Дастан Сәтпаевтың болашағына қатысты тың мәлімет тарады

Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұлдың айтуынша, Сәтпаев жас ерекшелігіне қарай жастар құрамасына толық сай келеді.

Алматының «Қайрат» клубының жас жұлдызы, 17 жастағы Дастан Сәтпаев келесі жылы Қазақстанның ересектер құрамасына шақырту алмауы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Талантты ойыншының 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстанның U-19 жастар құрамасында өнер көрсетуі оның ұлттық құрама сапындағы болашағына әсер етуі ықтимал басты себептердің бірі.

Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық құрамалар департаментінің менеджері Рахат Әкімқұлдың айтуынша, Сәтпаев жас ерекшелігіне қарай жастар құрамасына толық сай келеді. Оның тәжірибесі мен шеберлігі алда тұрған шешуші матчтарда зор пайдасын тигізе алады.

«Дастан Сәтпаев U-19 құрамасында ойнай алады. Егер жастар құрамасының бапкерлері ұлттық құраманың жаттықтырушыларымен келісімге келсе, оны шақыру мүмкіндігі бар. Себебі, ол 2008 жылы туған. Наурыз айында ол ұлттық құраманың сапында FIFA Series аясында өтетін жолдастық кездесулерге қатысады. Егер бапкерлер оны жолдастық емес, элиталық іріктеу матчтарына қосуды жөн деп тапса, бұл нұсқа да қарастырылуы мүмкін», – деді  Әкімқұл ҚФФ президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрманға берген сұхбатында.

Айта кетейік, Қазақстанның U-19 құрамасы 2026 жылғы Еуропа чемпионатының элиталық іріктеу кезеңінде 5-топқа түсті. Біздің қарсыластарымыз Украина, Румыния және Солтүстік Ирландия.

УЕФА шешімі бойынша, топтық кезеңнің барлық ойындары 2026 жылдың 25-31 наурызы аралығында Румынияда өтеді.