Киберспорт шариғатта рұқсат па? ҚМДБ ресми түсіндірме берді

Дерек ҚМДБ ресми сайтында жарияланды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы киберспортқа қатысты арнайы шариғи үкім шығарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

ҚМДБ ресми сайтында жарияланған мәліметке сәйкес, үкімде киберспорттың өзі шариғатта тыйым салынған іс ретінде қарастырылмайтыны, алайда бірқатар нақты шарттар сақталуы тиіс екені айтылған. Атап айтқанда, компьютерлік ойындар құлшылыққа кедергі келтірмеуі, ислам сеніміне қайшы мазмұнды қамтымауы және адамның психикасы мен болмысына зиян тигізбеуі қажет. Сонымен қатар, ойын білім алуға, еңбек етуге, отбасылық міндеттерді орындауға тосқауыл болмауы тиіс.

ҚМДБ үкімінде құмар элементіне ерекше назар аударылған. Қатысушылар өзара ақша тігіп, жеңген тарап жүлде алатын болса, бұл шариғаттағы құмар ойынға жатады және тыйым салынады. Ал жүлдені демеуші немесе үшінші тарап ұсынған жағдайда, мұндай киберспорт жарысына рұқсат етіледі.

Сондай-ақ азғындыққа, зорлық-зомбылыққа, адам өлтіруді немесе қылмысты насихаттауға, балағат сөздерге негізделген ойындардан аулақ болу керектігі көрсетілген. Уақытты толықтай ойынға жұмсау да дұрыс емес деп бағаланған.

Қорытындысында ҚМДБ: киберспорт құлшылыққа, өмірлік міндеттерге кедергі келтірмесе, құмар мен өзге де шариғатқа қайшы элементтерді қамтымаса — рұқсат етіледі деген шешім шығарған.