Тәуелсіздік күнінде не көруге болады? Отандық фильмдер топтамасы

Биыл Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік алғанына 34 жыл толды. Тәуелсіздік күні 31 жыл бойы елдің басты ұлттық мерекесі болды. Ал 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңға тиісті өзгерістер енгізіп, мейрам «мемлекеттік мереке» мәртебесіне ауыстырылды. Енді бұл күн – мемлекеттік мереке және тәуелсіздік алуға үлес қосқан батырларға тағзым күні ретінде аталып өтеді.

16 желтоқсан – Қазақстанда ерекше маңызға ие күн. Ел тарихындағы күрделі кезеңдерді, ұлттық сана мен еркіндік идеясын бейнелейтін туындыларды көру – мемлекеттің егемендікке қалай қол жеткізгенін тереңірек түсінудің бір тәсілі. Осы ретте Aikyn.kz Тәуелсіздік күні көруге болатын отандық көркем және тарихи фильмдер топтамасын ұсынады.

«Көшпенділер» көркем фильмі 

Көркем фильм қазақ хандығының тарихи кезеңдерін, XVIII ғасырда қазақ жерінде болған тарихи оқиғаларды негізге ала отырып түсірілген. Фильмнің негізгі тұлғалары – бізге тарихтан белгілі Әбілқайыр хан, Абылай хан, Төле би, жоңғар қолбасшысы Қалдан Серен.

«Көшпенділер» фильмі – азаттыққа ұмтылған қазақ халқының «тар жол, тайғақ кешу» кезеңін суреттейді. Сондай-ақ бұл – Голливуд мамандарымен бірлесе отырып түсірілген алғашқы тарихи жоба.  

«Қазақ хандығы. Алмас қылыш» кинодастаны

«Алмас қылыш» кинодастаны ХV ғасырдың орта тұсындағы кезеңді сипаттайды. Нақты айтқанда, Алтын Орда құлағаннан кейін құрылған бірнеше жеке хандықтар кезеңі, қазақ-қалмақ арасындағы жаугершілік заман суреттелген. Шайбаниттердің кіші тармағынан шыққан Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрды. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын. Бірақ Орда Еженнің ұрпақтары – Керей мен Жәнібек сұлтан бұған қарсылық танытып, ондаған мың көшпенді халықты ертіп, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есенбұға оларға қоныс беруге келіседі. Осылайша, қазақ даласында сауын айтылып, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. 

«Аллажар» 

Бұл фильм - Желтоқсан оқиғасы туралы түсірілген алғашқы кинотуындылардың бірі. Режиссер Қалдыбай Әбеновтің фильмі 1986 жылы ел тарихында болған ең ауыр әрі маңызды сәттерді суреттейді. Бас кейіпкер Азат (прототипі: Қайрат Рысқұлбеков) – көтеріліске қатысып, әділетсіздікпен тап болған қазақ жігіті. Фильмде жас жігіттің түрмеде көрген азабы мен ауыр сынақтардан өтуі арқылы тәуелсіздікке жету жолындағы күрес бейнеленген.

«Міржақып. Оян, қазақ» телехикаясы

Туынды Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының өмірі мен күрес жолын суреттей отырып, ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси ахуалын сипаттайды. Телехикаяда Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы өмірінің 1909-1935 жылдардағы кезеңі қамтылған. «Оян, қазақ!» кітабының жарыққа шығуы, «Бақытсыз Жамал» романының жазылуы, революциядан кейінгі жылдардағы, ашаршылық кезіндегі қоғамдық-саяси қызметі, Қызылорда, Семей, Мәскеудің әйгілі «Бутырка» абақтысындағы жылдары және жан жары Ғайнижамалмен махаббат хикаясы сериалда кезек баяндалады.

«Отыздан асып барамын»

Фильмде 1991 жылы туған Азат есімді жігіттің тағдыры Тәуелсіз Қазақстанның тарихымен параллель сипатталған.  90-жылдардағы қиындық, Мұстафа Өзтүріктің өлімі, астананың Ақмолаға көшірілуі, Заманбек Нұрқаділовтің жұмбақ өлімі, Жаңаөзен оқиғасы, коронавирус – осы оқиғаның барлығы киноға кіріктірілген.