Тіпті аспан әлемін зерттейтін ғылым салалары да жыл өткен сайын көбеюде. Біз ғарыш кеңістігіндегі соңғы жаңалықтар туралы астрофизик, Heriot-Watt университеті Ақтөбе кампусының аға-оқытушысы, PhD доктор Мұхағали Қаламбаймен сұхбаттастық.
– Қазір ғалымдар назары 3iAtlas кометасына ауды. Кейбір ғалымдар оны бөгде ғаламшарлық кеме болуы мүмкін деп болжайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– 3i/Atlas кометасының «Wow» эффектісіне ие болу себебі - Күн жүйесінен тыс, яғни Галактиканың басқа аймағынан келген нысан болып табылғандықтан. Бұл сондай тыс нысандардың бізге мәлім 3-шісі. Оның орбиталық траекториясы өте сығылыңғы, яғни гиперболалық орбитамен қозғалып жүр. Күнге жақындағанда бойындағы шаң-тозаңды бұлт қызып, өртеніп, жарық шығара бастады. Әрі оның пішіні де сығылыңқы сопақша болып келеді. Бәрінің назарына іліккен бұл кометадан Жерге ешқандай қауіп жоқ, ал өзінен шығарып жатқан радиосигнал - ол кез-келген дене шығаратын сигнал. Оған қоса, ғалымдар оның комета екенін және өзге ғаламшарлықтар емес екенін алға тартып дәлелдеп отыр.
– Қазір адамзат Марсқа, Айға қоныстану туралы жиі айтып жүр. Жалпы, жерден басқа планетада тіршілік етуге бола ма? Ғылым бұл жайлы не дәлелдеді?
– Қазір қысқа немесе ұзақ мерзімге Марсқа немесе Айға қоныстану мүмкін емес. Бірақ теориялық тұрғыда барлығы мүмкін. Дегенмен ол жақта радиация, энергия, мүлдем басқа қоршаған орта бар. Тамақтану да қиындық тудырады. Онымен қоса, гравитация бар. Айталық, Айда адам Жерге қарағанда өзін 10 есе жеңіл сезінеді. Ал Марста бұл көрсеткіш шамамен 3 есе. Демек, Марстағы адам өзін қазіргі күйінен жеңіл сезінеді. Бұл денсаулығына зиян. Сондықтан стратегия бойынша, ол жаққа роботтарды әртүрлі миссиямен жіберу қажет. Олар сол жақта пайдаланатын ресурстар, шипажай жасап қойса ғана адамның ол жақта тұруына мүмкіндік ашылады. Ал қазір адам Марсқа барғанымен, ештеңе жасай алмайды. Отарлауды бастап кетуге ешқандай мүмкіндігіміз жоқ.
– Жерге ұқсас планеталар жайлы не айтасыз?
– Жерге ұқсас ғаламшарларды бірнеше типке бөліп қарастырамыз. Атап айтсақ, радиусы, массасы, қатты қабығының болуы, ауа және goldilocks. Яғни, goldilocks дегеніміз «Алтыншаш» ертегісіндегідей. Жылудың не аз, не көп емес жеткілікті болуы. Ол планетада судың болуы міндетті. Қазіргі бақылауларға сүйенсек, Джеймс Уэбб телескобы жаңа планеталарды тауып жатыр. Оның ішінде жерге ұқсас ғаламшарлар да бар. Бірақ оларға ұшып баруға біздің өміріміз жетпейді. Олардың спектрін, биосигнатурасын зерттеген кезде саналы тіршіліктің бар екеніне дәлел жоқ. Бірақ қандай да бір газдардың бар екені теориялық түрде дәлелденіп жатыр. Сондықтан ол жақта тіршілік бар деп айта алмаймыз.
– Ғарышты зерттеуге жасанды интеллект қаншалықты үлес қоса алады және қай ел ғарышты зерттеуде алда?
– Жасанды интеллект астрономияда жақсы қолданылады. Тіпті, жасанды интеллектке керек супер компьютерді астрономияда бірінші қолданған. Ол дегеніміз, астрономиялық есептерді шығару үшін компьютерді бір-біріне паралельді жалғап, бір есепті бірнеше компьютер қосылып тезірек шығарған. Яғни, ақпаратты тезірек қорытуға болады. Қазір жасанды интеллект серверлі компьютерлермен құрылып, дамып жатыр. Астрономияда жасанды интеллект кең ауқымда қолданылады. Өйткені бір түннің өзінде қаншама жұлдыздан келетін суреттер, мәліметтер негізінде арнайы қор құрылады. Бір айда, бір жылда дәл осындай қаншама қор болатынын ойлап көріңізші. Мұның бәрі шикі мәліметтер. Оны өңдеу үшін бір механизмді мың рет істеуге тура келеді. Міне, осы жағдайды жасанды интеллектке бір рет көрсетіп, әрі қарай дайын талдауларға оңай қол жеткізуге болады. Big Data-ны ЖИ өте жақсы талдайды. Көптеген миссияны іздеуге, басқа ғаламшарларды қарауға, олардың біз көрмеген тұстарын байқайтын шығар деген үмітпен ЖИ пайдаланылып та жатыр. Аспан әлеміндегі жұлдыздардың «қайсысы жұлдыздық шоғырға жатады?» деген сұраққа жауап алу үшін біз де ЖИ-ді пайдаланып көрдік. Сол мақаламыз жарық көрді. Ал ғарыш әлемін зерттеуде Америка, Қытай, Еуропа, Үндістан елдері алда.
– Ғарышты зерттеу арқылы адамзат қандай жаңалық немесе өнертабыс ойлап тапты?
– Ғарышты зерттеу арқылы адамзат көптеген өнертабысқа қол жеткізді. NASA-ның сайтында адамзат қолданып жатқан осы технологиялардың тізімі тұр. Мысалы, олардың қатарында күнделікті қолданып жүрген GPS карта, навигатор бар. Бұл аспанға қарап, жұлдыздарды бақылау арқылы ашылған жаңалық. Қазір «геолокация жібердім. 2Гис қосып қой» деп жиі айтамыз. Мұның бәрі астрономиядан келген, адамзаттың өміріне сіңісіп кеткен жаңалықтар. Джеймс Уэбб телескобын шығару үшін айнаны нанометрлік деңгейге дейін тегістеу керек болды. Сол үшін лазерлі ажарлайтын (тегістейтін) арнайы технология ойлап табылды. Джеймс Уэбб өз дегеніне жеткеннен кейін қалған технология адам көзіне коррекция жасауға қолданылды. Одан бөлек, қарақұрдымдарды зерттеуге арналған технологиядан, WiFi ойлап табылды. Ол басқа сигналдарды шегеріп, керекті сигналды ғана алатын технологияның жемісі. Адамзат WiFi-ды белсенді қолданып жатыр. Онымен қоса, астрономияда біз қолымызбен ұстап, мұрнымызбен иіскеп көре алмағандықтан, суреттерге қарап анализ жасауды үйрендік. Сол әдіс-тәсілдер қазір медицинада қолданылады. Дәрігер әртүрлі суретті көріп, сол арқылы диагноз қоя алады. МРТ-ның өзі астрономиядан келген өнертабыс.
– Қазақтың аспанға қатысты байырғы түсініктері (Жетіқарақшы, Үркер, Темірқазық) қазіргі астрофизикамен қаншалықты сәйкес келеді?
– Түбегейлі сәйкес деп айта алмаймыз. Дегенмен ол кезде біздегідей дерекқорларды жинайтын қор болған жоқ. Қазақтар балаларына қызық болу үшін аспан әлемі туралы әртүрлі аңыз бен ертегіні ойдан шығарған. Олар астрофизикамен дәлелденген жоқ. Бірақ көшпенді халықтар аспанға қарап навигация жасаған. Баратын жағын да, уақытты да аспанға қарап анықтаған. Осылайша, көшпенді елдің аспанға деген қызығушылығы күнделікті өмірде пайдаға жараған. Аспан денелеріне, Айға қарап ауа райын да болжаған. Ай дегеніміз – жауын-шашынды, бұлттарды, былайша айтқанда, жер бетіндегі суларды айналдырып отыратын обьект. Сондықтан айдың туу түріне қарап, жорамал жасаған. Ал Темірқазық жұлдызы, шынымен де қазық сияқты бір орында тұрған жұлдыз. Солтүстік жарты шардағы жұлдыздың барлығы соны айналады. Сондықтан «Темірқазықтың» атауын қазақ біліп, даналықпен қойған. Басқа елдерде оны «полярная звезда, северняя полярная звезда, поляриссима» деп атап кеткен. Ал «Темірқазық» атауы тек қазақтарда ғана бар. «Жетіқарақшының» да атауы дәл қойылған. Бірақ ол үлкен аюдың жұлдыздарының қатарына жатады. Сондықтан көне атаудың бәрі мифтік емес. Бақылаумен, аспанды қараумен қойылған.
– Жерді астероидтардан қорғау жүйелері қандай, қауіп деңгейі қаншалықты?
– Астероидтарды тілсіз жау деп айтсақ болады. Өйткені біз кометаларды жерге жақындап келе жатқанда ғана бақылай аламыз. Ал алыстағы кометаны біз бірден бақылай алмаймыз. Ол қызып, ішінен жарық көрінгенде ғана бақылай аламыз. Ал суық, қара тас кезінде көрінбейді. Бірақ бізде табиғи қалқандар бар. Юпитер өзінің гравитациясымен тыс жақтан келе жатқан астероидтарды өзіне тартып алып немесе траекториясын өзгерте алады. Одан кейін Марс, Ай бар. Ең соңында Жер атмосферасы бар. Атмосфераға жүйелі түрде тастар кіріп отырады, олар аспанда жұлдыз сияқты жарқ етіп ағады. Бізде арнайы «Астероид күні» деген халықаралық ұйым бар. Ол жерде ғалымдар ғана емес, ғарыш әлеміне қызығатын қарапайым әуесқойлар да сол ұйымға мүше. Олар аспан ашық болған кезде ғарышты бақылап келе жатқан астероидты хабарлай алады. Одан өзіміз де қорғана аламыз. Мысалы, астероидқа зымыран жіберіп, оның траекториясын гравитациялық түрде ауыстырып жіберуге немесе лазермен атқылауға болады. Ең соңында ядролық қарумен атқылап, астероид атмосфераға кірмей жатып бөлшекке бөлуге болады. Сонда жерге қатты әсері тимейді. Міне, осындай қорғану тәсілдері бар. Дегенмен осы уақытқа дейін жерге қауіп төндірген астероид болған жоқ. Бұл қауіп бәрібір болғандықтан, барлық ел аспан әлемін бірігіп зерттеп, күнде ғарышты қарап отырғандар бар.
– Ғарыш әлеміне қатысты кино көп. Бірақ солардың қайсысы шындыққа жақын?
– «Аполлон-13», «Первый человек» фильмдері болған оқиға негізінде түсірілген. Арасына кішкене драма қосылғанымен, шынайылыққа жақын. Деректі фильм ретінде түсірілген. Марсианинде кейбір жағдайлар инженерлік тараптан дұрыс болып саналады. Ал «Интерстелларда» теориялық тұрғыдан кейбір сұрақтарға өте жақсы жауап берілген. Гравитация туралы түсініктемесі де жақсы. Бірақ фантастикалық гипотезалар бар. Сондықтан ол жерде теориялық тұрғыдағы ақпараттар басым.
– Ғарыш туризмі қазір дамып жатыр. Алдағы 20 жылда тағы қандай жаңалықтар болуы мүмкін?
– 20 жылдың ішінде ғарыш туризмі дамып кетеді деп айта алмаймын. Дегенмен қандай да бір ғарыш стансалар ұшырылуы, салынуы мүмкін. Немесе ғарышқа барып кішкене өмір сүріп келетін мүмкіндік болуы мүмкін. Айға ұшып баруымыз да мүмкін. Аспанда істен шығып қалған спутниктерді, ғарыштық қоқыстарды тазалауға мүмкіндік туатын шығар. Ғарышқа ұшырылған технологияларды барып, жөндеп келуге де жағдай жасалып қалар. Сондай дәрежеге жетпесек те, жақындауымыз мүмкін. Қауіпсіздік, реттеулер бойынша стандарттар қатаңдай түсері анық. Кез келген адам ғарышқа ұша бермей, жылына не 2-4 рет ғана адам ұшырылуы мүмкін. Мұның бәріне ұшып барып, келетін құрылғылар жеткілікті бола ма? Құр бекер ысырапшылдыққа соқпаса, экологиямызды бұзбаса болды.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Көктем ҚАРҚЫН