. Небәрі 18 жасында үзілген жауқазын ғой. Ол ка­мерада аяусыз соққыға жығылған. Шүй­десін езіп жіберген. Қазір желтоқсан­шылар Гүлзада Қалелованың есімін насихаттауды бастады. Ол туралы көп айтылуы керек. Өжеттігі, ерлігі тасада қалмауға тиіс, – дейді Желтоқсан оқи­ғасының куәгері Сара Мұхамбетова. 

Гүлзада Қалелова ақталысымен оған «Желтоқсан батыры» төсбелгісі берілген. Ол төсбелгі қазір Ақжайық аудандық музейінде ілулі тұр. 

Тек бір әттеген-ай дегізер сәт бар. Өжет қыздың ақталғанын ата-анасы көре алмай кетті. Гүлзада Қалелованың әкесі Нәби ақсақал өле-өлгенше «қыз баласы солай бұзақы топқа қосыла ма, бұл қалай болғаны?» деп қайғырып өтсе, анасы Қалампыр қызына еш шек кел­тірместен өмірден өтіпті. Тек кейін ғана қызының нақақтан кісі қолынан қаза тапқанын түсінген әкесі қызына араша сұрап талай есікті тоздырыпты. Кейін өзі де шаршап, денсаулығы сыр беріп, бала қайғысына шыдамай кете барған. Гүлзада Қалелова бір үйдің тұңғышы еді. Тұңғыштарының өліміне не себеп бол­ға­нын сұраған ата-анаға сол кезде «қара­құсына қатты бірдеңе тиген» деп жауап берген. «Ол қалай қарақұсынан соққы алады?» деген сұраққа сүйекті әкелген белгісіз адамдар «қызыңыз маскүнем болды, баспалдақтан құлаған» деп жауап беріпті. Бірақ Гүлзаданың анасы да, әкесі де оған сенбеген. 

Кейін тарихшы Алдаберген Сәрсек Гүлзада жайлы біраз ізденіп, ақтау процесіне қатысыпты. Тәуелсіздіктің арқасында тарихи әділдікке қол жеткізіп, батыл қыздың ерлігін бүгінгі ұрпақ та білді.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы