Басты назар – сайлау алдында берген уәделерімізді орындауға, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, тұрғындардың табысын арттыруға, аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтауға, тұрғындардың құқықтарын қорғауға және қоғамдық сенімді күшейтуге арналды. Түркістан облысында жыл басынан бері партия қатарына 3 220 адам қабылданып, партия мүшелерінің саны 84 879 адамды құрады. Жылдық жоспар 185 пайызға артығымен орындалып, партияластарымыздың қатары едәуір кеңейді. Жаңа мүшелердің қабылдануы партияның сапалық құрамын нығайтып, қоғаммен жұмыс жүргізу әлеуетін күшейтті. Әртүрлі сала мамандарының, белсенді азаматтардың қосылуы партия жұмысының практикалық тиімділігін арттыра түсті.
Партияның cайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында 136 индикатор, 568 іс-шара жоспарланса, соңғы үш жылға жуық мерзім ішінде кешенді жоспардың орындалуы 55 пайызға жетті, партия бақылауында тұрған 313 іс-шара толығымен орындалды. Соның ішінде 2025 жылға жоспарланған 121 іс-шараның 77-сі немесе 63,6 пайызы орындалып, қалғандарының іске асырылуы тұрақты бақылауымызға алынды. Облыс аумағындағы 28 нысанда партиялық бақылау бекеттері жұмыс істеуде. Оның 7 нысаны Жол картасы аясында болса, 21-і – бюджет есебінен салынып жатқан нысандар. Жол картасындағы тәуекелі бар нысандардың құрылысына қатысты мәселелер облыс басшылығымен бірлесе қарастырылып келеді және олардың орындалуы қатаң бақылауға алынған. Мәселен, осы санаттағы «Созақ-Тасты-Қылти» автожолы мен Мақтаарал ауданындағы 4 мектептің құрылысына қатысты мәселелер шешімін тауып, пайдалануға берілсе, Бәйдібек ауданы Шаян ауылындағы 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, осы айда іске қосылмақ. Түркістан қаласындағы Ана мен бала орталығының құрылысы Біріккен Араб Әмірліктерінің инвестициясы есебінен қарқын алды.
Партия бекіткен жоспарда агроөнеркәсіптік кешенге ылғал үнемдеу технологиясын енгізуді 50 мың гектарға жеткізу көзделсе, есепті мерзімде бұл көрсеткіш 59 мың гектарды құрап, 118 пайызға артығымен орындалды. Бұл бағытта Арыс қаласы мен Отырар ауданы аумағында 32 мың гектарға жаңа технологиялармен мақта егіліп, ылғал үнемдеу технологиясы қолданылды. Нәтижесінде, орташа өнімділік облыстың орташа өнімділігінен екі есе артып, гектарына 45 центнерден өнім жиналды. Алдағы уақытта егіс алқабы 60 мың гектарға жететін болады. Алынған мақта өнімін өңдеуде Түркістандағы «Tұран» арнайы экономикалық аймағында мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттауға арналған көпсалалы кешеннің құрылысы басталды. Жоба құны 146,8 млрд теңгені құрап, толық циклді мақта өңдеу, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады.
Депутаттық корпуспен өзара іс-қимыл да айтарлықтай күшейді. Облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардағы фракция депутаттары өңірдегі өзекті мәселелерді тұрақты көтеріп, олардың шешіміне тікелей ықпал етіп келеді. Жыл басынан бері депутаттық фракциялардың 60 отырысы өтіп, 140 мәселе қаралды. Депутаттар сайлауалды бағдарламаның орындалуы мен қысқы жылу маусымына дайындық секілді өзекті мәселелерді қарастырып, облыс әкімі орынбасарының, салалық басқармалар мен аудан, қала әкімдерінің, коммуналдық сала басшыларының есебін тыңдады. Депутаттық корпус алдында Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Құрылыс, Денсаулық сақтау, Білім, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының басшылары, Арыс, Түркістан, Кентау қалалары мен Мақтаарал, Қазығұрт, Келес, Ордабасы, Созақ аудандарының әкімдері, QazaqGaz Aimaq, «Интер Газ Орталық Азия», «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамдарының, Кентау қаласындағы №5 жылу энерго орталығының басшылықтары, Түркістан, Түлкібас, Сайрам, Төлеби, Келес аудандық фракция жетекшілері есеп берді, өзекті мәселелерді бірлесе қарастырып, ортақ шешімдер қабылданды.
Облыстық саяси кеңес бюросында Түркістан облыстық Спорт және дене шынықтыру, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп, Құрылыс, Экономика және бюджеттік жоспарлау, Ауыл шаруашылығы басқармаларының, 2 облыстық мәслихат депутатының, 8 аудандық мәслихат төрағаларының, 5 аудандық фракция жетекшілерінің, 3 аудандық мәслихат депутатының есебі тыңдалып, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудағы белсенді қызметі, депутаттық этиканы сақтау мәселелері талқыланып, нақты ұсынымдар берілді.
Облыстық партия филиалы жанындағы кеңестер өңірлік проблемалар талқыланатын, олар бойынша нақты шешімдер қабылданатын алаңға айналды. Осы мақсатта қызмет атқаратын 10 кеңестің 96 отырысы өтіп, 216 мәселе қаралды, жергілікті атқарушы органдарға 641 ұсыныс жолданса, оның 428-і немесе берілген барлық ұсыныстың 66,8 пайызы орындалды. Отырыстар, көшпелі форматта аудан, қалаларда өткізіліп, сайлауалды бағдарламаның орындалуы, аумақтарда су тасқындарын болдырмау, қоғамның алаңдаушылығын туғызған лейшманиоз, аутизм дерттерінің алдын алу, ана мен баланы қолдау, жолдардың қауіпсіз болуын қамту, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының мәселесін шешу сынды өзекті мәселелер қарастырылды. Кеше ғана кәсіпкерлік мәселелер жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы жұмыс жиыны өтіп, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді.
Облыстық партия филиалының әйелдер қанатымен жергілікті телеарнада «Әйел аманаты» бағдарламасы ашылып, негізгі 10 бағыт бойынша тақырыптық сұхбаттар, сюжеттер шығару қолға алынды. Өңірімізде әйел көшбасшыларының мектебін ашу жүмыстары басталды. Партияға деген сенім ең алдымен қоғамдық қабылдаулардың жұмысы арқылы бағаланатыны белгілі. Партияның Түркістан облыстық филиалы биылғы 11 айдың өзінде 14 398 арыз-өтінішті тіркеп, халық пен билік арасындағы ең тиімді кері байланыс арнасын түзді.
Партиялық жобалар өз тиімділігін айқын көрсетті. «Қарызсыз қоғам» бойынша 8 мыңнан астам адам оқу курстарынан өтті. Жалпыреспубликалық «FinIQ 2025» қаржылық қауіпсіздік диктанты аясында 486 мың адам тестілеуден өтіп, республикада алдыңғы қатардан көріндік. «Жер аманаты» бойынша қайтарылуы тиіс жер көлемінің жоспары 41 мың гектар болса, нақты 129,9 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 315 пайызға артығымен орындалды. «Ауыл аманаты» бойынша биыл республикалық бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлініп, оның 880 млн теңгесіне 104 жоба және қайтарым қаражат есебінен 4,6 млрд теңгеге 579 жоба қаржыландырылды. Атап өтуіміз керек, 2024 жылы осы бағдарлама аясында 2,1 млрд теңгеге 282 жоба қаржыландырылса, 2025 жылдың 11 айында 2,5 млрд теңгеге 297 жоба қолдау тапты. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Сауран ауданында 50 орындық ерекше балаларға арналған оңалту орталығы ашылды. «Тең мүмкіндіктер» спорттық фестивалінің облыстық деңгейіне 30 команда, 90 бала қатысты. Жеңімпаз командалар республикалық фестивальға қатысып, спорттың жеңіл атлетика түрінен жүлделі ІІ орынды иеленді. «Ұлттық мұра» жобасы аясында Түркістан, Кентау қалаларында, Келес, Сауран, Сарыағаш, Отырар аудандарында жеті ақындар айтысы өтсе, «Ұлы дала» әдеби-шығармашылық байқауы жас қаламгерлердің басын қосты. «Цифрлы қоғам» жобасы аясындағы Daryn.ai ұстаздарды оқыту платформасына облысымыз бойынша 43 мыңға жуық ұстаз тіркеліп, оның 15 мыңға жуығы оқу курсын толық аяқтады.
Облыстық партия филиалының «Жастар Рухы» жастар қанатының да белсенділігі айтарлықтай күшейді. Жастардың өңірлік жобаларға қатысуы артты, олардың ұсыныстары партия жұмысының маңызды бөлігіне айналды. Партия жастарының ұйымдастыруымен үстел теннисінен облыстық турнир, AMANAT AQYLMAN интеллектуалды ойындары, бастауыш партия ұйымдарының арасында AMANAT CUP кіші футболдан жарыс, «Жастарға жұмыс» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкелері ұйымдастырылды. Оған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында әлем чемпиондарының қатысуымен жастарға арналған таңғы жаттығулар мен шеберлік сағаттары өткізілді. Бүгін дәл осы мазмұндағы іс-шара Түлкібас ауданында өткізіліп, оған бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұт және Төрехан Сабырхан қатысты. Қазір «Жастар Рухы» жастар қанаты Qazaqstan брендін жаңа форматта, көпшіліктің қатысуымен ілгерілету жұмыстарын белсенді түрде жалғастыруда. Тәуелсіздік күніне орай 12 желтоқсанда Төлеби ауданында республика көлемінде алғаш рет партияластар арасында қазақ күресінен AMANAT BARYSY турнирі өтті. Партия қызметі жөнінде ақпараттық белсенділік күшейтіліп, партияның сенім мандатын алған депутаттық корпуспен брифингтер өткізу үрдісі жолға қойылды. Партия жұмысы туралы жедел әрі ашық ақпарат беру, қоғаммен тұрақты коммуникация орнатуға басымдық берілді.
Алдағы жұмыс бағыттары ретінде «Ауыл аманаты» жобасын тиімді жалғастыру, Жол картасы тармақтарының орындалуына бақылауды күшейту, аумақтық партия филиалдарының материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттері белгіленді. Сайланбалы лауазымдарға партия атынан ұсынылатын кандидаттар бойынша гендерлік теңдік қағидатын ұстану, облыстағы әлеуметтік тәуекелі орта деңгейдегі отбасылардың санын азайту бойынша пәрменді шаралар қабылдау ұсынылды. Өңірдегі индустриалды аймақтар мен өндірістік парктерде өңдеу өнеркәсібіне басымдық беру, шағын кооперативтерді біріктіріп, өндіріс көлемін ұлғайту, «Әкімдер мектебі» жобасының тиімді іске асырылуын үйлестіру жүктелді. Түркістан облысы еліміздегі ең халқы көп өңір екені ескеріліп, партия қызметі, оның бастамалары туралы ақпараттық жұмысты күшейту тапсырылды, жастармен бағдарланған жұмыстар атқаруға басымдық берілді. Партияның қоғамдық белсенділігін арттыру, партиялық бақылауды күшейту бағыттарында бірқатар тапсырма берілді. Бұл жұмыстар облыстық партия филиалының алдағы жұмыс бағыттары болып түзіледі.
Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық
филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы
фракция жетекшісі