Республикалық ономастика комиссиясы Атырау халықаралық әуежайына аты аңызға айналған ұшқыш, Қазақстанның Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл мәселені алғаш рет «Айқын» газеті көтерген болатын. Игі бастама 8 жылдан кейін жүзеге асты. 2012 жылы Ономастика туралы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілуіне байланысты нысандарға адам атын беруге мораторий жарияланды. Бірақ Т.Қалимова жетекшілік ететін Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру жөніндегі бастамашыл топтың жұмысы тоқтаған емес.
«Мораторий мерзімі аяқталғанға дейін құзырлы орындарға ресми хаттар жолдадық. Х.Доспанованың барлық жеке құжатын мұрағаттардан жинақтадық. 2012 жылы бір топ атыраулық журналистердің ұсынысымен Air Astana әуекомпаниясы тұңғыш жекеменшік ұшағының алғашқысына, яғни «Эмбраэр» ұшағына Хиуаз Доспанова есімін берді. Air Astana компаниясы осы дәстүрді жалғастырып қазақтың атақты әйел тұлғалары – Зере әже, күйші Дина Нұрпейісова, әнші Роза Бағланова, қазақтың батыр қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, композитор Ғазиза Жұбанова, актриса Әмина Өмірзақова есімдерін «Эйрбас» ұшақтарына жазды», – дейді бастамашы топтың жетекшісі.Былтыр қанды қасаптан аман шыққан қайсар қыз, штурман-ұшқыш Хиуаз Доспановаға Атырау жұрты еңселі ескерткіш орнатты. Атырау халықаралық әуежайының алдында бой көтерген ескерткіш те туған топырағының қанатты қызына құрметі. Ал енді сол әуежай Хиуаздың есімімен аталады.
Нарғыз ҒАБДУЛЛИНА