Ерекше диагноз – болашаққа тосқауыл емес

Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны жыл сайын артып келеді. Ресми деректерге сенсек, ел көлемінде ерекше білімді қажет ететін балалар саны 162 мыңнан асады.

Атырау облысында да ерекше  қолдауды қажет ететін балалар аз емес. Өкінішке қарай, елдегі ерекше білім беру ұйымдары мен инклюзивті білім беру жүйесі барлық өңірде бірдей дамымаған, әсіресе ауылдық жерлерде қолжетімділік төмен.

Ата-ана көп нәрсені шешеді

Атырау облыстық балалар оңалту орталығы осыдан 25 жыл бұрын ерекше білімді қажет ететін балаларға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында ашылған болатын. Орталықта жыл сайын шамамен 500-600 бала педаго­ги­ка­лық және медициналық түзету көме­­гін алады. Біз кешенді оңалтудың нәти­желері туралы сараптап көрдік.  

Атырау облыстық балалар оңалту орталығы директордың уақытша мін­детін атқарушы Анаргүл Құбылбаеваның айту­ынша, орталыққа, негізінен, сал ауру­ы, аутизм, Даун синдромы диагнозы қойылған, дамуында кешеуілдеуі бар балалар келеді. «Орталықтың қызметі мемлекет есебінен толықтай тегін көрсетіледі. Балалар бізге облыстық және қалалық пси­хологиялық-медици­налық-педаго­ги­калық комиссияның (ПМПК) қоры­тындысы мен ұсынысы, сондай-ақ ата-аналарының келісімі арқылы қабыл­данады. Арнайы білім беру ұйымдарына баратын балаларды қоспағанда, 0-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жасө­спірім­дерге психоло­гиялық-педагогикалық және медицина­лық-әлеуметтік қызмет ұсынып отыр­мыз», – дейді ол.

Оның айтуынша, балаларды оңалту – дәрігер немесе орталық ма­ман­дарының ғана емес, ата-анамен бірлес­кен еңбек нәтижесінде келетін үлкен жеңіс. «Ең алдымен, ата-ана баланың ерекше екенін қабылдауы керек. Көп жағдайда біздің ата-аналарымыз «бала өзі сөйлеп кетеді», «кезінде әкесі де жай жүрген», «баламның дені сау» деген сияқты өз-өзін жұбатуға салынып, орта­лыққа кештеу келіп жатады. Сондықтан ата-аналарға ерте қимылдауға кеңес берер едік», – дейді маман. 

Атырау облыстық балалар оңалту орталығы директордың уақытша мін­детін атқарушы Анаргүл Құбылбаеваның айтуынша, ерекше баланы оңалту – ұзақ мерзімді қажет ететін процесс. «Оңай­лықпен нәтиже келмейді. Бізге келген баланың жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Емін үзбей алып, мамандардың үйге берген тапсырмасын толық орындаған кезде ғана баланың денсау­лығы жақсара­ды», – дейді ол. 

Батыр балақайлар

Ерекше балаларды оңалтып келе жатқан ширек ғасырға жуық уақыт ішін­де, орталықта «жүре алмайды» деген сәби­лердің тұсауы кесіліп, дені сау балалармен бірге балабақшаға, мектепке барған батыр балақайлар көп болған. 

«Бірде орталығымызға Хақназар деген бала келді. Аутикалық спектрінде бұзылысы бар Хақназар дәретхана көрсе, жылап қашатын. Оны түзге отырғызу – ата-анасы үшін орындалмас миссиядай болып көрініп еді. Орта­лықтан кешенді емді үзбей қабылдаудың нәтижесінде Хақназар саналы түрде өздігінен дәретке баратын деңгейге жетті.  Сол кездегі Хақназардың әкесінің эмоциясын әлі күнге дейін сөзбен айта алмаймыз.  Көзі­не жас алған әкесі біздің мамандар­ымызға алғысын айтып, ұзақ жылаған еді.  Ондай мысалдарымыз көп-ақ. Дертін жеңген батырларымыздың бірі – кішкентай Ахмад. Тумысынан сал ауруы­на шалдыққан Ахмад біздің орта­лыққа небәрі 5 айлығынан бастап келді. Екі жарым жыл бойы үзбей ем алғанның нәтижесінде Ахмад үш жасында жүріп кетті. Мұндай мысалдарды көптеп кел­тіре беруге болады», – дейді Атырау облыс­тық балалар оңалту орталығы дирек­тордың уақытша міндетін атқару­шы Анаргүл Құбылбаева. 

Балданай Сүлейменова – ерекше баланың анасы. Ол алты жастағы ұлын емдетіп, оңалту орталығына үзбей келіп жүр. «Осы орталыққа ұлым Олжасты әкеліп жүрмін.  Мұнда  қосымша элек­тро­форез, массаж алып жүрміз. Соны­мен бірге орталықта логопед, дефектолог, психологтан да көмек алып келеміз. Баламның диагнозы аутизмнің жеңіл формасы. Астанаға барып та, ем алып жүрміз. Осындай кешенді ем қабыл­даудың нәтижесінде ұлымда оң өзгеріс­тер бар», – дейді ол.

Мамандардың айтуынша, әлемдік тәжірибеде ерекше балаларды оңалтудың ең тиімді жолы – ерте араласу бағдар­ламалары. АҚШ, Канада, Германия, Жапония сияқты дамыған елдерде 0-3 жас аралығындағы балаларға арналған ерте диагностика мен кешенді оңалту жүйесі кеңінен енгізілген. Ғылыми зерт­теулерге сүйенсек, дәл осы жаста көр­се­тілген түзету көмегі баланың бола­шақта қоғамға бейімделу мүмкіндігін бірнеше есе арттырады.

– Ерекше баланы оңалту – ұзақ әрі үздіксіз процесс. Бір-екі курспен нәтиже күтуге болмайды. Бізге келген әр бала­ның жағдайы әртүрлі. Емді үзбей алып, мамандардың үй жағдайында орындауға берген тапсырмаларын толық орындаған кезде ғана оң өзгерістер байқалады, – дейді орталық басшысы.

Катяның қарапайым оқиғасы

Қалай десек те, оңалту – үлкен нәтижелерге алып келеді. Атыраулық 16 жастағы Катяның оқиғасы бұл сөзімізді қуаттай түседі. Катяға туабітті сал ауруы диагнозы қойылған. Бірақ ол күн сайын адамның шектеуі денесінде емес, мүмкіндіктерін қалай көретіні мен қалай сезінетінінде екенін дәлелдеп келеді. 

Катя сәби кезінде көп жыламаған. Анасы – Мадина Нармагамбетова  алғашқы бір жыл бойы қызында бір нәрсе дұрыс еместігін түсіне алмаған. Бірақ уақыт өткен сайын Катяның қозғалысқа икемсіз, көп нәрсеге реакция бермейтінін байқаған. «Осылайша, балама сал ауруы диагнозы  қойылды, бірақ оны қабылдау мен үшін оңай болмады. Ең ауыр кезең – диагноз емес, алты жарым жылға созылған үнсіздік еді. Ұйқысыз түндер, көз жасы, қымбат емдеу курстары, массаж және үздіксіз терапия», – дейді Мадина Нармагамбетова.  

3,5 жасында Катяны «Атырау. Ма­лень­кая страна» қоғамдық бірлестігіне алып келдім. Сол жерде 2012 жылдан бастап өңірде алғаш рет иппотерапия енгізген Ерлан Қүмісқалиевпен бірге жұмыс істедік. «Жылқыны алғаш көрген сәтінде Катя қатты қорыққан еді. Тіпті жылқының жанына барғысы келмейтін. Бірақ жылқы асықпайды. Жануар да адамды тыңдайды. Қазір Катя мен Зе­фир (жылқының аты) айнымас досқа айналды. Бүгінде Катя күн сайын инва­таксимен орталыққа барады. Жүйелі жат­тығулар нәтижесінде Катяның   қоз­ға­лыс­тары жеңілдеді, арқа бұлшықеті нығайды, дене қалпы түзелді. Қазір қы­з­ым ат үстінде отырып, өзге бала­лармен бірге жаттығуларды сенімді орындайды. Оның сүйікті жылқысы – Зефир»,– дейді анасы Мадина Нармагамбетова.  

Мамандардың айтуынша, иппо­те­рапия – атқа міну ғана емес, ол бұлшы­қет тонусын реттеп, баланс пен үйлес­ім­ділікті дамытатын, жүйке жүйесіне оң әсер ететін ғылыми негізделген терапия. Жылқының қимылы адам жүрісіне ұқсайды – сондық­тан Катя үшін әр жаттығу денесін қайта «үйретудің» бір бөлігі.

Қазақстанда бүгінде 15-тен астам иппотерапия орталығы бар. Бірақ Катя үшін Атыраудағы орталық – оның өз денесін түсініп, болашаққа құқығы бар екенін таныған мекен. Катя көп оқиды, подкаст тыңдайды, түрлі қаладағы жур­налистермен хат алысады. Сұхбат қалай құрылады, сұрақ қалай қойылады, әң­гі­менің өзегі қалай табылады –бәрін білгісі келеді. Әлеуметтік желідегі парақ­шасын жүргізеді, видеолар түсіреді, шағын жетістіктерін  бөліседі. «Ерекше балаларға айтарым –  қиындыққа мойы­мау керек. Менің арманым – өздігімнен жүре алатын деңгейге жету және кол­лед­ж­ге түсу», — дейді Катя. 

Бүгінгі материалымыздың басты кейіпкерлері – Хақназар, Ахмад және Катя диагноздың қорқынышты үкім емес екенін дәлелдеген адамдар. Әр бала – қоғамның толыққанды мүшесі болуға лайықты.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы