Осы ойлардың тереңіне батып, қызыл шырақта ұзағырақ тұрып қалдым. Жұмыстан кештеу шықсам да, қалада әлі кептеліс. Кенет телефон безектей жөнелді. Бейтаныс нөмір. Көтеріп едім, таныс дауыс саңқылдап:
– Еркебұлан бауырым, хал қалай? Отбасың аман-есен бе? Мені таныдың ба? – деп бастырмалата жөнелді.
Мен де таныған кісідей амандасып жатырмын.
– Торғайдан кеше келгем. Балалар Астанада оқып, жұмыс істеп жатыр. Бір жағы солардың халін білейін деп, сосын соғым сойып ала келіп едім. Ертең қайтам.
Сонда барып жыға таныдым – ауылдағы 69 жылғы ағамыз. Елге сыйлы азамат. Жас кезінде жақсы оқығанын, мақалалары беделді газет-журналдарға шығып, ел аузына іліне бастағанда Алматыға қош айтып, Торғайға қайтып келіпті дейтін. «Үйдің кенжесі болған соң әке-шешесіне қолғабыс еткелі арманынан бас тартты» деп отыратын әкем. Әу баста мектепте мұғалім болып, кейін оны да тастап, жылқы бағып кеткенін білем. Бірақ қашан көрсең Қостанайдан, Алматыдан кітап алдырып оқып жүретін.
– Уақытың болса кездесейік, – деді.
– Әрине, үйге жүріңіз, қонақ болыңыз. Қай жерге түстіңіз? Айтсаңыз, алып кетейін, – деп жатырмын.
– Жоқ, кеш болып кетті. Келінді әуреге салма. Одан да маған кел. Бір жерден шай ішейік.
ЕҰУ жақтағы бір кафеде күтетін болды. Мен жеткенше де бірқыдыру уақыт өтті. Еңгезердей, сұсты кісі еді. Қапсыра құшақтап, жылы ұшырай амандасты.
– Үйден шықпай жатып торғайлықтарды көрсем қарадай қуанатын болдым, – деп аман-саулықтан соң бір күліп алды.
Болмысы таза ауылдың кісілері-ай, шіркін, бір адамның өзі рулы елдей болып ортаңды толтырады. Өңірінен даланың аңқылдақ лебі, дарқандығы мен паңдығы есіп тұрады.
– Аға, қош келіпсіз. Үйге жүріңіз десем, көнбедіңіз. Бұйымтайыңызды айта отырыңыз, – дедім не деп сөз бастаудың қисынын таппай.
Бұл сөзіме шамданып қалғанын күреңіткен жүзінен аңғардым.
– Сенің Астанаға келгеніңе қанша уақыт болды? – деді сынай қарап.
– Мектеп бітірген беті келдім. Міне, 25 жылға аяқ басты.
– Бәсе, – деді сәл ойланып. – Әбден қалаласып кетіпсіңдер. Оларың да жөн. Бірақ ауылдан кіндіктеріңді үзбеңдер. Адам бұйымтайды аттанарда сұрамай ма? – деді ұрысқандай болып.
Ағаның уәжіне қысылып, сөз таппай қалдым. Осы күйімді аңғарғандай:
– Бірақ жастарға өкпе жоқ. Қызметтерің қарбалас, уақыттарың тапшы. Бұрынғыдай жата-жастанып әңгіме айтып отыратын заман қайда? Әр минутты есептеп, нақты іспен жұмыс істеп үйренгенсіңдер ғой, – деді қайта жұмсарып.
– Бәрін бағамдап отырсыз. Кештетіп хабарласқанға тағатсызданып, келе салып сұрап жатқан жайым.
– Жөн-ақ. Жас ұлғайған сайын қалада бір күн де тұра алмайтын халге жетіппіз. Былтыр заманның жаңалығынан қалыс қалмайын деп Facebook дегенді ашқанмын. Бір-бірімен жаға жыртысып, бет тырнасып отыратын адам аз емес көрінеді. Бірақ өздерің сияқты азаматтардың не істеп, не қойып жүргенінен хабар алып отырасың. Сенің парақшаңа қарасам, бірде айтыс пен бәйгеде, бірде мұғалім мен дәрігердің жанында жүресің. Жақында әкім біткенді жинап, жиын өткізіпсіңдер. Президент қатысыпты. Сонда сен партияда жұмыс істейсің бе?
Бұл сөзінен «AMANAT» партиясының «Мұғалім Talks» кейс-платформасы мен «Дәрігер Talks» диалог алаңын және Ауыл әкімдерінің диалог-платформасын айтып отырғанын біліп ішім жылып қалды.
– Иә, біраз жыл болды, «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында жұмыс істеймін. Бәрін қалт жібермей қарап отырады екенсіз ғой.
– Қандай қызметтесің?
– Саяси жұмыс департаментінің директорымын.
– Оң болсын! Жас қаламгерлерді марапаттапсыңдар. Жаңа үйде жатып соны көзім шалып қалды да, өзіңмен бір әңгімелесейінші деп қоңырау шалған жайым осы.
Партиямыздың жұмысын көріп-біліп отырғанына қуанып қалдым. Бар уақытыңды, ынта-жігеріңді арнап істеп жатқан ісің жайлы біреуден жақсы сөз естігеннен артық бақыт бар ма?
– Рақмет, хабарласқаныңызға. Бізде «Ұлттық мұра» партиялық жобасы бар. Соның аясында «Ұлы дала» әдеби байқауы өтіп келеді. Жас ақын-жазушыларды қолдау мақсатында партиямыз, оның ішінде біздің департамент ұйымдастырады. Биыл алтыншы мәрте өткіздік. Осы уақыт ішінде 100-ден астам қаламгер жеңімпаз атанды, – деп өзіме етене таныс жұмыс жайын баяндай жөнелдім. Керек десе кім қай жылы жүлдегер атанды, қандай шығарма жазды – бәрін айтып беруге әзір едім.
– Қомақты қаржылай сыйлық та алыпты. Дұрыс. Қаламгерлерге құрмет көрсеткендерің орынды. Мына бізді әке-шешемізден кейін әдебиет тәрбиеледі. Бір жаңа кітап жарық көрсек, оқығанша елегізіп ұйықтай алмайтынбыз. Сенің әкең Бөлтірік ағадан да талай кітап алып оқығам. Кітаппен дос болған елдің барлық қисығы түзелер еді ғой.
– Иә, сізді кітапты көп оқиды деп еститінмін.
– Біздікі қанға сіңген дағды. Одақ қиыраған жылы басқалар сияқты кітап та далада қалды. Ел кітапханаларды бұзып, кірпіші мен ағашын талап кетті. Бірақ кітапқа ешкім қарамады. Сол кезде шама жеткенше тірнектеп жинағам. Тәуелсіздік алғанымызға бөркімізді аспанға атып қуандық. Алғашқы елең-алаң жылдар шынымен де елге ауыр тиді. Нан түгіл сабын сияқты ұсақ-түйекті таппай сабылдық. Ол кезде сендер ойын баласы едіңдер. Халық қара қазан, сары баланың қамын ғана ойлады. Енді өткенге көз салсам, сөйтіп жүріп рухани кедейлікке кіріптар болыппыз. Соның зардабын қазір тартып жатқан жоқпыз ба?
– Сол олқылықтар ақырындап қалпына келіп жатыр, аға. Партияда республикалық және өңірлік сайлауалды бағдарлама деген болатынын білесіз. Ал оны іске асыруға арналған Жол картада көптеген мәдени нысандарды салу, жөндеу жұмыстары қарастырылған. Оның орындалу барысына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Соның нәтижесінде, кітапханалар саны күннен күнге артып келеді. Жаңылмасам, қазір елімізде 3 900-ге жуық қоғамдық кітапхана жұмыс істейді.
– Еркебұлан, одан хабарым бар. Көріп те жүрміз. Тәубе дейміз. Бірақ барды жоғалтып, жоғалғанды қайта қалпына келтіргеннен гөрі барды бағалап, оны еселей түссе қандай бақыт, – деп ары қарай әңгімесін жалғастырды. – Көзді тарс жұмып, бәрін теріске шығара беруге де болмайды. Менің білетінім, соңғы 2-3 жылда біздің Жангелдин ауданында 170 шақырымнан астам жол жөнделді. Президент Торғай туралы бір-екі рет айтып, күре жол ауылды басып өтеді деп қуанып жатырмыз.
– Сіз айтқан сол 170 шақырымдық жол біздің партияның сайлауалды бағдарламасы аясында қаржы бөлініп салынды. Одан бөлек, 16 мектеп заман талабына сай жаңғыртылып, 1 100-ден астам жаңа жұмыс орны құрылды. Айта берсек, бір ғана Жангелдин ауданында жаңалық көп. Бірақ бұл аудандағы барлық мәселе толыққанды шешілді деген сөз емес. Қызыл сөз бен қысыр уәдеден елдің бәрі жалыққан. Нақты іс керек, әрине.
– Енді-енді сендердің жұмыстарыңды түсініп келе жатқандаймын, – деді ол кісі ықыластана тыңдап. – Басқа ауылдардың хал-күйі қалай екенін білмедім. Ауыл адамдарына қаржылық тұрғыдан қолдау көрсетіле ме?
– Әрине, Үкіметпен бірлесіп атқаратын «Ауыл аманаты» деген жоба бар.
– «Ауыл аманаты» сендердікі ме? – деді бетіме таңғала қарап.
– Иә, 2023 жылы қолға алынған. Ауыл тұрғындарын қолдаудағы ең басты жобалардың біріне айналды. 3 жылдың ішінде 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 18 мыңнан аса микрокредит беріліпті.
– Қайдан білейік, бізге бәрін әкім істейтіндей көрінеді, – деп күлді де осы жобаның игілігін көріп отырған екі адамды айтты. Оларды мен де таниды екем. – Ауылда тұратын бізде не арман бар? Жұмыс табылса, жол түзеліп, инфрақұрылым дамыса – кімге алақан жаямыз? Онда ешкім көшіп те кетпейтін еді. Қазір малды машақатына шыдаған ғана бағады. Ауылдағы ағайынға жер жетпейді. Көбін байшыкештер иемденіп алған. Бос жер жоқ емес бар. Бірақ пайдаланайын десең иесі шыға келеді, не өзі игілігін көрмейді. Соларға тоқтау салатын күн бола ма?
Шай суып қалыпты, тамақ та желінбепті. Шайын еселеп құйып:
– Әңгімеге айналып отырып тамақ ішуді ұмытып кетіппіз. Шай алыңыз. Сіздің сұрақтың бәрі «АМАNАТ»-тың істеп жатқан жұмысы төңірегінде болып кеткен сияқты, – деп күлдім. – Жоқ әлде партияның жұмысы барлық сауалға жауап бере ме, білмеймін. Айтып отырғаныңыздың бәрі рас. Құнанбай сұлтан кезінде: «Адам өседі, мал өседі. Жер өспейді» деген екен. Заңсыз жеке меншікке өткен, пайдаланбай жатқан жер аз емес. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, партия жанынан «Жер аманаты» республикалық комиссиясы құрылды. Содан бері 14 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.
– Айтпақшы, – деді оқыс тіл қатып, – Биыл Жолдауында осы жайлы Президент айтты, иә? Бірақ көп көңіл аудара бермейміз осы. Қайтарылған жерді бөліп бергенде баяғыдай таныс-тамырлық шешіп кетпесе болды.
– Жоқ, оның өз тәртібі, шарттары бар. Конкурспен беріледі. Дәл осы «Жер аманаты» комиссиясымен біздің департамент айналысады. Сіздің айтып отырған күдігіңіз орынды. Қазіргі цифрлық дәуірде бәрі ашық. Қайтарылған жерлер жайлы ақпаратты қолжетімді ету үшін арнайы сайт іске қосылды. Сол жерден бәрін бақылап отырсаңыз болады, – деп jerkarta.gharysh.kz геосервисті ашып, қай өңірлерден қанша жер қайтарылып жатқанын көрсеттім.
Көріп шыққан соң риза болғандай басын изеді. Ендігі әңгіме жылқыға ауысты.
– Жылқыға қатысты кез келген жоба маған ұнайтынын білетін шығарсың. Арқалыққа барып марапаттауына да қатыстым. Екі-үш жыл болды-ау басталғанына. Былтыр Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өткенде арнайы келіп көрген едім. Қанымыз қызып, арқаланып жүреміз ғой қарадай. Жылқы деген – рух. Қазіргі жастар соның қадірін біле ме? Атқұмар болып өскен баланың жаманын көргем жоқ. Жылқыны көбірек дәріптеу керек. Маған салсаң, жылқы жайлы таңды таңға жалғап айтудан жалықпаймын.
– «Ұлы дала жорығы» осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысының қолдауымен басталды. Торғайдағы бәйгені қосқанда алтыншы мәрте өтті. Аз уақыт ішінде әлемге танымал халықаралық жарыс деңгейіне көтеріліп келеді. Міне, 3 жыл бойы «АМАNАТ» партиясы қолдап, ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып келеді. Соның бәрінде, былайша айтқанда, көзге көрінбейтін қара жұмысында жүреміз біз. Одан бөлек, айтысқа да партия жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатыр. Сол үлкен тойға Мәжіліс Спикері, партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы қатысты. Біз екі-үш күн бұрын барып жұмысқа кірісіп кеткенбіз. Сізбен дәл сол қарбалас кезде кездесіп қалдық.
– Жөн, жөн. Әрине, мемлекет құру мәдениет пен өнерден ғана тұрмайды. Экономика, ғылым-білім, заң мен тәртіп дейсің бе, бәр-бәрі – қастерлі Отанның шаңырағын нық ұстайтын уықтар. Міне, ел ағасы жасына келіппіз. Азды-көпті көрген-түйгеніміз бар. Сонда көзім жеткені – кітапты көп оқитын, ғылым мен білімді бірінші орынға қоятын елдің көші артта қалмайды екен.
Міне, ол кісімен қоштасып, үйге келе жатырмын. Жыл соңы болған соң қаланың абыр-сабыры әлі басылмапты. Мыңдаған азаматтың адал ниет, шын пейілмен істеген ісі – бүгінгі өмірімізді құрап тұр. «АМАNАТ» партиясы қазір 16 партиялық жобаны іске асырып жатыр. Әр жоба – қоғамдағы әртүрлі сұраққа жауап береді. Оның артында мыңдаған азаматтың мүддесі жатыр.
Еркебұлан ЖАУЛЫБАЙ,
«АМАNАТ» партиясы Саяси жұмыс
департаментінің директоры