Тәуелсіздікке арналған әндер: қоғамдағы көңіл күйдің музыкалық айнасы

Тәуелсіздік әндері эмоциялық архив қызметін атқарады.

Тәуелсіздікке арналған әндер ХХ ғасырдың соңында, Қазақстанның саяси мәртебесі түбегейлі өзгерген тұста пайда болды. Бұл тақырып кенеттен туындаған құбылыс емес. Ол кеңестік кезең бойы ашық айтылмай, ішкі қарсылық пен жасырын үміт түрінде сақталып келген еркіндікке деген ұмтылыстың табиғи жалғасы еді. 1991 жылдан кейін қоғамдық кеңістікте бұрын айтуға болмайтын ұғымдар (тәуелсіздік, егемендік, ұлттық мемлекет, тарихи әділет) заңды түрде қолданысқа енді. Сол сәтте ән қоғамдағы өзгерісті ең тез қабылдаған, ең сезімтал форма ретінде алға шықты.

Алғашқы тәуелсіздік әндері арнайы тапсырыспен емес, халықтың ішкі көңіл күйінен туды. Радио мен сахнада бұрынғы идеологиялық мазмұндағы шығармалардың орнын жаңа мәтіндер баса бастады. Ол әндерде айқын саяси бағдарлама болған жоқ, бірақ ұзақ жылдар бойы жиналған сезім бар еді. Мысалы, алғашқы жылдары жиі орындалған бірқатар әнде  нақты тарихи талдау жоқ, бірақ ел болу фактісін бекітуге деген талпыныс анық сезілді. Ондай әндер еркіндікті түсіндіруден гөрі, оны сезіндіруге бағытталды.

Жаңа заман әндерін зерттеушілердің айтуынша, сол кезеңдегі көптеген шығармаларда пафос басым, образдар жалпылама болды. Бұл көркемдік әлсіздік емес, тарихи сәттің ерекшелігі еді. Қоғамның өзі жаңа жағдайға бейімделіп жатқанда, ән де сол күйді бастан кешірді. Қуаныш бар, бірақ оның мәнін толық ұғынып үлгермеген ішкі абыржу да қатар жүрді. Осы тұрғыдан алғанда тәуелсіздік әндері саяси декларация емес, қоғамдық сезімнің музыкалық тіркелуі ретінде өмірге келді.

Бұл өзгеріс кеңестік кезеңдегі ән мәтіндерімен салыстырғанда анық байқалды. Бұрын ән идеологиялық бақылауда болды, негізгі тақырыптар еңбек, партия, ұжым ұғымдарына құрылды. Ұлт, жер, тарих ашық айтылмады. Әннің міндеті жеке ой айту емес, бекітілген идеяны тарату еді. Тәуелсіздікпен бірге бұл жүйе бірден ыдырады. Ән мәтіндерінде «ел», «жер», «ата-баба», «тарих» сияқты сөздер еркін қолданыла бастады. Бұл тек сөздік қордың кеңеюі емес, ойлау жүйесінің өзгеруі болды. Авторлық «мен» қайта оралды.

Осы тұста «Елім менің» сияқты әндердің мағынасы да жаңа деңгейде қабылданды. Бұрынғы кезеңде жалпы патриоттық туынды ретінде орындалған бұл ән тәуелсіздік алғаннан кейін нақты тарихи мағынамен толықты. Ән мәтініндегі жер, ел туралы жолдар жалаң ұран емес, нақты мемлекетке қатысты айтылған сөзге айналды. Бұл тәуелсіздік кезеңінде көптеген әндердің қайта мағыналануының бір мысалы деп айта аламыз.

Мазмұндық тұрғыда да бетбұрыс болды. Зерттеушілер “кеңестік әндерде болашақ үнемі уәде ретінде берілсе, тәуелсіздік кезеңіндегі әндер қазіргі сәтке, нақты жағдайға назар аударды” деп жазады. «Атамекен», «Жерім менің» сияқты әндерде өткенге үңілу мен бүгінді бағамдау қатар жүрді. Тарихи әділет, жоғалған құндылықтар секілді мәселелері ашық болмаса да, астарлы түрде сезілді. Сонымен бірге еркіндік енді тек қуаныш емес, аманат ретінде көріне бастады. Ән арқылы қоғам өзіне “тәуелсіз ел болу нені талап етеді, оны қалай сақтау керек” сияқты түрлі сұрақ қоя бастады. 

Музыкалық тілде бұл ойлар кеңістік сезімі арқылы берілді. Ашық әуендер, кең тынысты фразалар, салтанатты ырғақтар тыңдаушыға қозғалыс, көтерілу әсерін сыйлады. Еркіндік ұғымы осылайша абстрактілі түсініктен сезілетін күйге айналды. Елдік тақырыбы көбіне ұжымдық «біз» формасында көрінді. Әндер мерекелік алаңдарға, көпшілікпен бірге айтуға лайықталды. Сонымен қатар  “жер” ұғымы да тәуелсіздік әндерінде ерекше символдық мәнге ие болды. Ол тек аумақ емес, ата-баба мұрасы ретінде қабылданды. Халықтық интонациялар, домбыра тембрінің қолданылуы бұл мағынаны күшейтті. Кейбір әндерде дәстүрлі дыбыстың өзі мәтіннен кем емес мағыналық жүк көтерді. 

Жер, ел, еркіндік бір-бірінен бөлек емес, тұтас жүйе ретінде жұмыс істей бастады.

1990 жылдардағы патриоттық әндер осы жүйенің өтпелі сипатын анық көрсетті. Бұл кезең экономикалық тұрғыдан ауыр болса да, әндерде үміт басым болды. Музыкалық тіл қарапайым болды, қайырмалар тез жатталды. Әндер радио мен теледидар арқылы күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Осы кезеңде ән авторларының әлеуметтік жауапкершілігі артты. Ән көңіл көтеру құралы ғана емес, қоғамның көңіл күйіне ықпал ететін факторға айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы патриоттық әндер бүгінге дейін сол уақыттың музыкалық куәлігі ретінде сақталып отыр.

Уақыт өте келе мемлекеттік рәміздерге арналған әндер жеке бағыт ретінде қалыптасты. Ту, Елтаңба, Әнұранға қатысты әндерде салтанат пен байсалдылық қатар жүрді. «Көк тудың желбірегені» сияқты әндерде символдық бейнелер арқылы елдің тұтастығы мен болашағы сипатталды. Бұл шығармалар ресми мерекелермен шектелмей, қоғамдық санада орнықты ұғымға айналды.

Қазіргі эстрадада тәуелсіздік тақырыбы бұрынғыдай ашық ұран түрінде көрінбейді. Ол жанама түрде, жеке тәжірибе арқылы беріледі. Рэп пен инди бағытындағы кейбір әндерде ел, қала, тіл мәселесі тұрмыстық деңгейде қозғалады. Мұнда тәуелсіздік дайын жетістік емес, сақтауды қажет ететін жағдай ретінде қабылданады. Бұл көзқарас жастар орындайтын патриоттық әндерде айқын сезіледі.

Жастар үшін тәуелсіздік өткен тарихтан гөрі бүгінгі мүмкіндік. Олардың әндерінде сұрақ көп, дайын жауап аз. Бұл патриоттық сезімнің әлсіреуі емес, оның өзгеруі. Елге тиесілілік сезімі ұлттық рәміздер арқылы емес, тіл, орта, күнделікті тәжірибе арқылы көрінеді. Осы әндер арқылы тарихи жад та сақталады. Ән нақты даталарды емес, кезеңнің көңіл күйін бекітеді. Бір әннің бірнеше буынға ортақ болуы оны қоғамдық естелікке айналдырады.

Осы тұрғыдан тәуелсіздік әндері эмоциялық архив қызметін атқарады.

Тәуелсіздікке арналған әндер Қазақстан қоғамының рухани тәжірибесін жинақтаған құбылысқа айналды. Олар тәуелсіздікті түсіндіру емес, сезіндіру арқылы сананың бір бөлігіне енгізді. Әр кезеңде әртүрлі формада көрінгенімен, бұл әндер ортақ бір міндет атқарды. Ол - тәуелсіздікті киелі, тірі ұғым ретінде сақтап қалу. Ән осы процесте басты құралдардың бірі болып қала береді.

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.