Жаңа орталық Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Миннесота университетінің (АҚШ) бірлескен бастамасымен құрылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Аталған орталық ғылыми мәдениетті дамытуға және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа зерттеу алаңы болмақ. Оның басты миссиясы – ғылыммен айналысатын барлық деңгейдегі зерттеушілерді, яғни студенттерден бастап профессорларға дейін қолдайтын тұтас экожүйе қалыптастыру.
Орталықтың негізгі бағыттарына әдіснамалық кеңес беру, зерттеулерді жоспарлау, деректерді талдау, гранттық өтінімдер мен ғылыми жарияланымдарды дайындауға қолдау көрсету кіреді. Сонымен қатар заманауи зерттеу әдістері, академиялық жазу және ғылыми этика бойынша семинарлар мен оқыту курстары ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, зерттеу деректер базалары мен бағдарламаларын қамтитын баршаға қолжетімді бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланған. Ғылыми қоғамдастықты дамыту мақсатында жыл сайын Research Day өткізу, «ғылыми резиденция» бағдарламаларын іске асыру және халықаралық сарапшылардың менторлығы жүзеге асырылады.
Орталықтың ашылуы өңірдің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам саналады. Жоба нәтижесінде қазақстандық зерттеулердің сапасы мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігі артып, сыртқы гранттар мен инвестициялар тартуға, жастарды зерттеушілік және инновациялық қызметке ынталандыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар Қазақстанның жаһандық ғылыми қоғамдастықтағы орны нығая түспек.
Шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек (онлайн форматта), Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова, Хериот-Уатт университетінің (Ұлыбритания) вице-канцлері Ричард Уильямс, Миннесота университетінің Халықаралық бастамалар департаментінің директоры Марина Алейшо, Родни Уоллес атындағы профессор, магистратура бағдарламаларының директоры Баскар Упадхяй және Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Лаура Қарабасова қатысты.